Көптеген қайғылы оқиғалар «Басқасында бар, менің баламда да болсын» деген ойдан басталады. Кейбір ата-аналар балаларына мопед, электр скутер немесе электр самокат сатып аларда оның жол қозғалысына дайын екендігін, қауіп-қатерді бағалай алатынын және көлік құралын қауіпсіз басқара алатынын ойлай бермейді. Рөлге отырған бала өзін ересек сезінуі мүмкін. Бірақ қауіпті жағдайда дұрыс шешім қабылдауға қажетті тәжірибе мен дағды әрдайым бола бермейді. Жол қателікті кешірмейді.
noks.kz-тің ақпаратына сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда 15 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 955 адам қаза тапқан. Олардың ішінде 135 бала бар. Ал жарақат алған балалар саны 5,5 мыңнан асқан. informburo.kz Алматы қаласының өзінде 2025 жылдың басынан бері мопедтердің қатысуымен жүздеген жол апаты тіркеліп, адам шығыны мен көптеген жарақаттар орын алғанын, 24.kz электр самокаттардың қатысуымен де жүздеген жол-көлік оқиғасы тіркеліп, адамдар жарақат алып, қаза тапқанын хабарлайды. Әр статистиканың артында адам тағдыры тұр. Біреудің баласы үйіне оралмаса, біреудің перзенті өмір бойы мүгедек болып қалған. Енді біреудің ата-анасы өмір бойы өкінішпен өмір сүріп келеді.
Мопедті немесе самокатты балаңыз сұрады екен деп бірден сатып алмаңыз. Алдымен балаңыз жол қозғалысы ережелерін біле ме, қауіпті жағдайды дұрыс бағалай ала ма? Жолдағы жауапкершілікті түсіне ме? Өз өмірі мен өзгенің өміріне жауап бере ала ма? деген сауалдарға жауап беріп көріңіз.
Ешқандай мопед баланың өмірінен қымбат емес. Ешқандай самокат ата-ананың көз жасына тұрмайды. Бүгін балаңызды қорғаңыз, ертең өкініп қалмаңыз.
Алатау қаласының баспасөз қызметі
