Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне келіп түсетін азаматтардың өтініштерін қарау барысында тұтынушы құқығын қорғауға қатысты тағы бір оң нәтиже тіркелді. Бұл жолы даудың туындауына қымбат тұрмыстық кинотеатр жиынтығын сатып алу себеп болған.
Тұтынушы арнайы дүкеннен құны 625,5 мың теңге тұратын заманауи аудио-бейне жүйесін сатып алған. Алайда тауарды пайдаланудың алғашқы күндерінде-ақ техникалық ақаулар анықталған. Дыбыс пен бейне сапасы өндіруші көрсеткен сипаттамаларға сәйкес келмеген.
Тұтынушы заңда көзделген құқығын пайдаланып, сатушыдан тауарды сапалы дәл сондай өнімге ауыстыруды немесе төленген қаражатты толық қайтаруды талап етеді. Алайда кәсіпкер тұтынушының заңды талабын орындаудан бас тартып, мәселені шешуді сөзбұйдаға салған.
Өз құқығының бұзылғанын түсінген азамат бұдан соң уәкілетті органға жүгінді. Өтінішті қарау барысында департамент мамандары Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының талаптарын басшылыққа алды. Аталған заңның 15-бабына сәйкес, сапасыз тауар сатылған жағдайда тұтынушы өз қалауы бойынша тауарды ауыстыруды, сатып алу бағасын тиісті мөлшерде төмендетуді немесе шартты бұзып, төленген ақшаны толық қайтаруды талап етуге құқылы. Ал заңның 30-бабына сәйкес, сатушы немесе өндіруші сапасыз тауар бойынша тұтынушының төленген қаражатты қайтару немесе сапасыз тауарды айырбастау туралы талаптарын айтылған сәттен бастап орындауға міндетті.
Өтінішті қарау барысында департамент мамандары кәсіпкерге заңнама талаптарын жан-жақты түсіндіріп, оларды орындамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылатынын ескертті.
Нәтижесінде түсіндіру жұмыстары өз жемісін беріп, кәсіпкер өз қателігін мойындады. Даулы мәселе сотқа дейінгі тәртіппен шешіліп, тұтынушыға жұмсаған қаражаты толық көлемде қайтарылды.
– Бұл жағдай азаматтардың өз құқықтарын білуінің және оларды қорғауда белсенді ұстаным танытуының маңызын тағы бір мәрте дәлелдейді. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 7-бабына сәйкес әрбір тұтынушы өзінің заңды мүдделерін қорғауға құқылы. Ал біздің міндетіміз – осы құқықтардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету, – деп атап өтті департамент өкілдері.
Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтарды құқықтары бұзылған жағдайда белгіленген тәртіппен ресми түрде тиісті орындарға жүгінуге шақырады. Халыққа құқықтық қолдау көрсету және тұтынушылар құқығының сақталуын жүйелі бақылау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Дина СЕНБАЕВА
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы
