Перейти к содержимому
Главная страница » Сан қырлы қаламгер

Сан қырлы қаламгер

Бұл өткен жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жыл­дарының басы еді. Іле өзенінің батыс беткейінің ауыл жақтағы жағасындағы көк сазға сегіз қанат үй тігіп, жайлауға шыққандай ағынды судың салқынымен кең тыныстайтын едік. Жиделі ауылы іргемізде.

Байланыс бөлімшесінің түбіндегі биік бағана басында қара қалпақтай радиоқабылдағыш саңқылдап сөйлеп тұратын. Дауысы бізге анық естіледі. Көбінесе құлақ түретініміз – радио арқылы берілетін ән-күй. Бір жолы күн екіндіге еңкейген шақта радиодан «Шапибай-ау» әні беріліп жатты. Үні зор, кең тынысты әуенді құлақ түріп тыңдадық. Әнді орындаған – Совхозбек (Бектің әуелгі есімі осылай аталатын) Тоғысбаев. Оны білетін үй-ішіндегілер: «Мынау әнші – өзіміздің жерлесіміз», – деп мақтан тұтып, ықылас-мейірін білдіріп, сүйінішті сөздерін жиі айтатын-ды. Әуелде кімді мақтан етіп жатқанына соншалықты мән де бермейтінмін. «Үлкен-кішісіне дейін ауыздарынан тастамай мақтайтындай, бұл өзі соншалықты қандай адам?» деген ой қылаң беріп, «Ел мақтаған жігітті жұрт жақтайды» демекші, әншілігін әспеттеп, өнегеге балап жүрген өнерпазды мен де көрсем-ау, танысып-біліссем-ау деген құштарлық дегбір таптырмай жүргенімде, дәл мен күткендей, оншақты күн өткеннен кейін жездем Әбдірахман әпкем Қантайға қарап: «Әлгі елдің аузында жүрген әнші қайныңмен басымызды қосудың сәті түсіп тұр. Біздің үйде түстенетін болды. Дұрыстап күтіп жіберелік. Қасында Алматыда оқитын көршілес Құйған ауылының бір-екі жігіті бар. Жыл құсындай анда-санда бір келетін жайсаң жігіттер ғой. Алыс-жақын ағайындармен жүздесудің өзі бір ғанибет. Ас-суыңды ыңғайлай бер. Мен бір марқаны алып келейін. Түстеніп жатып, демалсын», – деп тапсырма берді де, өзі өріс жаққа аттанып кетті. Әне-міне дегенше, жерошаққа қазан асылып, сары самауырға су құйылып, шоқ салынып жатты.
Түс әлетіне таман шаштарын артына жатқыза қайырып тараған, жүздері жылы, мұнтаздай таза киінген үш жігіт қатарласа басып, есік алдына келіп тоқтады. Жапырлай сәлем беріп, есен-саулық сұрасып, сыпайылық пен ізеттілік танытып, инабаттылықтарын көрсетіп жатты.
Әбдірахман жездем әпкеме еңсеріле бұрылып: «Әлгі радиодан ынталана әнін тыңдап жүрген сылқым қайның мына жігіт», – деп орта бойлы, шымыр да жұмыр денелі, бұйра шашты, бетінен қаны тамғандай толықтау балаң жігітті нұсқады. Есімі – Совхозбек. Әнші қайның – осы. Өзіміздің жақын туысымыз. Бәйшегірдің Тынымбетінен тарайтын Келменбет атаның бес елу Қайназар атанған бабаның ұрпағы. Сансыз бабадан қанат жайған Андағұл атамыздан өрбіген тұяғының бірі. Одан кейінгі бойшаңдауы – Бекжігіт. Құйғандағы Бижігіттің баласы. Ол да жақын ағайын. Дәулетбай атаның тұқымы. Оның қасындағысы – Қоялы. Қайшылы Аяпбергеннің үлкен ұлы. Үшеуі де – Алматының жоғары оқу орындарында оқитын студент. Жазғы демалысқа шыққан соң, туған ауылдарына келіп, үлкендерге сәлем беріп жүрген жастар. Көздеріне қарашы, бәрінің де жанары оттай жайнап тұр. Болашақтары үлкен азаматтар. Тілінен бал тамған, сөзіне ой тұнған мына менің Совхозбек інім сегіз қырлы, бір сырлы нарқасқаның өзі. Жаны жайсаң жігіт. Домбыраны шерткенде, күмбірлетіп жібереді. Үні зор әнші десе де болады. Бұйыртса, бүгін тыңдайсыңдар», – деді.
Осы таныстықтан бастап мен Бектің газеттерге үлкенді-кішілі жазған мақалаларын қалт жібермей оқитын әуестікті бойыма терең сіңірдім. Көбін­есе киноларға шолу жасаған, театр қойылымдарын насихаттаған мақала­лары газет беттерінде жиі жария­ланады. Жазғыштығына қайран қалатын едім.
Бір жолы Бақанастағы аудандық аурухананың білікті дәрігер-хирургі Смағұл Бүркітбаевтың оқыс оқиғадан қатты жараланған адамның бас сүйегі мен миына ота жасап, оны сәтті өткізіп, ажал тырнағынан құтқарып қалғаны жайлы жазылған деректі де көлемді очеркі облыстық «Коммунизм таңы» газетіне жариялануы көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Өте күрделі отаны жасауға батылдық танытқан Смағұлдың шипагерлік еңбегі жоғары бағаланды. «Ленин» орденін өңіріне жарқыратып тақты.
Бұрындары аралас-құраластығымыз болмаса да, алғаш танысқаннан бастап Бек аға мені бауырына тартып, жылы құшағын ашты. Маған көмек қолын созып, алғаш рет әдеби жанрда жазылған екі-үш скетчімді газетке бастырып, қаламгерлік құштарлығымды еселей түскен еді. Келе-келе туыстық таныстығымыз ұлғайып, ағалық қамқорлығын көрсетіп, ақыл-кеңесін айтудан тартынбайтын. Алғашқы кезде мақаланы қалай жазу керектігі жөнінде бағыт беріп, бағдар сілтеп, нақтылықты тілге тиек етуді үйреткен де осы Бек аға болатын. Іссапарға шыққанда үйімізге келіп, талай мәрте сыйлы қонағымызға айналып, төрімізден орын алып, дастарқанымызға ақ батасын беріп жүрді.
Бек – жастайынан ән салуды жанын­дай сүйіп өскен өрен. Анау-мынау әнді емес, үні кең тынысты әуендерді ұнататын. ҚазМУ-ге оқуға түсісімен осындағы көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысыпты. Әншілер конкурсында фортепианоға сүйеніп тұрып Жаяу Мұсаның «Сұрша қыз» әнін шырқайды. Жиырма шақты талапкерді түгел тың­даған соң, хор жетекшісі Александр Курганов Бекті әнді өз нақышымен айтуға үйретіп, шеберлігін шыңдау мақсатында жеке қарамағына алады. Ол бірден ән салдырмайды. Рояльға отырып, әуелі ырғақ қабілетін тексеріп, жоғары-төмен ноталарға дауысын қостырып, әбден сынақтан өткізіп, талантының қаншалықты екенін сараптайды. «Сенің тыңдау қабілетің бар, бірақ не тенор, не баритон екені белгісіз, екі ортада қалқып жүрсің, әуелі дауысыңды бір қалыпқа түсіру үшін жаттығу керек. Бәлкім, сенің үнің драмалық баритонға келіп қалар», – деп ерінбей-жалықпай әннің сазын, ішкі мәнін өз нақышымен әуелетіп, наз бен сағынышты, аңсау мен арманды кейде төгілте, кейде шалқытып сиқырлы әуезбен жеткізе білудің қыр-сырын тәптіштеп үйретеді. Ең әуелі Джузеппе Вердидің «Травиата» операсындағы Жермонның ариясын шырқауға жаттықтырып, байып­пен шыңдайды. Ұстазы әрбір музыка­лық фразаларын зейінмен тыңдап, көкейіне тоқыған шәкіртіне ризалық білдіреді. Табиғат берген зиялылығы, ішкі мәдениеті жоғары ұстаз итальян музыкасының кең созып айтатын әуез­ділігі, мелодиясының қазақ әуен­деріне жақындығын ұғындырады.
Нотадан хабары жоқ, опера өнерімен жаңа-жаңа таныса бастаған ауылдың қарадомалақ баласы түгілі, оқуын оқып, тоқуын көңілге тоқып, театр сахнасында ән салып, табалдырығын тоздырып жүрген баритон дауысты ысылған әртістердің жүрегі көп ретте дауалай бермейтін арияны орындау оңайлыққа түспейтінін біле тұра, осы бір тауқыметі молдау өнерге қалай тәуекел еткеніне Бектің өзі де таңданатын. Қалай болғанда да, «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» дегендей, ұлағатты ұстазы Александр Кургановтың қайсарлығы мен табандылығы арқасында бірер ай шамасында қиын арияларды еркін орындайтын дәрежеге қол жеткізеді. Үйренген әндері Қазақ радиосы арқылы жалпақ жұртқа тарай бастайды.
Балқаш көлінің онтүстік бет­кейінде Көккөл деген шағын арал бар. Бектің жарық дүние есігін ашқан жері – осы өңір. Мұндағы тұрғындар негізінен балық аулаумен шұғылданады. Шағын аралдағы мектепте Бектің әкесі Тоғысбай мұғалім болып істейді. Өзінше өлең жазатын, ән салатын кісі болған. Көптеген жырды жатқа айтатын-ды. Баласы Бек әріп танып, жазып-сыза бастағаннан кейін әжесі Райханның айтуымен Біржан мен Сара айтысының үзінділерін, «Дариға» деген дастанды жазып алады. Кейбір қолжазбалары қазір де сақтаулы көрінеді.
Бектің бес жасында Ұлы Отан соғысы басталып, әкесі Тоғысбай алғашқылардың бірі болып майданға аттанады. Көп ұзамай әкесінен «қара қағаз» келеді: Ленинградты қорғау кезінде қаза тапқандығы хабарланған. Шешесі Күлшәрі шаруаға пысық, сөзі өтімді, адамдардың жүрегіне тез жол таба білетін, еңсесін тік ұстап жүретін жан еді. Жалғыз ұлын қанаттандырып, ержеткізу үшін білек түріп еңбекке араласады. Ұжым бастығының мал шаруашылығы жөнін­дегі орынбасары болып сайланады. Күндіз-түні ат үстінен түспей, алыс­тағы малды ауылдарды аралайды. Жұмысбасты ананың балаға қарауға мүмкіндігі аз болғандықтан, Бек әжесі Райханның бауырында өседі.
1947 жылы «Темірқазық» ұжым­шары таратылып, ауыл тұрғындарын қызылша өсіретін аймаққа көшірмекші болады. Осыған орай мектеп те жабылады. Шешесі Күлшәрі қолын­дағы малын сатып, баласын сабақтан қалдырмау үшін Бақанаста тұратын ағайындарына жібереді. Осындағы ағайыны Болысбайдың үйінде тұрып оқиды. 1952 жылы он алты жасында ҚазМУ-дің журналистика бөліміне оқуға қабылданады. Оны 1957 жылы үздік белгімен тәмамдайды. Үшінші курсқа көшкен кезден-ақ газет-журналдардың бетінен жиі көріне бастайды. Белсенді автор ретінде сол кездегі жалғыз жастар газеті – «Лениншіл жас» төртінші курста оқып жүрген Бекті жұмыс істеуге шақырады. Шығармашылық жолы осы кезден бастау алады. Алғашқы кезде көбінесе әдеби сын мақалалар жазуға ден қояды. Арасында очерк, көркем әңгімелері жарияланып тұрады.
