Перейти к содержимому
Главная страница » Руханият пен табиғат үндестігі

Руханият пен табиғат үндестігі

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің респуб­ликалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы мен облыстық білім басқармасы бірлесіп, Кеген ауданы Саты ауылының Мәде­ниет үйінде «Табиғат аясында кітап оқу» атты республикалық семинар өткізді. Аталған шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында ұйымдастырылды.

Семинардың мақсаты – оқушылардың функционалдық оқу сауаттылығын арттыру, көркем әдебиетті жүйелі оқуға баулу, мектеп кітапханаларының қорын толықтыру, олардың жұмыс сапасын жетілдіру, оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту, сондай-ақ рес­публикалық деңгейдегі мектеп кітапха­нашы­ларының кәсіби біліктілігін арттыру. Айтулы шараға республикалық ғылыми-педагогика­лық кітапхана қызметкерлері, облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бө­лімі­нің әдіскерлері, баспа өкілдері және еліміздің түкпір-түкпірінен келген 170 мектеп кітапханашысы қатысты.
Қонақтар алдымен Мәдениет үйі фойесінде қойылған кітап көрмесімен танысты. Ақай Нүсіпбеков атындағы мектеп-гимназиясының менеджері, өлкетанушы Болат Жапсарбайұлы «Кеген ауданының тарихы және өңірдің туристік әлеуеті» тақырыбында баяндама жасап, өңірдің тарихи-мәдени құндылықтарына тоқталды. Ө.Жаңабаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айдана Нұрланқызы «Жыр керуені», ал С.Серкебаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры Жазира Үмбетжанова «Оқуға құштар» жобаларын таныстырды. Сондай-ақ І.Жұмағұлов атындағы орта мектеп директоры Лара Нүсіпқожаева білім беру үдерісінде цифрлық технологияларды қолданудың мүмкіндігін көрсетті.
Білім мен парасаттың, руханият пен мәдениеттің алтын арқауына айналған тағылымды басқосуда сөз алған Оқу-ағарту министрлігі республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының директоры Әлия Сайдембаева, облыстық әдістемелік орталығы директорының орынбасары Гүлина Оразәліқызы, Кеген аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратжан Қожанұлы семинар қатысушыларына сәттілік тілеп, кітап оқудың маңызына кеңінен тоқталды.
Пленарлық бөлімде Қызылорда облыстық оқу орталығының бөлім меңгерушісі Гүлайым Ақмұрзаева «Таза табиғат: Кітаптан басталған табыс мекені. Кітап оқу арқылы функционалдық дағдыларды қалыптастыру» тақырыбында баяндама жасады. Түркістан облыстық білім басқармасы әдістемелік орталығының қызметкері Гүлмира Сейдуәлиева «Кітап және цифрлық әлем-STEАM», «R&D Department» басшысы Мереке Тәнкібаева «Кітапты ашқың келеді: заманауи қорды бірге қалыптастырамыз», Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданынан келген мектеп директоры Әмина Жұмағұлова «Google Reference School: Өрел мектебінің жаңа даму белесі» тақырыбында баяндама жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Пленарлық бөлімнен кейін қонақтар «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркімен танысып, Көлсай көліне саяхат жасады. Табиғат аясында кітап оқу, тәжірибе алмасу жұмыстары жалғасын тапты.
Кеген ауданындағы Тұйық, Қарқара орта мектептерінің білім алушылары Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы мен ауданнан шыққан ақындар шығармаларын мәнерлеп оқыды. Айтжан Түркебаев атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі Жанар Толыбаеваның жетекшілігімен өткен «Табиғатпен үндескен кітап әлемі» атты сахналық қойылымы қонақтарды тәнті етті.


Семинарды қорытындылау кезінде әр өңір­ден келген үздік кітапханашылар жұмысы бағала­нып, дипломдармен марапатталды. Ал қатысушыларға сертификаттар табысталды. Айта кету керек, қазір оқушылар кезекті жазғы демалыста. Осы ретте балаларды кітап оқуға қызықтыру әрі олардың бос уақытын тиімді пайдалануға үйрету – кітапханашыларға артылған үлкен міндет
Иә, аспан астында кітап оқу – жазғы демалыстағы балалар үшін керемет мүмкіндік. Жаңа білімді де игеріп, ойнап та, достарымен бірге таза ауа жұтып та үлгеруге болады. Телефоннан да алыстайды. Сондай-ақ бос уақытын қызықты әрі пайдалы өткізуіне, көзқарасының тереңдеуіне ықпал етеді. Ал кітап оқу балалардың өз ойын еркін жеткізуге, тіл байлығын арттыруға, табиғатты қорғауға, оны аялауға, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелейді. Осыны ұмытпаған жөн!
Бұл бағытта мектеп кітапханашыларына арналған «Табиғат аясында кітап оқу» тақы­рыбындағы респуб­ликалық семинардың берері мол болды.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы