Перейти к содержимому
Главная страница » Балалар әлемінің бағбаны

Балалар әлемінің бағбаны

Биыл қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, журналист Мұхаметжан Етекбаевтың туғанына – 90 жыл. Осыған орай жазушының туған жері – Жамбыл ауданының Қарақыстақ ауылында «Бала көңіл жазушы» атты еске алу кеші өтті.

Ауылдық Мәдениет үйінде өткен шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, журналистер, ардагерлер, мәдениет қызметкерлері, тұрғындар мен жазушының туған-туыстары қатысты. Кеш барысында қазақ балалар әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан Мұхаметжан Етекбаевтың өмір жолы мен шығармашылық мұрасы кеңінен насихатталды. Арнайы дайындалған бейнематериалда қарымды қаламгердің журналистика мен әдебиет саласындағы елеулі еңбегі, жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі мазмұнды баяндалды. Көпшілік алдында сөз сөйлегендер жазушы шығармаларының тәрбиелік мәніне терең үңіліп, туындыларының талай буынның жүрегінен орын алғанын ерекше атап өтті. Жеке өмірінен қызықты естеліктер айтылды.

Салтанатты сәтте аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Нұрбүбі Әшекеева Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертастың осы кешке арнайы жолдаған лебізін жеткізді. Жазушының артында қалған жары Хазима Қожақанқызына қазақы дәстүрмен сый-құрмет көрсетілді. Мұхаметжан Етекбаевпен қызметтес болған, қаламгердің көзін көрген зиялы қауым өкілдері мен арнайы шақырылған қонақтар өз естеліктерімен бөлісті. Бұл орайда Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, ақын Өмірбай Өмірзақ, Алматы облысының Құрметті азаматы, жазушы, Қазақстанның Құрметті журналисі Күмісжан Байжан, білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ақлима Көсемова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист-жазушы Рәтбек Терлікбаев, белгілі суретші Әуелбек Ысқақов және басқалар лебіз білдірді.

Сөз алғандар қаламгердің адамгершілік болмысы, шығармашылық ізденісі мен қазақ әдебиетіндегі қолтаңбасы төңірегінде тағылымды ой- пікірлерін ортаға салды. «Балалар әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Мұхаметжан Етекбаевты туған жері мақтан етеді. Жазушының рухани мұрасы мен өнегелі өмір жолы ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болып қала береді», – деді олар. Кеш қонақтары Мәдениет үйінің жанындағы Мұхаметжан Етекбаев кабинетіне бас сұғып, ішін аралап көрді. Соңынан

көрермен назарына шағын концерттік бағдарлама ұсынылып, Қарақыстақ ауылдық Мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы