Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Нұргүл Тау, Нұрлан Әуесбаев және Айман Мүсірәлімова Талғар ауданында жұмыс сапарымен болды. Мәжілісмендер бірнеше мектептің жұмысымен танысып, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Олармен бірге Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев, облыстық білім басқармасы басшысының бірінші орынбасары Ақмарал Әтенбекова еріп жүрді.
Депутаттар ең алдымен Кеңдала ауылындағы № 42 орта мектепке келді. Оларды мектеп директоры Қуан Айтбаев қарсы алып, мұнда 1500 бала үш ауысымда оқитынын, оларға 152 педагог сабақ беретінін жеткізді. Мектепте шеберхана, спорт залы, 120 орынды асхана, аумағы 62 шаршы метр болатын кітапхана бар. Оқу орны компьютерлер және интерактивті тақталармен жабдықталған.
Кездесуге қатысқан аудан басшысы Таңат Айдарбеков депутаттардың үш ауысымды білім беру мәселесін шешу туралы сұрақтарына жауап бере отырып, жаңа мектептің құрылысына 5 гектар жер бөлінгенін, тіпті 900 орынды мектептің жобалау-сметалық құжаттары да әзірленгенін, бірақ қаржы бөлу – күн тәртібіндегі басты мәселе болып тұрғанын айтты.
Өз кезегінде Ақмарал Әтенбекова мәжілісмендердің сұрақтарына нақты жауап берді. Оның айтуынша, облыс бойынша «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында жоспарланған 53 мектептің 26-сы пайдалануға берілген. Соның ішінде Талғар ауданында 7 үш ауысымды мектептің 6-уы осы бағдарлама аясында салынған. Қазіргі уақытта облыс бойынша тек 9 мектептің құрылысына ғана қаржы бөлінген. Енді үш ауысымда оқытатын Кеңдала ауылындағы осы жалғыз мектеп қалған.
Бұдан соң депутаттар Талғар қаласындағы № 4 мектеп-лицейіне атбасын бұрды. Білім шаңырағының директоры Назым Сапақова мектеп 1936 жылы 480 оқушыға арналып салынғанын, бүгінде 655 оқушы екі ауысымда оқитынын айтты. Оқушыларға сапалы білім беру үшін мұнда барлық қажетті жағдай жасалған. Мұнда кітапхана, 2 зертхана, 16 сынып бөлмесі, 1 информатика кабинеті, 1 компьютерлік сынып бар. Мектептің бірінші қабатында екі бөлмеден тұратын медициналық кабинет орналасқан. Оқу ошағында 52 мұғалім сабақ береді.
Сапар соңында депутаттар Қайнар ауылдық округіне қарасты Жаңалық ауылындағы №27 мектептің жұмысымен танысты. Ол өткен жылы ғана «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында пайдалануға берілген. Мектеп директоры Данияр Аманжоловтың айтуынша, мұнда оқушылардың жалпы саны 1520 бала. Оқыту қазақ тілінде, екі ауысымда жүргізіледі. Ұжымда 114 педагог бар. Олардың 91,2%-ы немесе 104-і жоғары білімді, 10 педагогтің орта арнайы білімі бар. Бұл – ұжымның жоғары кәсіби әлеуетін көрсетеді. Жақсы жабдықталуының арқасында оқушылардың білім сапасы да жоғары. Мектеп әрбір оқушының жан-жақты дамуына жағдай жасап отыр.
Депутаттар мектептің қызметімен жан-жақты танысып, оқу процесінің жоғары деңгейде екеніне көз жеткізді. Сапар барысында көтерілген сұрақтар мен түйткілді мәселелерді шешуді назарларында ұстайтындықтарын айтты.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы
