Перейти к содержимому
Главная страница » Қырғауылды ауылына мектеп салынады

Қырғауылды ауылына мектеп салынады

Осыдан бір апта бұрын аудан әкімі Жасұлан Естенов Райымбек ауылдық округінде жергілікті халықпен кездесіп, кезекті есептік кездесуін өткізді. Оған аудан прокуроры Аңсаған Данағұл, бірқатар бөлім мен мекеме басшылары қатысты. Ал бұл басқосу былтыр ғана күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген Абай ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектебінде өтті. Аудан басшысы алдымен аталған білім ошағының жағдайымен, сондай-ақ мектеп оқушыларының жетістіктерімен танысты.

Жиын барысында Жасұлан Тоққожаұлы әдеттегідей ауданның бүгінгі әлеуметтік-экономикалық жағдайына тоқталып, оның жай-жапсарын округ халқына баяндады. Оның ішінде, әрине, Райымбек ауылдық округінде атқарылған жұмыстар мен алда істелетін шаруалардың ретіне тоқталды.

Райымбек – Алматымен шекаралас жатқан аудандағы ауылдық округтердің бірі. Мұнда 50 мыңнан аса халық тұрады. Округ аумағында жеті ауыл мен 58 саяжай орналасқан.

Аудан көлемінде стратегиялық маңызы бар жүйе құраушы 7 кәсіпорын болса, соның бірі аталған ауылдық округте орналасқан. Ол – «Kagazy Recycling» ЖШС. Одан бөлек, бір ірі және 9 орта өндіріс орны жұмыс істейді. Олардың барлығы 1700-дей адамды жұмыспен қамтып отыр.

Ауылдың табысын арттыруды көздейтін «Ауыл аманаты» бағдарламасы да бұл ауылдық округ үшін тиімді бастамаға айналған. Нақты айтқанда, жалпы көлемі 52,8 млн теңгеге несие рәсімделіп, 6 жоба аталған бағдарламаның шапағатын көруде. Олардың ішінде бірнешеуі ірі қара мал алып, шаруашылықтарын дамытса, басқалары тігін цехын ашып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр.

Райымбек ауылдық округінде халыққа медициналық қызмет көрсету сапасы барынша назарға алынған. Осы уақытқа дейін округке қарасты бес ауылда дәрігерлік амбулатория бар болса, осы жылы тағы біреу қосылып, Абай ауылында 50 келушіге арналған медициналық орталық ашылды. Жаз айында аталған әлеуметтік нысанның кіреберісіндегі екі көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Бұл ауылдық округке қарасты Жаңатұрмыс ауылының осы уақытқа дейін басты мәселесі ауыз су жүйесі еді. Ел тілегі ескеріліп, аталған проблема біржақты шешілді. Енді алдағы уақытта Абай ауылының кәріз жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов бұл жиында жоғарыда атап өткен бірнеше салаға қатысты жұмыстарды айта келе, білім беру бағытына да айрықша тоқталды. Мәселен, Бұлақты ауылының халқы асыға күтіп жүрген жаңа мектептің жағдайы айтылды. Оған қатысты аталған елдімекеннің ақсақалдары да сөз қозғап, аудан басшысынан бұл ғимараттың сапалы аяқталуын қадағалауды сұрады. Жасұлан Тоққожаұлы өз сөзінде Президент тапсырмасымен салынып жатқан «Келешек мектебінің» құрылысы қазіргі уақытта толық аяқталғанымен, мердігер мекеме тарапынан әлі де ескеретін жайттар бар екенін түсіндірді. Айтуынша, ғимараттың барлық инфрақұрылымы реттелген. Тек қысқа мерзімде шешілетін ішкі жұмыстары ғана қалып тұр. Жоспар бойынша биылғы оқу жылына дейін пайдалануға беріледі.

