Бұл туралы облыстық туризм басқармасының басшысы Айбар Теменов айтты. Оның мәліметінше, Алматы облысында 2023 жылғы қаңтар мен тамыз айлары аралығында былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ішкі туризм 13 пайызға артқан. Былтыр өңірге 960 000 адам демалуға келсе, биыл 1,1 млн адам келген.
Туристер ағыны мен миграцияға мониторинг жүргізетін «eQonaq» ақпараттық бағдарламасының дерегіне сүйенсек, Алматы облысы келушілер саны бойынша Алматы (47,2 мың) мен Астана (22,4 мың) қалаларынан кейінгі 3-орынға тұрақтаған.
Сонымен қатар Айбар Теменов облыста ұйымдастырылған шаралардың арқасында бюджетке түскен салық мөлшерінің ұлғайғанын айтты.
«Шетелдік туристерден түсетін салық – Bed tax көрсеткіші 68,2 мың теңгеден 3,1 млн теңгеге дейін жетті. Бұл – Қытай мен Оңтүстік Кореяда өткізілген маркетингтік кампанияның және өңірде ұйымдастырылған ауқымды шаралардың нәтижесі. Оның қатарында «Qonaev International Balloon Fest», «Adrenaline Tengri Ultra», BBC News арнасында көрсетілген жарнама, «Tripadvisor» сайтында жарияланған баннер және тағы басқа бар», – деді басқарма басшысы.
Маманның айтуынша, өңірде 300 шақырымнан астам туристік жолға жөндеу жүргізіліп, абаттандырылып жатыр.
Аталғандардан бөлек, Алматы облысында 2023-2026 жылдар аралығында туризмді дамытудың Бас жоспары әзірленген. Құжатта мақсат-мүдделер айқындалған. Сондай-ақ әр ауданның даму әлеуеті басты назарға алына отырып, жол картасы дайындалған. Нәтижесінде ауылдар мен аудандардағы туризм нарығының қысқа мерзімдік тенденциялары, жоба, жоспарлары анықталған.
Alatau News