Перейти к содержимому
Главная страница » Qyzyl Book Art: Дала қазынасы» республикалық сурет байқауына өтінім қабылдау басталды

Qyzyl Book Art: Дала қазынасы» республикалық сурет байқауына өтінім қабылдау басталды

5 маусым — Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні жəне Қазақстандағы Эколог күніне орай елімізде мектеп оқушылары арасында «Qyzyl Book Art: Дала қазынасы» республикалық сурет байқауына өтінім қабылдау басталды. Байқау Қызыл кітапқа енген жануарлар мен өсімдіктер тақырыбына арналып, табиғатты қорғау мəселесіне балалар мен жасөспірімдердің назарын аударуды көздейді. Жобаны Креативті индустрияларды дамыту қоры ұйымдастырып отыр.

Байқауға Қазақстанның барлық өңірінен 1-11 (12) сынып оқушылары қатыса алады. Қатысушылар 1-4 сынып, 5-8 сынып жəне 9-11 (12) сынып оқушылары болып бөлінген үш жас санаты бойынша бақ сынайды. Қатысушы Қызыл кітапқа енген бір жануарды немесе өсімдікті таңдап, оның бейнесін өз шығармасында көркем түрде ұсынуы қажет. Жұмыс таңдалған өсімдік не жануардың табиғаттағы рөлін, ерекшелігін, мекен ету ортасын жəне оны сақтаудың маңызын көрсетуі тиіс. Суретпен бірге «Неліктен мен дəл осы түрді таңдадым жəне оның болашақ ұрпақ үшін маңызы қандай?» деген сұраққа жауап беретін 500 таңбаға дейінгі қысқаша эссе қоса ұсынылады. Заманауи, Street Аrt жəне эксперименталды бағыттардағы жұмыстар қабылданады. Байқауға қатысу үшін оқушы немесе оның заңды өкілі жұмысты Instagram, TikTok, Facebook, Threads немесе X əлеуметтік желілерінің бірінде жариялауы қажет. Жарияланымда қатысушы туралы ақпарат көрсетіліп, #DalaQazynasy жəне #QazaqCreative
хэштегтері,
сондай-ақ
@qazaqcreative парақшасы белгіленуі тиіс. Одан кейін қатысушы https://forms.gle/Atqq7GBK8btzmovD7 сілтемесі арқылы өтінім толтырып, суреттің файлын, эссені жəне əлеуметтік желідегі жарияланымға сілтемені жолдайды. Өтінім қабылдау 2026 жылғы 5 маусым мен 27 шілде аралығында жүргізіледі. Жұмыстарды кəсіби суретшілер, иллюстраторлар мен салалық мамандардан құралған сарапшылар комиссиясы бағалайды. Сонымен қатар «Халық таңдауы» номинациясы бойынша ашық онлайн дауыс беру ұйымдастырылады. Сондай-ақ «Үздік экологиялық үндеу», «Үздік көркем шешім», «Үздік цифрлық туынды», «Ең жас талант» жəне «Халық таңдауы» арнайы номинациялары тағайындалған. Байқау қорытындысы бойынша үздік жұмыстардан Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарлар мен өсімдіктерге арналған «Qyzyl Book Art: Дала қазынасы» арт-кітабы жарық көреді, сондай-ақ ағартушылық жəне мəдени жобалар аясында таныстырылады