Перейти к содержимому
Главная страница » Абырой асуында

Абырой асуында

Серікті білгелі оның бойын­дағы ерекше қасиеті – сұңғы­лалықты танып келемін. Дүниені тану үшін ғұмырыңды талғампаздықпен түсіну өте маңызды. Бір ауылдан түлеп ұшқан, өмірдің шуақты балалық шағын бірге өткізген досым Серік Үмбетов – бала кезден азаматқа тән аңғарымпаздық, талғампаздық, сергектік тәрізді қасиетті бойына жинақтаған жан.

Біз араға бірер күн салып хабар­ласамыз. Тұтқаны бірден көтермесем, «Телефонды алмайтын әдетің бар. Қайда жүрсің өзі?» – деп тергей бастайды. «Сол баяғы ұсақ-түйек шаруа ғой», – деймін мен әдеттегідей. Ол ауылдың жайын, сосын жасы келіп, сырқаттанып жүр­ген үлкендердің халін сұрайды. «Әлгі көрші апам жақсы ма? Өткенде қал-жағдайын біліп кіріп-шығып едім, өтінішін орындағанмын. Сен де барып біліп шықшы», – деп бір тоқтайды. Одан кейінгі әңгіме құрдастарға ауып: «Қазыбек, Бекен, Қамбар, Ғабит ауылдың ақсақалдарысыңдар. Наурыз мерекесін халқымыздың салт-дәстүріне сай өткізуге мұрындық болыңдар. Іскер жігіттер бар, соларды тартыңдар. Мамыр айындағы мерекелерді де ұмыт қалдырмаңдар», – деп біраз шаруаның басын қайырады.
Серік досым туралы толғанғанда ол жайлы жазылған кітаптарды парақ­таймын, газеттерді ақтарамын. Бір кездегі бала Серіктің өмірдегі шыққан белес биігіне, қол жеткізген толағай табысына риза боламын. Балалардың оқулықтары тұрған сөренің жоғарғы жағында досымның өмірі мен еңбегіне берілген баға – кітаптары қаз-қатар тізіліп тұр. Соның бірін қолыма алдым. «Көз ілмейтін көңіл» атты кітапты қаншама рет оқыдым. Мұнда Серіктің алғаш еңбек жолын бастағаннан бергі өмір жолы толық қамтылған. Тақырыбы да тауып қойылған. Серіктің мына тынымсыз тірлікте бүгінгі азаматтық биігіне жету үшін көңіл көзі ілінбегені анық.
Кітаптардың бірінен соң бірін алып, тағы бір мәрте аударыстырып шықтым. Филология ғылымдарының докторы, профессор, тіл өнерінің білгірі Тұрсынбек Кәкішұлының айтқан пікіріне көзім түсті.
«Мен Серік Үмбетовті Күртіде қызмет жасап жүрген кезінен бері білемін. Рас, бір көрген адамға өте қарапайым болып көрінетіні бар. Алайда жақын таныса келе жан дүниесінің, түсінік-түйсігінің өте терең екенін аңғарар едіңіз. Осы бір азаматты білгеннен бері оған деген құрметім артқанын жасырмаймын», – деп ой түйіп, ары қарай сөзін былайша сабақтапты: «Халқымызда «Жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» деген тәмсіл бар. Осы сөз Серік Әбікенұлы сияқты жандарға қаратып айтылғандай. Бір шаруа жасаса «Мен істедім» деп даурықпай, әрбір істің орайын келтіріп, ұлттық құндылықтарымызды қадірлеп жүретіні – ата қанымен, ана сүтімен бойына сіңген қасиет екендігінде дау жоқ. Көпбалалы қазақы отбасында өсіп, өзінен кейінгілерге қамқор болуға дағдыланғаны да болмысынан байқалып тұрады.
Ақын-жазушылар, жалпы қаламгерлер қауымы сезімтал әрі бала мінезді болып келеді. Арқасынан қағып, мақтасаң көпке дейін соған арқаланып жүреді. Кітаптарын шығара алмай, жазғандарын халыққа жеткізудің орайын таппай пұшайман күй кешіп жүрген Алматы облысы қаламгерлерінің жағдайы Серік Әбікенұлының келуімен түбегейлі өзгерді десе болады. Осы тұста жетісулық ақын-жазушылардың кітаптарын шығаруға облыс бюджетінен қомақты қаржы бөлініп, жыл сайын 30-35 кітап жарық көріп тұрды. Экономикалық әлеуеті Алматы облысынан жоғары өзге өлкелер осылай жасаса, біреулер оған қой деп пе?! Мұнымен тоқтамай, облыс аумағында тұратын Қазақстан Жазушылар одағының мүшелеріне облыс әкімінің стипендиясын тағайындап, оның мөлшерін жыл сайын арттырып отырғаны ұлттың рухани дүниесін жаңғыртуға қосқан үлесі деп түсінеміз. Және сол кезде осы арқылы Серік Үмбетов қолында қаламы бар қалың жұртшылықтың да көңілін таба білді».
Шынында да ол – рухани салаға тым жақын жан. Ғалым ағамыз осыны тізбектеген екен. Ары қарайғы сөзінде: «Жас ұлғайғаннан кейін бұрынғыдай жүріп-тұра алмайды екенсің. Десе де, жол түсіп Талдықорған жаққа бара қалғаны­мызда қаланың көркейіп өскенін көріп, көңіліміз жайланып қалады. Жергілікті тұрғындар Серік Үмбетовтің қолтаң­басы қалған, соның ықпалымен салын­ған әсем ғимараттарды мақтан тұтады. Әсіресе ол тұрғызған ескерткіштер қалаларға көрік берумен қатар, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге үлес қосатыны ақиқат. Серіктің бар бітім- болмысының халқымыздың тағдырымен сабақтас екенін осыдан-ақ аңғару қиын емес», – депті.
Көпті көрген ақсақалдың берген бағасы, айтқан сөзі менің де мерейімді тасытты. Ойды ой қозғайды. Серік мектепте жүргенде-ақ көпшіл, достыққа берік болды. Қалай екенін білмеймін әңгімеміз жарасып, пікіріміз бір арнаға тоғысатын. Екеуміздің басымыздан жастықта талай жайт өтті. Мен қиналған кездерімде жарты жолда тастамады, үнемі қолұшын берді, оны әсте ұмытуға болмайды. Соған бір мысал келтірер болсам, жас кезімізде көрші ауылдың балаларымен текетіресіп, төбелесіп қалдық. Мен қара күштің адамымын, шамасы біреуіне жұдырығым батып кеткен-ау, сонымен аудандық милиция бөлімінен бір-ақ шықтық. Аналардың аға, көкелерінің қолы ұзын. Тергеп, тексере келгенде Серіктің кінәсі жоқ болғандықтан шықты, бірақ бірбеткей, әділдікті ұнататын ол «Қазыбек шықпаса, мені де қамаңдар» деп қасқайып тұрып алды. Осылайша екеуміз де ауылға қайттық. Егер оның сол кездегі қайсар­лығы болмаса мен бірер сөтке сол жердің дәмін татып қалар ма едім, кім білсін?
Сонау жылдары отбасыммен тұрып жатқан қара шаңыраққа келіп, үйді көрген соң: «Мына тұрмысың маған ұнамады. Тіршілік жасамапсың ғой», – деп ренжіді. Мен де жағдайды айтып, ақталдым. «Өз үйім – өлең төсегім» деп мән бермеппін, шынында жөндеуді сұрап тұрғаны рас. Көп кешікпей Серік үйді қайта салғызып, тұрмысқа қажетті бар жиһазды, тағы басқасын алып берді. Әр бөлме жайнап шыға келді. Әйелім де, балаларым да мәз-мейрам. Міне, осы сынды Серіктің жақсылығы талай адамға өткен.
Азаматтығы бір бөлек досым туралы жазушы, марқұм Жұмабек Кенжалиннің айтқанына құлақ түрейік.
«Серік Әбікенұлымен таныстығым сонау 1992 жылдың күз айынан басталады. Ол еліміз өз тәуелсіздігінің екінші жылы­ның мың сан қарбаласын бастан өткеріп, жариялылық пен демократияның нақ бел алып, тұрған шағы-тын. Ал мен бас редактордың бірінші орынбасары болып істейтін «Халық кеңесі» газеті – сол өтпелі дәуірдің төл перзентіндей болған басылым.
Кезекті іссапарымыздың бірінде жолымыз Алматы облысының Күрті ауданына түсті. Жанымда газетіміздің парламент бөлімінің меңгерушісі, білікті қаламгер Мейрамбек Төлепберген. Екеуміз Алматы таңының алакеуімінде Ақши қайдасың деп тартып кеттік. Қаладан жүз шақырымның о жақ, бұ жағындағы аудан орталығына әп-сәтте жетіп бардық.
Біздің келетінімізден алдын ала құлақтанған әкімшілік басшылары кеңседе күтіп отыр екен.
– Серік Үмбетов, – деп қолын созды таныстық ишарасымен бидай өңді азамат. – Аудан әкімі қызметіне тағайындалғаныма онша көп уақыт бола қойған жоқ. Сондықтан мен қарап үлгере қоймаған шаруашылықтардың ой-шұқырын сіздермен бірге аралап көретін боламыз.
Әкім мұны ерекше бір ілтипатты лебізбен, бізді өзіне іштарта ниеттестер іздеген кісінің пейілімен айтты. Талай атқа мінген азаматты көріп жүрміз, ал мына әкімнің әңгімесінің әлқиссасы бізге ұнап қалды. Оң қабақ танытып, жылы-жылы сөйлегенді кім теріс көруші еді.
Сол кездесудің сәтті өткені соншалық, ауданның о шеті мен бұ шетін әбден араладық. Осы сапарда алдында ғана Тоқаш Бокин атындағы шаруашылықтың директоры болып жүрген азаматтың аудан әкімінің лауазымына көтерілуінің бар сырына қаныққандай болдық. Ал ақиқатына келсек, оның түк те құпиясы жоқ екен. Бар мәселе Серік Әбікенұлының қарапайымдылығында, елмен етене араласуында, әділдігінде, өзгені сыйлай білуінде, сонымен қоса өзін де өзгеге сыйлата білуінде.
Қызметтегі кісіде үнемі тақтайдай жол бола бермейтіні тағы шындық. Бұған Серік Әбікенұлының ғұмыр жолындағы бел-белестер дәлел.
«Қайраткер кісіге қабырғалы іс сыншы» дейміз. Қызылағаштағы су тасқыны басшының іскерлігіне, кісілігіне, мәрттігіне сын болған сәт еді. Міне, сол «қылкөпірден» біздің Секең соңынан сөз ертпей, ел алдындағы сүйкімін жоғалтпай өтті. Ал ақиқатына келсек, сол бір аласапыран кезең азаматтың бүкіл қайраткерлік таланты таразы басына түскен шақ болатын», – деді.
Иә, шын мәнінде, ел қасіретіне қабыр­ғасы қайысып, көмекке ұмтылған досым ол кезді мұңая еске алады. «Әлі күнге халықтың қиналғаны, жақынын жоғалтқаны, егілгені көз алдымнан кетпейді, оны ұмыту мүмкін емес. Бірақ кейін Қызылағашта жаңа өмір басталды, сәулетті үйлер салынды. Халық қуанды, бәріне шүкір, деп ұрпақ өсіріп жатыр. Мұның өзі дәтке қуат», – деген сөздерін естідім.
Серікпен жазда жиі кездесемін. Өйткені ол кіндік кесіп, кір жуған туған жерін аңсап тұрады. Кездесіп, әңгімелескен сайын баяғы қара баланың соншалықты жандүниесі байығанын, көп жайды көкірегіне түйгенін байқай­мын. Әсіресе халықтың бүгінгі тұрмыс-тіршілігі, жастардың өмірге көзқарасы оны ерекше алаңдатады.
– Қазыбек, халықтың арасында жиі боламын. Көпті көрген, мына дүниеге деген көзқарасы айқын азаматтардың тіліміз бен дінімізге, салт-дәстүріміз­ге деген әңгімесін естігенде көңіл сарайым ашылып қалады. Мәселен, керемет ой салатын даналық сөздердің, тіркестердің молдығы соншалық, бірін-бірі қайталамады. Осы орайда Қорқыт атамыздың «Бұ дүние керуен сарайға, адам баласы керуенге ұқсайды, бірі көшіп, бірі жүре береді» деген пікірімен түйіндесек, адам дүниеден жай өтпейді, жақсы мен жаманның ара-жігін ашып, баға беру арқылы соңына ғасырдан-ғасырға жететін ұлағатты, тәрбиелі сөз қалдырады. Бұл – өмір мектебі. Сен де, мен де осы мектептің оқушысымыз, – деп жүзіме қарап, алаңсыз күлді. Ол жалпы ашыла бермейді, ағынан жарылатын сәті көп емес. Өйткені үнемі ізденіс, ой үстіндегі адамдар көбіне өзімен-өзі сырласады. Мен Секеңді осы топқа жатқызамын.
Секеңде дос та, үзеңгі жолдас та көп. Солардың қатарында ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман да бар. Ол оны «Үзеңгі жолдас Үмбетов» деп атап, алғашқы танысқанын былайшы баяндайды: «Ол Алматы облысының Жаркент ауылынан шыққан белгілі айтыскер ақын Айтақын Бұлғақовтың баласы Жандарбекке қатысты болды. Талай айтыста жүлдегер болған Жандарбек мектеп бітірген соң гранттан қағылып, жоғары оқуға түсе алмай қалыпты.
– Серік Әбікенұлы, Жандарбек сияқты дарынды бала күнде туып жатқан жоқ. Осы баланың грантына көмектессеңіз деген өтініш білдірдік. Обалы нешік, Секеңнің алды ақжайлау ғой. Өтінішімізді жерге қалдырмады.
Менің қазақ руханиятына сіңір­ген азды-көпті еңбегімді көтермелеп сөйлейтін құрдасым да осы – Серік Әбікенұлы», – деген арқалы ақын одан әрі: «Менің «Жалғыз ұл» деген өлеңіме бір сазгер ән шығарып, оны бір тәуір әнші орындап, лезде кеңінен танылып кетті. Мен секілді жалғыз ұлға әке болып жүрген Серік сол әнді телефонына жаздырып алып, сүйсіне тыңдап жүреді.
– Менің Дарханым, сенің Дәуренің аман жүрсін! Өмірдің өзі де бейнебаяннан кем емес қой, Серік Әбікенұлы! – деймін.
Қазақтың іскер азаматы, жаны да, қаны да казақы, көңілі кең кұрдасым Серік Үмбетовке арнаған мына бір өлеңімді болашақ үлкен туындының кіріспесі деп білерсіздер:
Ел-жұртын қоймаса да дірілдетіп,
Талай жыл ел басқарған дүрілдетіп.
Атағы алты Алашқа аңыз болған,
Бар дейді Жетісуда бір Үмбетов.

Сөйлесе сөйлей білген толымды етіп,
Берсе де бере білген болымды етіп.
Желтораңғы жағында маман бопты,
Мал бабына үңілген сол Үмбетов.

Өнерге, тіл, дәстүрге дос Үмбетов,
Кедейге көңілі де бос Үмбетов.
Бір жыл туған төл ғой деп анда-санда,
Арқамнан қағып жүрген

осы Үмбетов!»
Үзеңгі жолдасқа деген ниеті үшін Жүрсінге мың алғыс!
Алланың мейірімі мен пейілі түссе, пендесіне бәрін үйіп-төгіп береді. Серік­тің жас кезінен өмірге деген ерекше ынта-ықыласы болды. Әкесі Әбікен аға ұлының бірбеткей мінезін қалайда «сындырғысы» келді ме, қабырғасы қатпай жатып қара жұмысқа салды. Ол кезде барлық шаруа қол күшімен атқарылады. Серік ауыл шаруашылығының барлық саласында үлкендермен қатар еңбек етті. Ол оған тіпті де мойымады. Осы кездерді еске алғанда:
– Аяулы әкем жасымнан еңбекке ғана емес, адами қасиетке, мейір­бан­дыққа баулыпты ғой. Адам – өз заманы­ның перзенті. Әкем өз дәуірінің қиыншылығымен арпалысып ғұмыр кешті. Ұлы Отан соғысына қатысты, от пен оқтың ортасынан оралды, әрине, онымен салыстырсам, біздің өміріміз жай әншейін ғой. Олар балалық шақта – аштық, жастықта – соғыс, елге оралғанда шаруаны қалпына келтіру, қартайғанда нарық қыспағын көрді. Осы ауылда бөлімше меңгерушісі болғанда бір күн бел шешпеді-ау. Он баланы асырау оңай болмаса да, әкем біздің маңдайымыздан сипап, дастарқан басында тәрбие, тәлім жайлы жай отындай жарқылдап әріден әңгіме бастайтын. Арасында күлдіріп, ойлантып тастайтын. Адамның күні – адаммен, ортаңды сыйла, құрметте дейтін. Қай жасқа келсем де, қандай қызмет атқарсам да, алдымда асқар тау болған әкемнің әр сөзі жадымнан кеткен емес», деп ойға шомып қалады. Өзі де әке, ата болса да, өткен күндерді еске алып, осылай тебіренеді, досым.
