1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Балқаш ауданында да мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәдениет үйінің алдында «Балалық шақ – бақытты әлем мекені» тақырыбында концерттік бағдарлама ұсынылды.
Балалар түрлі спорттық жарыстар мен шығармашылық байқауда өнерлерін ортаға салды. Асфальт бетіне түрлі-түсті бормен сурет салу, садақ ату сияқты қызықты сайыстарға белсене қатысқан бүлдіршіндер сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының Балқаш аудандық филиалы мен Бақанас ауылдық округі әкімдігі тарапынан балаларға балмұздақ таратылды. Алаңда ұйымдастырылған жәрмеңке де мерекенің мәнін арттырды.

Бұдан кейін мерекелік бағдарлама «Мен бақытты баламын» атты концертпен жалғасты. Өнерлі өрендер ән айтып, мың бұрала би билеп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Салтанатты шара барысында сөз сөйлеген Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов балалардың бақытты балалық шағы мен сапалы білім алуы – мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

– Балаларды қорғау күні – тек мерекелік шара ғана емес, болашаққа бағыт беретін маңызды күн. Біздің ортақ міндетіміз – жас ұрпақтың бақытты өмір сүруіне жағдай жасау. Сондықтан бұл мейрам тек ойын-сауықпен шектелмей, балалар мәселесіне ерекше назар аударуға үндейді, – деді ол.
Аудан басшысы 2025-2026 оқу жылында 21 білім беру мекемесінде 4 975 оқушы білім алғанын, оның ішінде 346 түлек мектеп бітіргенін атап өтті. Сонымен қатар балабақша мен шағын орталықтарда 1782 бүлдіршін тәрбиеленіп жатқанын жеткізді.
Шара соңында балалар көтеріңкі көңіл күймен тарқасты. Олардың шат күлкісі мен бал-бұл жанған қуанышты жүздері мерекенің сәнін келтіріп, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Алтынай СЕЙІТКЕН
Балқаш ауданы