Университетті бітірген бойда «Жетісу» газетінде жұмыс істейді. 1958 жылдың басында «Лениншіл жас» газетінде әдебиет және өнер бөлімі ашылып, Бек оның меңгерушісі болып бекітіледі. Осы басылымда жүріп, Шыңғыс Айтматовты «Жәмила» повесі арқылы алғаш рет казақ оқырмандарына таныстыруға атсалысады.
Қызылорда облысының Арал аудан­ындағы Бөген деген мекенде тұратын дарынды ақын Зейнолла Шүкіровтің кембағалдығын естіп, іссапармен арнайы іздеп барып, Асқар Тоқмағамбетовпен бірге облыс басшыларына кіріп, ақынға қолайлы тұрмыстық жағдай туғызу жағын қарастыру жөнінде ұсыныс жасайды. Артынша «Лениншіл жастың» бір бетін тұтастай алып жатқан «Өмір жыры» деген очерк жазады. Көп ұзамай Зейнолла Шүкіров облыс орталығына көшіріліп, төрт бөлмелі үй беріледі. Мүгедектерге икемделген жеңіл көліктің кілті тапсырылады. Тағдыр тәлкегіне түскен жанға жәрдемдескеніне Бек те қуанады.
1960 жылдың көктемінде Бекті универ­ситеттегі ұстазы, диплом жұмысы­ның жетекшісі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Зейнолла Қабдолов телефон соғып, басылымның әдеби сын бөлімінің меңгерушілігіне шақырмақшы ойын ілтипатпен білдіре келіп, «Ғабит Мүсірепов шығармаларындағы сықақ мотивтер» деп аталатын жұмысын өзі бас редактор болып отырған «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналына түгелдей бастыратынын айтады. Ғалым ағаның қамқорлығы қатты қызықтырады. Жазушылар одағының сол кездегі басшысы Ғабит Мүсіреповтің қабылдауында болып, «жұмысыңды адал атқар, бұлталақтамай, жалтақтамай, әдеби процесті көрсететін сын жазыңдар. Тек шындықты көрсетіңдер» деген нұсқауын алады. Ұлы жазушының осы тапсырмасын тиянақты орындауға тырысқан Бек жұмысқа үлкен шабытпен кіріседі. Ғабит Мүсіреповтің қолдауымен білікті әдеби сыншы ретінде Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданады.
Осы кезеңде Бек Тоғысбайұлының «Жаңбырлы күз» атты әңгімелер жинағы шығып, «Үміт» деген тұңғыш хикаяты «Жұлдыз» журналында жария­ланып, оған Әбу Сәрсенбаев, Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Сафуан Шаймерденов, Сәуірбек Бақбергенов, Сайын Мұратбеков сияқты проза майталмандары жоғары баға береді. Қырғызстаннан Шыңғыс Айтматовтың «Акқу көлі», «Операция» деген әңгімелеріне жылы лебізін білдірген хат алады. Осындай көрнекті қаламгер ағаларынан жылы лебіз естіп, көңілі көтеріліп жүрген кезеңде Мәскеуде ашылған Жоғары сценаристер курсына қабылдау үшін конкурс жарияланады. Бек Мәскеудегі емтиханнан сүрінбей өтеді. Сценаристер курсында оқыған екі жылда ой-өрісін кеңейтіп, киноның, драматургияның, әдебиет саласының талай тарландары­мен жүздеседі. Мәскеуде оқыған кезін­де кинодраматургияның негіздерін терең түсініп білуге, ондағы театр қойылымдары мен әртістерінің өнерін көріп, зейін қойып, зерделеуінің нәтижесінде кейін пьеса жазуына, прозаның өзін ширата түсуіне игі әсерін тигізеді. Телефильмдер­ге жарияланған кон­курсқа қаты­сып, Ескендір Тынышбаев экран­даған екі бөлімді «Аққу көлі» сценарийі жүлделі орынды иеленеді.
