Перейти к содержимому
Главная страница » Мереке веложарыстан басталды

Мереке веложарыстан басталды

Халықаралық балаларды қорғау күні Қонаев қаласында кең көлемде аталып өтті. Мерекелік шара орталық алаңдағы жас спортшылар арасындағы веложарыстан бастау алды. Жарыс жолына шыққан велошабандоздар 5-6, 6-10, 10-13 жас аралығы бойынша үш топқа бөлініп сынға түсті.  Аталған үш санат бойынша ұлдар мен қыздар арасындағы жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар мен велосипедтер табысталды.

Мерекелік шара одан әрі Бердібек Соқпақбаев атындағы орталық саябақта  әлеуметтік қорғау және білім  бөлімдері ұйымдастырған концерттік бағдарламаға жалғасты. Қала әкімі Асхат Бердіханов жиналған қауымды  мерекемен құттықтап, өнерде, спортта, білім бәйгелерінде жетістікке жеткен  балаларды марапаттады.

Саябақ аумағында «Ауыл» партиясының облыстық филиалы тарапынан  мерекелік шара ұйымдастырылды. Балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында аниматорлар түрлі ойындар өткізді. Шараға қатысқан балаларға партия филиалының қызметкерлері  балмұздақ таратты. Сонымен қатар  ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Ауыл нақыштары» тақырыбында  фотобайқау көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде «Бақытты балалық шақты» бейнелейтін үздік фотожұмыстар көпшілік назарына ұсынылды. «Ауыл» партиясының Алматы облыстық филиалының төрағасы Қанат Бекеев  алдағы уақытта да жас ұрпақты қолдауға бағытталған әлеуметтік-мәдени шараларды тұрақты түрде жалғастыра беретінін айтты.

Мерекелік шара қалалық Мәдениет үйі сахнасында қойылған «Машина времени» спектаклімен мәресіне жетті.

Шара барысында Семей ядролық полигонының  жабылғанына  35 жыл және Қонаев қалалық «Семей ядролық сынағынан жапа шеккендер» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 5 жыл толуына арналған   мектеп  оқушылары арасындағы «Семей полигоны: оқушылар көзімен» атты сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бас жүлдені Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектебінің 11«Ә» сынып оқушысы Кәмилә Асанқызы жеңіп алды.  

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

Қонаев қаласы