Алматы облысындағы Үшқоңыр тауының маңында «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы параплан спортының дәл қону түрінен Кубогы» өз мәресіне жетті. Ашық облыстық турнирге әлемнің 9 елінен және Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен келген 60-тан астам мықты ұшқыш қатысты.
Үшқоңыр ұшу алаңы – параплан және дельтаплан спортының аңызға айналған орындарының бірі. Мұнда ондаған жылдар бойы Қазақстан чемпионаттары, ТМД Кубоктары, халықаралық турнирлер мен Азия чемпионаттары өткізіліп келеді. Жер бедерінің ерекшелігі, қолайлы ауа ағындары және көркем табиғаты жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге де, спортшылардың жаттығуына да тамаша мүмкіндік береді.
«Кубок Қазақстан мен Алматы облысының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімімен аталады. Жарыстың дәл осы Үшқоңырда өтіп, түрлі елдердің спортшыларын біріктіруі біз үшін маңызды. Бұл тек спорттық дода ғана емес, есімі ел дамуының, жасампаздық пен Отанға адал қызмет етудің символына айналған ұлы тұлғаға көрсетілген құрмет» – деді Алматы облыстық параплан спорты федерациясының жетекшісі Игорь Виршки.
Жарысқа жасы 14-тен асқан, кемінде ІІІ спорттық разряды бар спортшылар қатысты.
Қатысушылардың негізгі міндеті – электронды нысананың дәл ортасына қону. Алайда бұл сырт көзге оңай көрінгенімен, орындалуы қиын міндет. Ұшқыштар қону траекториясын дәл таңдап, желдің бағыты мен күшін ескеріп, ауа райындағы өзгерістерге дер кезінде бейімделіп, ұшудың соңғы секундтарына дейін барынша зейін қоюы қажет.
Турнирдің ең тәжірибелі қатысушыларының бірі – канадалық ұшқыш Джимми Жиру болды. Квебек провинциясының өкілі 2017 жылдан бері парапланеризммен айналысады. Ол дәл қону, акропарапланеризм және маршруттық ұшулар бойынша өнер көрсетеді. Спортшының қоржынында 54 халықаралық жарыс пен әлемнің 60-тан астам елінде орындалған ұшулар бар. Джимми Канададағы «Дәл қону бойынша жылдың үздік ұшқышы» атағының иегері, Халықаралық авиация федерациясында (FAI) өз елінің өкілі және халықаралық жарыс ережелерін әзірлеуге қатысады.
«Әрбір старт – табиғат күштерімен сынға түсу, ал әрбір сәтті ұшу – көпжылдық дайындықтың, тәжірибе мен нақты есептің нәтижесі. Ауыр омыртқа жарақатынан кейін дәл осы Қазақстанда дәрігерлердің көмегімен қайтадан толыққанды өмірге және сүйікті ісіме оралдым. Сондықтан бұл қонақжай елге әр келгенім мен үшін үлкен қуаныш» – деді Джимми Жиру.
АҚШ өкілі Жюльен Бельмонте де жарыстың ерекше қатысушыларының бірі болды. Ол үшін экстремалды спорт өмір салтына айналған. Спортшы тау шаңғысы, дайвинг, парашют спорты, вингсьютпен ұшу және бейсджампингпен айналысады.
«Өмірімде әлемнің көптеген елдерін араладым, бірақ Қазақстанның орны ерекше. Мұндағы табиғат таңғажайып, ұшуға жағдай өте қолайлы, ал адамдар өте қонақжай. Алғашқы күні желдің күшеюі қону траекториясын бірнеше рет түзетуге мәжбүрледі. Дегенмен дәл осындай жағдайлар спортшының шынайы шеберлігін көрсетеді» – деді Жюльен Бельмонте.
Әлемдегі ең мықты спортшылардың бірі саналатын эстониялық Сергей Усанов та өз деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ол – параплан спортының дәл қону түрінен Әлем кубогы кезеңдері мен Еуропа чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері.
Алматы облысының танымал спортшылары – Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Давид Виршки мен Яхар Усманов та жоғары нәтиже көрсетті.

Бірнеше жарыс кезеңдерінің қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Әйелдер арасында Қытай өкілі Xiangyan Kong жеңімпаз атанса, Jianmin Wang күміс жүлдеге ие болды. Ал қола медальді Yanyun Fang жеңіп алды. Қазақстандық спортшылар арасында ең үздік нәтиже көрсеткен – Аяна Асқар болды.
Жасөспірімдер санатында қазақстандық спортшылар Аяна Асқар, Адел Пұсырманов және Андрей Молдованов үздіктер қатарынан көрінді.
Командалық есепте Davinci Team жеңіске жетті. Жүлдегерлер қатарында Ya Ge Outdoor Team және Samga Sky Team командалары да бар.
Жалпы есеп:
1-орын – Xu Jin (Қытай) – 9 ұпай
2-орын – Xiangyan Kong (Қытай) – 11 ұпай
3-орын – Sergei Usanov Sr (Эстония) – 15 ұпай
Кубок қорытындысы бойынша қатысушыларға «Параплан спортының дәл қону» дисциплинасы бойынша халықаралық рейтингтік ұпайлар берілді. Сонымен қатар үздік спортшылар спорттық разрядтарын алу немесе жоғарылату мүмкіндігіне ие болды.
