Қазақстанда зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға арналған мамандандырылған көмек кабинеттері ашылмақ. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады. Жаңа бастама балаларға көрсетілетін көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.
Жоспарға сәйкес, арнайы кабинеттерде кәмелетке толмағандарға «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді қолдау көрсетіледі. Яғни балаға қажетті барлық қызметтер бір жерде ұсынылады. Алғашқы психологиялық көмек, сот-медициналық сараптама, бейінді мамандардың қатысуымен сауалнама жүргізу сияқты маңызды шаралар бір орталықта жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде баланың әртүрлі мекемелерге қайта-қайта бару қажеттілігін азайтып, оның психологиялық тұрғыдан қайта жарақат алу қаупін төмендетеді.
Балаларға қатысты зорлық-зомбылық – бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Зорлық-зомбылық тек физикалық күш қолданумен шектелмейді. Оған психологиялық қысым көрсету, қорқыту, қорлау, немқұрайлы қарау, кибербуллинг және жыныстық сипаттағы құқық бұзушылықтар да жатады. Мұндай әрекеттер баланың денсаулығына ғана емес, оның психологиялық дамуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне және болашақ өміріне кері әсерін тигізеді.
Сарапшылардың айтуынша, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар көбіне қорқыныш, күйзеліс, өзіне деген сенімсіздік сияқты қиындықтарға тап болады. Кей жағдайларда олар өз мәселесін ашық айта алмайды немесе көмек сұраудан қорқады. Сондықтан мұндай балаларды дер кезінде анықтап, оларға кәсіби көмек көрсету аса маңызды.
Министрлік мәліметінше, жақын уақытта көмек кабинеттерінің қызмет қағидалары бекітіледі. Осыдан кейін өңірлерде оларды кезең-кезеңімен ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке немесе буллингке ұшыраған, сондай-ақ мұндай жағдайлардың куәсі болған балаларды анықтау және оларға көмек көрсету қағидалары әзірленген.
Жаңа құжатта балаларды анықтау тәртібі, көмек көрсету тетіктері және мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, 111 байланыс орталығының, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен өңірлік уәкілдердің өзара іс-қимыл алгоритмдері нақтыланған. Бұл ведомствоаралық үйлесімді жұмысты қамтамасыз етіп, балаларға дер кезінде әрі кешенді қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан бұл шаралар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Себебі әрбір баланың қауіпсіз ортада өсіп-жетілуге, сапалы білім алуға және бақытты балалық шақты сезінуге толық құқығы бар. Баланы қорғау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ
