2026 жылғы 1 шілдеден бастап республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енеді. Осы күннен бастап 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституцияның қолданысы тоқтатылады. Көптеген азаматтарды жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін қандай өзгерістер болатыны және конституциялық реформаның алғашқы қадамдары қандай болатыны қызықтырады.
Ең алдымен, 2026 жылғы 1 шілде мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың басталу кезеңі болады. Алайда өзгерістер кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, мемлекеттік басқаруда немесе құқықтық реттеуде үзілістерге жол берілмейді.
Конституцияның өтпелі ережелеріне сәйкес, 1995 жылғы Конституция негізінде құрылған Парламенттің өкілеттігі тоқтатылады. Конституция күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде Президент Құрылтай сайлауын жариялап, оны екі ай ішінде өткізуі тиіс.
Бірінші шақырылымдағы Құрылтай құрылғаннан кейін жаңа конституциялық институттарды қалыптастыру жұмыстары басталады. Екі ай ішінде Қазақстан Республикасының Вице-Президенті тағайындалып, Конституциялық Соттың Төрағасы мен судьялары, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның жаңа құрамдары жасақталуы тиіс.
Осы кезеңде Жоғарғы Соттың Төрағасы, Бас Прокурор, Ұлттық Банк Төрағасы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де тағайындалады.
Сонымен қатар мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қолданыстағы мемлекеттік институттардың басым бөлігі өз жұмысын жалғастыра береді. Судьялар, мәслихат депутаттары және өзге де лауазымды тұлғалар заңда көзделген мерзім аяқталғанға дейін немесе олардың өкілеттіктерін тоқтатуға негіз болған жағдайлар туындағанға дейін өз қызметтерін атқара береді.
Маңызды қағидалардың бірі – қолданыстағы заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер жаңа Конституцияға қайшы келмейтін бөлігінде өз күшін сақтайды. Үкімет пен мемлекеттік органдар заңнаманы жаңа конституциялық нормаларға сәйкестендіру жұмыстарын жүргізетін болады.
Осылайша, 2026 жылғы 1 шілдеден кейінгі алғашқы қадамдар жаңа мемлекеттік институттарды қалыптастыруға, Құрылтай сайлауын өткізуге және заңнаманы жаңа конституциялық қағидаттарға кезең-кезеңімен бейімдеуге бағытталады.
Өтпелі кезеңнің басты мақсаты – мемлекеттік биліктің сабақтастығын сақтау, мемлекеттік басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз ету және жаңа конституциялық тетіктерді Қазақстан азаматтарының мүддесі үшін тиімді енгізу.