Мектеп демекші, Қырғауылды елдімекеніне қажетті мектептің жағдайы да талқыға салынды. Ауыл тұрғынының естуінше, осыдан үш жыл бұрын газет беттерінен «Келешек мектебі» (бұрынғы «Жайлы») салынуы жайлы ақпараттан құлағдар болған. Енді оның неліктен жүзеге аспағанын сұрады. Аудан басшысы аталған мәселенің көтерілгені өте орынды екеніне тоқталып, аудан бойынша алдымен үш ауысымды оқыту мәселесін шешу керек болғандықтан, басымдық соған қарай таңдалғанын түсіндірді. Дегенмен Қырғауылды халқы үшін қуанышты жаңалық бәрібір орын алғалы тұр. Аудан әкімінің айтуынша, дәл осы елдімекенде мектеп салу үшін жер телімі белгіленіп қойған, тек қаржыландыру жағынан қолдау табылса, алдағы екі жылдың көлемінде жаңа білім ошағы бой көтереді.

Көшелердің жағдайына келер болсақ, биыл Бұлақтыда Желтоқсан, Аламан, Еламан, Елтай көшелері орташа жөндеуден өтеді. Сонымен қатар Қырғауылды ауылында Ақши, Алтай, Жарық, Рахат, Сәттілік көшелерінде орташа жөндеу, ал Шиен мен Жетісай көшелерін ағымдағы жөндеу жұмыстары күтіп тұр.

Аудан әкімінің баяндамасында басқа көшелерге қатысты ақпарат айтылмаған соң, аталған елдімекеннің тұрғындары Жаңа дәуір көшесінің жағдайын айтып, оны реттеп беруін сұрады. Ал аудан басшысы Жасұлан Естенов әзірге оған қаражат бөлінбегендіктен, оны келесі жылдың жоспарына енгізу мүмкіндігін қарастыратынын айтты.

Көшеге қатысты Абай ауылының тұрғындары да пікірлерін ортаға салып, Сейфуллин көшесінде асфальттың жоқтығына шағымданды. Жасұлан Тоққожаұлы оның жөнделуіне тиісті қаражат бөлінгенше, әзірге құм-тас төсеуге болатынын айтып, оған қатысты бөлім басшысы Жанат Шакировке тапсырма жүктеді.

Жиын барысында Бұлақты ауылына тағы бір мешіт салу жөнінде ұсыныс айтылды. Тұрғынның өтінішіне сүйенсек, құлшылық орнының құрылысын салу үшін жер телімі бар. Алайда оны пайдалану жөнінде мақсатын өзгерту қажет. Осыған қатысты ауылдың азаматы аудан әкімінен көмек сұрады. Ал Жасұлан Тоққожаұлы өз сөзінде аталмыш елдімекен мешіттің бар екенін ескеріп, тағы біреуін салу қисынға келмейтінін түсіндірді. Одан да сол жер телімін ел игілігіне жарайтын, әлеуметтік мекеме болып табылатын басқа нысан салу жөнінде ұсыныс білдірді. Аудан басшысының бұл ойын жиналған жұртшылықтың көбі қолдады.

Басқосу барысында басқа да әлеуметтік, инфрақұрылымға қатысты сұрақтар талқыланды. Аудан әкімі Жасұлан Естенов оның әрбіріне жеке-жеке тоқталып, нақты жауабын берді. Кейбір жайттарды округ әкімі мен тиісті бөлім басшыларына бақылауға алуын тапсырды.

Жиын соңында жақында ғана қызметке тағайындалған аудан прокуроры Аңсаған Жеткергенұлы сөз алып, өзін таныстырды. Округ тұрғындарының көтерген кейбір мәселесі заң аясында назарға алынатынын айтып, көпшілікке алаяқтыққа қатысты ақпараттан құлағдар етті. Айтуынша, алаяқтық деген қоғамда өзекті проблемаға айналған. Сондықтан одан сақтану керек екенін алға тартып, бөгде хабарламалар мен күмәнді қоңырауға мән бермеуге шақырды. Әсіресе, өздерін банк қызметкерімен деп таныстыратын адамдардан аса сақ болуын өтінді.

Дидар МӘЛІКҰЛЫ Қарасай ауданы