Еңбекшіқазақ ауданындағы Қаракемер, Ақши, Балтабай ауылдық округтерінде әкім сайлауы өтті.
Жергілікті тұрғындар саяси науқанға белсене қатысып, өз таңдауларын жасады. Нәтижесінде, 72,43 пайыз дауыс жинаған Нұржан Ақанов Қаракемер ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Сондай-ақ, округ тұрғындарының 62,87 пайыз дауысын жинаған Ерлік Тамашаев Ақши ауылдық округінің, ал 52,81 пайыз дауыс алған Сәуле Әліпова Балтабай ауылдық округінің әкімі қызметіне кірісті.
Жаңадан сайланған әкімдер өңір активіне таныстырылды. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Ержан Әмірденов оларға қызметтік куәліктерін табыстады. Аудан әкімі Алтай Досымбаев еліміздің тарихи жаңғыру кезеңінде өз міндетіне кіріскелі отырған округ әкімдерінің атқарар міндетінің жауаптылығын, олар қашанда жергілікті жұртшылықпен кеңесе отырып келелі іс атқару керектігін айтты.
Өз кезегінде округ әкімдері өздеріне үміт артқан тұрғындардың сенімінен шығатынын айтып, елдімекеннің өркендеуі жолында аянбай тер төгетіндерін жеткізді.
Ерзат Асыл