Перейти к содержимому
Главная страница » Алматы облысының құрамасы жағажай самбодан республика чемпионатында топ жарды

Алматы облысының құрамасы жағажай самбодан республика чемпионатында топ жарды

Қонаев қаласында жағажайдағы самбодан Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті. Облыс орталығының орталық жағажайында өткен ел біріншілігіне еліміздің 16 өңірінен келген 200-ден астам үздік спортшы қатысты.

Турнирдің алғашқы күні жеке сайыстарға арналса, екінші күні көрермендер үшін ең тартысты әрі әсерлі бәсекелердің бірі – «қабырғаға-қабырға» форматындағы командалық жарыстар ұйымдастырылды.

Мамандардың айтуынша, командалық формат самбо философиясын айқын көрсетеді. Мұнда өзара қолдау, серіктестерге деген құрмет пен ұжым алдындағы жауапкершілік ерекше маңызға ие.

«Командалық турнир әрдайым жеке біріншіліктен ерекше болады. Мұнда спортшы тек өз нәтижесі үшін емес, артында тұрған командасы, жаттықтырушылары және өңірінің намысы үшін күреседі. Сондықтан жауапкершілік бірнеше есе артады. Біз қатысушылардың жоғары деңгейдегі дайындығы мен әр кездесудегі жанкештілігін көрдік. Осындай жарыстар мықты спортшыларды ғана емес, нағыз көшбасшыларды тәрбиелеуге ықпал етеді» – деді Алматы облыстық самбо федерациясының басшысы Руслан Жармұхаметов.

Күннің басты қаһармандары Алматы облысының спортшылары болды. Жерлестеріміз барлық кездесулер барысында жоғары шеберлік пен мықты дайындықтарын көрсетіп, командалық жарыстың жеңімпазы атанды.

Күміс жүлдені Қарағанды облысының құрамасы иеленсе, қола медальдарды Алматы қаласы мен Астана қаласының командалары өзара бөлісті.

 Чемпионаттың басты жұлдыздарының бірі – Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшыларының бірі, +80 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Арайлым Әбенова болды. Спортшының мансабындағы ең үлкен жетістіктердің бірі – 2023 жылы Ереванда өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, әйелдер арасындағы аса ауыр салмақта әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық спортшы болуы.

Соңғы жылдары Арайлым классикалық самбомен қатар жағажай самбосында да табысты өнер көрсетіп келеді. 2025 жылы Сингапурда өткен жағажай самбосынан әлем чемпионатында ол 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлде жеңіп алып, Қазақстан құрамасының жалпы жетістігіне өз үлесін қосты.

«Бүгінде еліміздегі бәсекелестік деңгейі өте жоғары. Әрбір салмақ дәрежесінде халықаралық жарыстарда жүлдеге таласа алатын спортшылар бар. Жағажай самбосының ерекшелігі – оның жоғары қарқынында. Сондықтан мұнда физикалық дайындық пен техникалық шеберліктен бөлек, жылдам шешім қабылдау қабілеті де маңызды. Осындай жарыстар Азия чемпионаты мен маусымдағы басқа да ірі жарыстар алдында қажетті тәжірибе жинауға мүмкіндік береді», – деді Арайлым Әбенова.

Жеке есепте әйелдер арасында Арайлым Әбеновамен бірге Алматы облысының спортшылары Қарақат Рахыбай мен Назерке Дәулетжан чемпион атанды. Қола жүлдені Айнұр Төребай, Шырын Қадырсыз және Диляра Егізбай иеленді.

Ерлер арасында жерлестеріміз Ахан Ботанбай, Айбек Қалимов және Нұрсұлтан Нұрсейітов жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Айта кетейік, 2008 жылы туған және одан үлкен спортшылар қатысқан бұл Қазақстан чемпионатында үздік нәтижеге қол жеткізген самбошылар ұлттық құрама сапына іріктелді. Олар шілде айында Филиппинде өтетін Азия чемпионатында ел намысын қорғайды. Аталған жарыс өз кезегінде күзде Бразилияда өтетін әлем чемпионатына жолдама беретін маңызды іріктеу кезеңі болып саналады.