Халықаралық балаларды қорғау күні – бала күлкісі мен шаттығының мерекесі. Бұл күн ерекше қамқорлық пен қолдауды қажет ететін балалар үшін тіпті маңызды. Осындай ізгі мақсатта Іле ауданының Өтеген батыр ауылында орналасқан «№6 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде ерекше мерекелік шара ұйымдастырылды.
Іс-шара «AMANAT» партиясы Іле аудандық филиалының ұйымдастыруымен партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында өтті. Мерекелік шараға ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар, олардың ата-аналары, мекеме қызметкерлері мен қоғам белсенділері қатысты. Сонымен қатар, шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына Іле аудандық Жастар ресурстық орталығының мамандары да атсалысып, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлауға өз үлестерін қосты.
Мереке қарсаңында балаларға тәтті сыйлықтар таратылып, көтеріңкі көңіл-күй сыйланды. Игі іске демеушілік көрсеткен кәсіпорындар мен серіктестер де белсенді атсалысты. Атап айтқанда, «Шин-Лайн» компаниясы 300 балмұздақ, «Danone» компаниясы балаларға арналған 300 дана түрлі йогурт өнімдерін ұсынды. Сонымен қатар, «Макси Чай» және «Galanz Bottlers» компаниялары да балаларға арналған тәтті сусындар мен өнімдер беріп, мерекелік шараның мазмұнын арттыра түсті
Шара барысында балаларға түрлі сыйлықтар табысталып, мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Балалардың жүзіндегі қуаныш пен шынайы күлкі бұл күннің басты сыйына айналды.
Жиын барысында сөз сөйлеген «AMANAT» партиясы Іле аудандық филиалының төрағасы Алмасбек Сатибаев балалардың қоғамдағы орны мен мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау туралы атап өтті.
– Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел тірегі. Балалардың жарқын болашағы – мемлекетіміздің басты құндылықтарының бірі. Сондықтан олардың сапалы білім алып, қоғамның толыққанды мүшесі болып қалыптасуына жағдай жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Сіздерге зор денсаулық, бақыт пен шаттық тілеймін. Әрқайсыңыздың жетістіктеріңіз біз үшін үлкен қуаныш, – деді ол.
Шара барысында ата-аналар да ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Өтеген батыр ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Сымбат Үмбеталиева баласын осы мекемеге үш айдан бері әкеліп жүргенін айтып, мамандардың еңбегіне ерекше ризашылығын білдірді.
– Балам бұл орталыққа келгенге дейін бірде-бір сөз айтпайтын. Осындағы мамандардың тынымсыз еңбегінің арқасында небәрі үш айдың ішінде «мама», «папа» деген алғашқы сөздерін айта бастады. Бұл біз үшін үлкен қуаныш болды. Баланың кішкентай ғана жетістігінің өзі ата-ана үшін баға жетпес бақыт екені белгілі. Сондықтан осы орталықтың мамандарына алғысым шексіз. Бүгінгі мерекеде балаларымыз ерекше қуанып қалды. Осындай қамқорлық көрсетіп жатқан «AMANAT» партиясына, демеушілерге және орталық ұжымына ата-аналар атынан үлкен рақмет айтқым келеді. Осындай балаларға тегін әрі сапалы көмек көрсететін орталықтардың саны көбейе берсе екен деген тілегім бар, – деді көпбалалы ана.
Ал ата-ана Қамелбек Тоқтаған да орталықтың жұмысына оң бағасын беріп, мұндағы мамандардың еңбегі балалардың дамуына айтарлықтай ықпал етіп жатқанын атап өтті.
– Балам осы кабинетке бес айдан бері келіп жүр. Осы уақыт ішінде бойындағы көптеген оң өзгерістерді байқай бастадық. Мамандар әр баламен жеке жұмыс жүргізіп, олардың қабілеттерін ашуға бар күш-жігерін салады. Біз үшін баланың жаңа дағдыны меңгеруі, айналасымен қарым-қатынас жасауы немесе кішкентай ғана жетістігі – үлкен қуаныш. Сондықтан мұндай мекемелер ата-аналарға үлкен сенім мен үміт сыйлайды. Бүгінгі мерекелік шара да балаларымызға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ерекше әсер қалдырды. Осындай игі іске мұрындық болған ұйымдастырушыларға, демеушілерге және орталық ұжымына шынайы алғысымды білдіремін, – деді ол.
Айта кету керек, «№6 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Алматы облысы әкімдігінің 2019 жылғы 13 қарашадағы №506 қаулысы негізінде құрылған. Мекеме «Байсат» ЖШС мен «Дара» жеке қорының қолдауымен ашылып, бүгінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға кешенді көмек көрсетіп келеді.
