Азаматтардың құқығын қорғау, заң мен тәртіпті сақтау қоғамның ажырамас бөлігі ретінде қаралады. Заң мен тәртіп өз мәнінде жүзеге асырылмаған жағдайда қоғамда ретсіздік пен жауапсыздық белең алатыны, оның соңғы қылмысты оқиғаларға, орны толмас өкінішке соқтырып жататыны белгілі. Сондықтан әрбір азамат мемлекеттегі адамның тағдырына қатысты заңдарды білуі, тәртіп мәселесіне айрықша мән беріп, жауапкершілік танытқаны абзал.
Жуырда Райымбек аудандық прокуратурасы Заң мен тәртіп жобасы аясында уәкілетті органдармен бірлесіп, жазғы маусымда құқық бұзушылықтардың алдын алу және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ата-аналармен жиналыс өткізді. Жиын барысында ата-аналарға кәмелетке толмағандар арасындағы кездесетін қылмыстардың алдын алу, жазғы демалыс кезінде балалармен болатын жазатайым оқиғаларға жол бермеу төңірегінде әңгімелер айтылды. Сондай-ақ, балалардың мінез-құлқы мен бос уақытын тұрақты бақылауда ұстау жөніндегі ата-аналардың жауапкершілігі түсіндірілді. Интернет қауіпсіздігі мәселелеріне де айрықша назар аударылды.
Атап айтқанда, алаяқтардың құрбаны болмаудың жолдары, әлеуметтік желілерде қарым-қатынас жасау кезінде қандай жағдайларға мән беру қажеттігі, қаскөйлер жиі қолданатын тәсілдер мен күмәнді жағдайлар туралы дер кезінде хабарлаудың маңыздылығы естеріне салынды. Жиынға қатысушыларға сонымен қатар ұлтаралық қақтығыстарға жол бермеу, барлық ұлт өкілдеріне, оның ішінде қандастарымызға құрметпен қарау мәселелері туралы да нақты мысалдар келтіріле отырып, түсіндірілді. Балалардың бойында заңға бағыну, өзара сыйластық және жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру туралы да бағыт-бағдарлар берілді.
Аудан поркуратурасы ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға, олардың араласатын ортасын, интернеттегі белсенділігін ұдайы бақылауда ұстауға шақырды.
Рыскелді ӘБДІЛДА
Райымбек ауданы прокуратурасының прокуроры