Өзі айтқандай Секең еңбектің дәмін ерте татты. Бұл оның болашақ өміріндегі жолсілтеуші болды. Бүгінгі белесіне бірден шықпағаны анық. Еңбек жолын бригадирліктен бастады, зоотехник болды. Ауыл шаруашылығының біт­пейтін қауырт жұмысымен шыңдалды. Сондай бір кезде қолына таяқ алып, қой күзеткені де бар. Бұл туралы кітапта анық баяндалған қияндағы қыстауда болған оқиғаға құлақ түрсек.
«Бұл оқиға өткен ғасырдың жетпіс­інші жылдары Күрті өңірінде болған. Ауданның Тоқаш Бокин атындағы кеңшарының малшылары Сарытауқұм қойнауындағы шағыл-шағыл құм ара­сындағы қыстауларды мекендейтін. Өңірдің қысы – қатал, көктемі – ызғарлы, жазы – аптап ыстық. Табиғаты қатал болғанмен, адамға да, малға да құтты мекен. Талай азаматтар осы жерге салт басы келіп, отау көтеріп, балалы болып, қызметі өскенін, мерейі тасығанына куә болдық. Солардың арасында Серіктің есімі ерекше аталады.
Серік Әбікенұлы аталған шаруа­шылықтың бас зоотехнигі болған кезде малшы қыстауын жиі аралап, олармен қоян-қолтық араласатын. Сондай бір Сарытауқұмға сапарында орта жолда қатты боран соғып, айнала ақ түтекке айналып, жел жыланша ысқыра бастайды. Бұлар бір қыстаққа жақындап та қалған еді. Жолды қар күресіні басып, қарға адым жылжу қиындай түсті.
– Қайтамыз ба, аға? – деді жүргізуші жігіт ылдиға ілдалдалап түскен соң.
– Жоқ, алға тарт. Малшылардың жай-күйін көзбен көрмесек болмайды.
Біраздан соң шопан үйінің қарасы да көрінді-ау. Салт атты жолға беттеп, жақын ауылға төтелей апаратын жолды шамалап, бұрылысқа жетіпті.
– Мына жанкешті қайда барады? – деп таңданды Серік. Аттылы өздеріне жақындады.
– Жолдарыңыз болсын, – деді қабағына мұз қатқан жігіт жүзіне қан жүгіріп.
– Сіз екенсіз ғой, – малшы жоғы табылғандай қолын ала ұмтылды.
– Алай-түлей боранда қайда барасың? Қойды кімге тастадың? Үй-іш аман ба?
– Боранды күні ит құтырады деген… Келініңіз толғатып, не істерімді білмей, ауылға барып, дәрігер әкелсем бе, деп едім, – деді шарасыз күйдегі жігіт.
– Мына ақ түтекте адасып, мерт болар­сың. Үйге жүр, бір амалын табармыз, – деген Серік шопанды жолдан қайырып, қора маңындағы жатаған үйге келді.
Үй жылы, балалар ойнап жүр. Толғақ қысқан аналарының жайынан бейхабар. Келіншектің қиналғаны байқалады. Не істеу керек, тезірек дәрігерге жеткізуден басқа амал жоқ.
– Мен осында балаларға, малға қарап, бас-көз болайын. Мына көлік­пен орталыққа тездетіп апар. Емханаға орналастырып, жағдайын біліп, бір-ақ қайт, – деді.
– Сіз сонда осында қаласыз ба, ұят болды-ау, – деп қысылды шопан жігіт.
Сол күні шопан үйінде қалған Серік малға қарап, малшы тірлігінің кей тұстарын басынан өткізіп, балаларға баскөз болып, от жағып, ас пісіріп, қолына таяқ ұстап, қорадағы қойды күзетіп шыққаны бар.
Таң атты. Боранның да беті қайтты, Серік малды өріске шығарды. Түс ауа малшы жігіт қуанышы қойнына сыймай жетті.
– Сүйінші, аға, бізді қиын кезде қорғаған періштеміз екенсіз. Ұлды болдым. Екі қыздан кейінгі баланың өкіл әкесі болдыңыз, – деген Бекмұрат малшы мәре-сәре».
Иә, жақсылық жасау, біреудің қуаны­шына ортақтасу – екінің бірінің еншісіне бұйырмаған асыл қасиет. Ізгілікті ісімен жабырқаған жанды жадырататын адам­ның болғаны қандай ғанибет! Өзі көп пенденің бірі болғанымен, бұл ғұмыр Серіктей пейілі періштедей жандармен ажарлы екенін осы сәтте ұғына түсесің. Қыстаудағы оқиға осындай тұжырымға әкелді.
Адамның бойында сан түрлі қасиеттер болады. Соның бірі – бертін келе Серіктің қолына қалам алуы. Ол өзінің өмірден алған тәлімін, жинаған тәжірибесін төгілте жазды. «Ой иірімдері», «Дала даналығы», «Өмір өрнегі» атты кітаптары – соның жарқын дәлелі.
Қазақстанның Құрметті жазушысы, журналисі, ақын Әміре Әрін белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетовтің «Ой иірімдері» атты эсселер жинағы оқырмандардың құнды олжасына айналғанын айтыпты.
«Асылы, біздің халық туабітті табиғатынан сөз қадірін өз қадірім деп қабылдаған, терең түйсінген. Шамасы, сондықтан болар-ау, теңіздің түбіндегі маржандай небір қат сөз, қағидатты лебіздер бүгінгі ұрпаққа кешегінің төрінен толайым мирас жетіп отыр. Қолымызды жүрегіміздің үстіне қоя айтайын дегеніміз, Серік аға Әбікенұлының төсқалтаңызға сыйып кетер осынау жинақы төл кітабы – әлгі айтылғандай елдік руханиятымыздың шырағданын және бір жарқырата түсер қазыналы еңбек.
Шығарманың алғашқы беті­не үңіл­геннен-ақ, жоғал­ған үйір жылқының ізіне түскендей, басымды көтере алмағаным соншалық, әншейінде қате жіберілмес түскі асты да ұмытып кеткен жайым бар. Шындығым осы!
Серік Әбікенұлының киелі сөз өнерін әу бастан-ақ айрықша қастерлеп келе жатқаны бүгінде Алаш жұртына жете аян. Айтары не, автормен беймарал кеңінен отырып әдеттегіден де еркін, барынша ақжарма сырласқандай күй кештім. Арды ойлаған азаматтың толғауы тоқсан толғамы, жүрек ішіндегі жүрегінде ұялаған бүкпе тұжырымдары қолыма қалам алдырмасқа тағы қоймады. Серік ағамның өзі қатты қадірлеп, әулиеге балайтын Абай айтпақшы, законның күші құзырыма берілсе, кітаптың барлық бөліктерін тура қаз-қалпында орта мектеп оқулықтарына енгізіп жіберер едім, – дейді ақын інім Әміре, сұңғылалы сөз айтып.
Мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетов бірқатар қызмет жолы­нан өтті. Кезінде аудан басқарып, Жамбыл, Алматы облысы секілді іргелі аймаққа басшылық жасады. Бертін келе Қазақстан Республикасы Президентінің іс басқарушысы, Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Халық қалаулысы ретінде уақыт ағымындағы мәселелерді шешуде өз үнін жеткізіп, азаматтық көзқарасын білдірді.
Міне, осындай өнегелі өмір кешіп, азаматтық пен парасаттылық биігінен көрінген досым – Серік Әбікенұлы жетпістің тағы бір белінен асты. Бала кезден доп қуып өскен құрдасыма өзі пір тұтып, сыйынатын Жамбыл ақынның жасын тілеймін.
Серіктің дәл бүгінгідей биік жетіс­тікке жетіп, елдің алғысын алуында зайыбы Ермекгүлдің де қосқан үлесі аз емес. Үлкен шаңырақтағы барды ұқсатып, дастарқанын көл-көсір етіп жайып, ақ пейілін танытып келеді. Үйінің айналасын сан түрлі жеміс ағаштары мен ал қызыл гүлге толтырып, жанға жайлылық сыйлайтыны да – Ермекгүлдің бойындағы ерекше қасиет.
Бүгінде досым аяулы жары Ермекгүл екеуі Ерсұлтан, Сұлтандардың атасы мен әжесі атанып, немере қыздарын ұзатып, өрістері кеңіп жатқан жайы бар. Ұрпақ жалғастығы деген осы. Ойы тұнық, сөзі сергек, сұңғыла досым Серіктің ұрпағымен мың жасап, абырой биігінен көріне береріне кәміл сенеміз.


Қазыбек Мұқашев
Аққайнар ауылы,
Жамбыл ауданы