Жоғары сцена­ристер кур­сын аяқтап кел­ген­нен кейін «Мәдениет және тұрмыс» жур­налы­нда әдебиет-өнер бөлімі­нің мең­герушісі, одан кейін 1969 жылы жаңадан ашылған «Жалын» журналы бас редакторының орын­басарлығына ауысады. Сол кезде жас саналатын белгілі жазушылар – Әкім Тарази, Оралхан Бөкеев, Төлен Әбдіков, Тынымбай Нұрмағамбетов және басқалардың шығармаларын журналда жариялап, таланттарға сәттілік тілеп, әдеби өмірге жол ашуға қолұшын беріп, қамқорлық жасайды.
1970 жылы Мәдениет министрлігіне қарасты өнер істері жөніндегі басқарма бастығы қызметіне тағайындалады. Осында істеген бес жылдың ішінде қазақ өнерінің қалай өркендеп, дамығанына куәгер болады. Қазіргі Республика сарайы жұмыс істей бастайды, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры жаңа ғимаратқа көшеді. Облыстарда жаңа театрлар ашылады. Қазақ циркі, «Гүлдер» ансамблі көрермендерін сүйсіндіреді. Осының бәріне қажетті қаражат сол кездегі Республика басшысы Дінмұхамед Қонаевтың тікелей қамқорлығының арқасында іркіліссіз бөлініп тұрады.
Драматургия саласына тәп-тәуір еңбек сіңірген Бек Тоғысбайұлы 1975 жылы Қазақстан Кинематографистер одағы­ның хатшысы болып сайланады. Лауазымды қызметтер атқара жүріп, жазу-сызуын бір сәтке де кейін сырып қоймайды. Сонда да болса, қоғамдық қызметте жүрген жылдарында азды-кем шегініңкіреп қалған шығармашылық шаруасымен тікелей шұғылдануға біржола бет бұрады. Осыдан кейінгі және бұрынғы жазғандарын қосқанда он жеті кітабы жарық көреді. Жиырмаға тарта үлкенді-кішілі пьеса жазады. Бұлардан басқа Қазақ радиосынан берілген оншақты пьесасы және бар. Қазақстан Жазушылар одағы, Мәдениет министрлігі, Қазақ радиосы мен теледидары жариялаған конкурстарда «Шалғайда» атты хикаяты, «Сүйіндік батыр» атты радиоқойылымы, «Қызыл комиссар», «Әулиеге атылған оқ» атты трагедиялары әр дәрежедегі бәйгелерге қатысып, алты мәрте жүлделі орынды иеленеді. Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің, Республика Парламентінің Құрмет грамоталарымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанады.
Жазушының «Үміт», «Алдыңғы толқын», «Боз жорға», «От пен гүл», «Шалғайда», «Тарихтың ашылмаған беттері» атты кітаптарын оқырман жылы қабылдады. Соңғы жылдары жазған «Әкеден ұл туса» атты романы, деректі шығармалар жинағы баспаға ұсынылған. Көптеген әңгімесі орыс, украин, өзбек, қырғыз, тәжік, ұйғыр және басқа тіл­дерге аударылып, баспалардан жарық көреді.
Бек Тоғысбайұлы ән өнерін игеруге әуестік танытқанымен, негізгі кәсібі журналист бол­ғанымен, мамандығын кәсіби жазу­шылыққа ұластырған, өзіндік тақырыбын айқындай білген, өзіндік ойымен, өзіндік жазу стилімен ерекше­ленетін талант иесі ретінде танылады.
Өз шығармаларында қара бастың қамын ойламай, қоғамдық мүддені қорғайтын өмірлік күрделі мәселелерді де арқау етіп, сол төңіректе толымды ой толғаған қаламгер. Оған бір дәлел – «Өмір өзен» атты романында Іле өзені бойындағы бір кезде тұнып тұрған табиғат байлығы жойылудың аз-ақ алдында тұрғандығы жөнінде қаламгердің жанайқайы бүгінгі өмір шындығымен ұштасып жатуымен құнды. Қаламгер былай деп жазады: «Қайран, Іле! Осыдан жиырма жыл бұрын ернеуіңнен асып-төгіліп жататын дария едің, енді, міне, Қапшағай тауының тұсынан буындырылып, қылғынып қалдың. Төменгі ағысында адам түгілі, ит кешіп өтетін тұстар бар. Табаныңды құм басты, жағалауыңды арам шөп жайлады. Аң-құстар мүлде азайды, қазір айналада қара қарға, ала сауысқан шуылдап ұшып жүр. Елік, қоян, қарақұйрық, көзден ұшқалы қашан. Қаз, үйрек, қырғауыл ілуде бір көзге шалынады. Оларды құртқан – шұрат көлдердегі тұщы судың азаюы, қалай болса, солай шашылып жатқан у дәрілер. Асқақ Алатаудан сарқырай құлап ағатын өзендердің жол-жөнекей бұғалыққа түсіп, қылғынғанына телміре қарап, көз жасын күнде төгетін Балқаш-ана, алдағы өмірің қандай болар екен? «Балқашты құтқарайық!» деп айқай салушылар көп, бірақ теңізге құятын өзендерге белгілі бір бас ие жоқ. Әр мекеме, әр шаруашылық, әр браконьер өз білгенін істеп жатыр. Бұған қашан тыю болады? Айдын Балқаштың айналасын ғасырлар бойы құтты қоныс еткен бес облыс адамдарының күні келешекте не болмақ?» Туған өлкесіндегі табиғат жаратылысының келбеті жұтаң тартып, өзгеріске ұшырап, жүдеп бара жатқанын жазушы осылайша ашына жазып, жанашырлық пейіл танытады. Іле өзенінің келешекте қайраңға айналып кетпеуі тұрғысындағы жазушы ойы шын мәнінде көпті алаңдатып отырғаны – бүгінгі таңдағы нақты шындық. Бұл тиісті орындарды да ойландырса құба-құп.
Жалпы алғанда, Бек Тоғысбайұлы – өнердің сан-саласын жан-жақты меңгерген үлкен дарынды тұлға деуге лайықты қаламгер. Олай дейтініміз, Бек – оқырманы көп белгілі жазушы болуымен бірге, баритон үнді тынысы кең әнші, қос ішекті домбырамен қүмбірлетіп жіберетін күйші, оқиға тартысын сахналық көрініспен шебер шиеленістіре білетін драматург, ойын өлеңмен әдемі өрнектейтін ақын, тарихтың тылсымынан шым-шымдап тамыр тартқан зерек зерттеуші, әдеби шынайы сынның дамуына өзіндік үлес қосқан кәнігі сыншы, басқа ұлт өкілдерінің туындыларын қазақша сөйлетіп, бір-бірімен ағайындығын жалғастырған аудармашы, мемлекеттің рухани азығын молайту жолында түрлі мәдени шаралардың ұйытқысы бола білген қоғам қайраткері. Осындай сегіз қырлы, бір сырлы өнерімен адами беделін биіктете білген айтулы тұлғаның жарқын бейнесі халық жүрегінде мәңгілік сақталатынына еш күмән жоқ.
Жоғары білімді филология саласының маманы Сапаргүл Қонақбайқызымен тағдыр қосқан Бектің отбасынан қанат қағып ұшқан балапандары да өмір айдынында қауырсындарын қатайтып, ержетіп, өздері де берекелі жеке-жеке отбысыларына айналған. Тағылымды тәрбиеге баулыған үш баласы да – оқығаны мен тоқығаны өздеріне жетіп-артылатын жандар. Бәрінің де жоғары кәсіби білімдері бар. Елі үшін адал еңбек етуде. Бек ағамыз осынау ұл-қыздарынан өрбіген бес немере сүйген балажан ата да еді.


Әли ЫСҚАБАЙ,
ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері,
Алматы облысының
Құрметті азаматы