Перейти к содержимому
Главная страница » Жайлы баспана – ел игілігіне!

Жайлы баспана – ел игілігіне!

Ұйғыр ауданында 26 отбасына баспана берілді. Жылдап тұрғын үй кезегінде тұрған отбасылар үшін бұл үлкен қуанышты сәт болды.

Өткен жылы құрылыс бөлімінен сатып алынған үйлер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөліміне өткізілген болатын. Ұйғыр ауданы әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ арасында тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру шеңберіндегі ынтымақтастық аясында баспаналар өз иелеріне табысталды.

Кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілген бұл баспаналардың жалпы аумағы – 1836 шаршы метр. І, ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, ерекше күтімді қажет ететін балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған, толық емес, көпбалалы отбасыларға берілген баспаналар кілтін аудан әкімі Бота Елеусізова табыстады.

Өз сөзінде Бота Серікқызы елімізде азаматтардың әлеуметтік жағдайы, олардың құқығы мен бостандығы басты орында болатынын, әр азамат мемлекеттің басты байлығы екенін, олардың тұрғын үймен қамтылуы да биліктің назарында болатынын айтып, баспаналы болып отырған отбасыларды қуанышымен құттықтады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ербол Нұрсейітов жиналған жұртшылыққа ақ батасын берді.

Дәл осы күні баспанаға ие болып, қуанышы қойнына сыймай отырған жандардың бірі – Мәулен Нұрғанатов. Ол осыдан он жыл бұрын мүгедектігі бойынша баспана кезегіне тұрған еді. Жылдар бойы жалдамалы пәтер, қала берді аядай тар бөлмелерде күнелтіп келген отбасы осы күнге шын жеткендеріне әлі де сене алар емес. Өздері әрі көпбалалы отбасы. Мәулен Камилжанұлы қуанышын жасыра алмай, осы жақсылыққа өз үлестерін қосқан әр азаматқа алғысын айтты, ақжарма тілегін ақтарды. Өздері сияқты ондаған жылдар бойы баспана кезегін сарыла күтіп жүрген жандарға үміттерін үзбеуі  қажеттігін жеткізді. Мемлекетіміздің сындарлы саясаты әр азаматты өз қамқорлығынан тыс қалдырмайтынына сендірді.

Баспана кілтін алған әр отбасы қуанышқа ортақтасып келген жақындарымен қоныстарына қарай асықты. Әжелердің тәтті шашуы, әншілердің жыр шашуы бұл күні қуаныш иелеріне арналды.

Анар Дүйсенбайқызы

Ұйғыр ауданы

Метки: