Перейти к содержимому
Главная страница » Отбасы – бақыт бесігі

Отбасы – бақыт бесігі

Баланың бірінші тәрбиешісі – ата-анасы екені белгілі. Соңғы кездері педагогтер осыны негізге ала отырып, тек білімге ғана емес, сондай-ақ мектептегі тәрбиеге де жиі назар аудара бастады. Осыған орай Талғар ауданы Талдыбұлақ ауылындағы № 46 мектепте ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.

Облыстық білім басқармасы ұйымдастырған келелі кеңеске әр өңірден барлығы 150 мұғалім қатысты. «Отбасылық құндылықтар – бақыт бесігі» жобасы аясында «Отбасы – баланың бірінші мұғалімі» тақырыбында өткен семинар кезінде балалар шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылды. Жиын жұмысы мектептің мәжіліс залында оқушылар дайындаған патриоттық әндерден басталды.

   Семинарды облыстық білім басқармасының әдіскері Исатай Сатаев ашып, аталған кеңестің ата-аналар ғана емес, педагогтер өміріндегі отбасы институтын нығайтуға арналғанын атап өтті. Балалармен жұмыс істеудің дағдылары мен оңтайлы әдістерін зерделейтін ғылыми-тәжірибелік семинарлар ата-аналар мен педагогтердің ынтымақтастығын жақсартуға бағытталған. Бұл іс-шаралар «Адал Азамат» бағдарламасының алты негізгі құндылықтарын, Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасын және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын басшылыққа алады. Сонымен қатар ол  өскелең ұрпақты тәрбиелеу тұрғысынан мектептермен ынтымақтастық бағытында белсенді жұмыс жүргізетін Отбасын қолдау орталықтарының рөліне де ерекше тоқталды.

Одан кейін мінберге шыққан аудандық білім бөлімінің әдіскері Анар Әбеуова «Отбасындағы рухани тәрбие: ұлттық құндылықтар мен заманауи тәсілдер» тақырыбында баяндама жасап,  отбасылық құндылықтар бойынша тренинг өткізді. Оның айтуынша, әдістемелік қолдау нәтижесінде мұғалімдердің кәсіби біліктілігі артып, отбасымен жұмысты ұйымдастыру дағдылары дамиды. Отбасы мен мектептiң бiрлескен күш-жiгерi негiзiнде баланың жан-жақты дамуы үшiн қолайлы бiлiм беру ортасы қалыптасады.

Жиында 24 мұғалім баяндама жасап, 10 мұғалім әртүрлі тақырыпта, соның ішінде «Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу – мектептегі бірлескен жұмыстың алгоритмі» тақырыбында шеберлік сыныптарын өткізді. Тағы 10 мұғалім практикалық сабақтар өткізіп, 4 мұғалім TED Х форматында өз тәжірибелерімен бөлісті.

Семинар соңында қатысушылар мектеп сыныптарын аралап,  заманауи жабдықтармен танысты, көркем пәндер, робототехника, STEM-сыныптарын тамашалады.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы