Перейти к содержимому
Главная страница » Қажыр мен қайрат иесі

Қажыр мен қайрат иесі

Қоғамдық өміріміздің өткені мен бүгініне көз жіберіп қарасақ, халқымыздың асыл қазынасы – ақ жаулықты аналарымыз бен ақсақалды аталарымыздың алар орны айрықша екені айтпаса да түсінікті. Екі ғасырдан да еншісін алып, белдері бүгілмей, барға қанағат, жоққа салауат айтып жүрген оларды біз көненің көздері деп ардақтауды әрқашан да алдыңғы қатарға қоямыз. Оларға деген ұрпақ парызы осындай.

91 жастағы Рақымхан Молдабекұлының таңмен таласа тұратыны бала жасынан жаратылысында бар қасиеті екенін өзі жиі айтады. Бүгін де солай. Көзін тырнап ашқаннан кейін, суық сумен жақсылап шайынып алады да, сыртқа шыға берістегі қақпаның екі жағындағы өмірлік сенімді серігі болған ұсталық шеберханасының құрал-жабдықтарына алма-кезек көз жүгіртіп, қадалады да қалады. Мұнда не жоқ дейсіз? Ұстаның көрігінен бастап, неше түрлі балға, темір кескіштерінің санының өзі біршама. Одан басқа да құрал-саймандары жетерлік. Темір жонатын токарлық станогының өзі сол қалпында тұр.
Осынау дүниелерге қарасаңыз, ұста шеберхана­сына немесе мұражайға кіргендей әсерде қаласыз. Рақаң әр таңда осынау дүниелеріне асқан бір қимастық сезімімен қарап, терең ойға беріліп барып, күнделікті серуенге шығады. Табиғаты тамылжып тұрған сұлулық құшағында құмары қанғанша жүріп, жаны жадырап қайтады. Осындай сәтте өмір өткелдері ойына жиі орала береді.
Иә, бұл кісінің өмір жолының өзі қатпары қалың кітапқа жүк боларлық дүние екенін көзі көрген адамдар бүгінгі күнге дейін ауыздарынан тастамай айтып келеді. Енді бұл ауандағы әңгімемізді сабақтай түсейік. Рақымхан ақсақал 1935 жылы арғы беттегі Қытай жерінде дүние есігін ашады. Сол жердің қатып қалған заңдылығына сәйкес
9 жасында мектепке барады. Бала кезінен бейнетпен белдесіп өскен оның есепке деген ынтызарлығы мен құштарлығы айрықша болады. Елуінші жылдардың өзінде  мекемелерде есепші болып қызмет істейді. Бұл мамандықты ол бүге-шігесіне дейін тап-тұйнақтай меңгеріп алады. Құлжадағы есепшілер даярлайтын курсты да ойдағыдай бітіріп шығады. Облыстағы «Маяк» фермасында 3 жылдан астам бас есепші болып еңбек етеді. Ол осы жұмыспен ғана шектеліп қалмайды. Жанбағыстың қамымен қара жұмыстың да бел ортасында жүреді. Таулы жерлерден қарағай дайындау ісіне араласады. Мұнда 80-нен астам қарағай дайындаушыларды басқарады. Ондағы заң мен талаптың қаталдығына екінің бірі шыдай бермейтін. Ондағы жұмыстың ең басты ауыртпашылығы – дайындалған қарағайларды ағын су арқылы жеткізіп беру еді. Бұл – қияметті іс. Қатты су тасқынының салдарынан адам шығыны орын алған кездер де болған. Рақаң сол марқұм болып кеткен замандастарын жиі есіне алып отырады. Осы жұмыстың өзін шымырдай етіп шынықтырғанын да мойындайды.
    – Ата-бабамыздан жеткен «Басқа түссе, баспақшыл» деген сөз бар. Мен бұл сөзді ешқашан жадымнан шығармаймын. Адамның басына не түссе, пешенесіне не жазылса, сол болады екен. Бірақ осынау қиын жолда адамды алға сүйрейтін оның арман-мақсаты. Осы орайда менің пірім – қажырым мен қайратым дер едім. Қажырым мен қайратымның арқасында талай қиындықты жеңіп келемін. Осынау мақсатымды басқалар да өздеріне берік ұстаным етсе екен деймін, – дейді қария.
     Бір кездегі Рақымханның ғана емес,  арғы беттегі мыңдаған қандасымыздың алдарына қойған асыл арманы – ата-бабаларының табаны тиген туған мекенге оралу еді. «Көп тілеуі – көл» деген емес пе?! Қандастарымыздың сол тілеуі 1962 жылы орындалды. Алла-тағала сәтін салып, осы жылы көші-қон керуенімен өз елінің төрінен  Рақымхан да қоныс тапты. Сол уақытта Нарынқол ауданында атақ-даңқы дүрілдеп тұрған Ленин атындағы ұжымшарды (бүгінгі Сарыбастау ауылы) мекен етті. Олардың сол кездегі көңілдеріндегі көлдей тасыған қуанышты тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Ол ештеңеге тең келмейтін айрықша сезім еді.
     Ел мен жерге деген сағынышы орнына түскеннен кейін, Рақымханның маңдайына Иматай деген ел-жұртқа белгілі шебер ұстаға балғашы болу бақыты бұйырады. Тепсе темір үзетін жігіт жастықтың жалынымен бұл жұмысқа қызу кірісіп кетеді. Көпті көрген көнекөз ағасының айтқандарын екі етпей орындап отырады. Оның қызған темірді балшықша илейтін қайратына қатты қызыққан ағасы:
– Айналайын, талабыңа нұр жаусын! Сенің қандай жұмыс болмасын, алып кетер алғырлығыңа мен қатты қызығамын. Ұсталыққа да жаның жақын екен. Тапсырған бұйымдарды кәнігі шеберлердей мінсіз жасап шығуың келешегіңнен көп үміт күттіреді. Сенен мықты ұста шығады, – деп батасын бергені әлі көз алдынан кетпейді.
Шаруашылықтың шаш етектен асып жататын шаруасының толас тапқан кезі жоқ. Бір күні ұжымшардың бас инженері Рақаңды шақырып алып, слесарьлық жұмысты істейтін адамның жоқ болып жатқанын айтып, осыны  істеуге өтініш білдіреді. Бас маманның мына өтінішіне ол немқұрайды қарамайды. Бірден келісімін береді. Оның осындай табандылығына риза болған бас инженер оған бар жұмыстың мән-жайын түсіндіріп, үлкен сенім артады. Ол артылған сенімді ақтауға тырысып, жұмысты бірден меңгеріп кетеді. Өзіне тиесілі істі тап-тұйнақтай орындап, арқалағаны алғыс пен естігені мақтау сөз болады. Бұл жұмысты Рақаң 3 жыл істеп, техникалық қосалқы бөлшектерді дер уақытында қалпына келтіріп отырады. Сол сияқты токарлық станокты да тез меңгеріп, механизаторларға, жүргізушілерге, комбайншыларға, қырманшыларға қажетті болттары мен бұрандаларын жонып беріп жүреді. Осылайша ол іскерлігі әрі шеберлігімен көпке мәлім болады.
Жылдың төрт мезгілі шаруашылық үшін бірінен кейін бірі жалғасып жататын науқандық жұмыстарға толы болатыны белгілі. Бұған ұжымшар жұмысшыларының еті әбден үйреніп кеткен. Олар үшін уақытпен санаспай, үзіліссіз жұмыс істеу белгіленіп қойылған тәртіп пен заңдылық. Мұндай талапқа Рақымхан Молдабекұлы да көндігіп кеткендердің бірі. Бір күні бас инженер оны шақырып алып, «МТЗ-5» тракторын айдайтын адам керек екенін айтып, осы жұмысты ұсынады. Бұл – бас маманның оған екінші рет қолқа салуы. Трактор айдауды өз бетімен үйреніп алған Рақаң бірден келісімін береді. Қарап тұрған тракторға ие табылғанына риза болған бас маман да бөркін аспанға атып, оған деген алғысын жаудырумен болады.
«Сенім артсаң, сеніп арт» деген нақыл сөз­дің салмағын терең түсінетін Рақаң қабылдап алған тракторын ерекше күтімге алып, техника­лық талаптарға сай жүргізеді. Қалай көктем шығады, күндіз-түні егіс даласында жер жыртумен болады. Жаз басталғанда шабындық алқаптарында мал азығын дайындайды. Ал қоңыр күздің алғашқы күндерінен қыстауларға малдың қажетті азығын тасымалдап, тыным таппайды. Сол сияқты қыс­тың қыраулы күндерінде бөлімше меңгерушісі тапсырған жұмыстың соңында жүреді. Осы трак­тордың тізгінін ұстаған бес жылда тоқтаусыз жүргізіп, алдыңғы шептен көрінеді.
Рақымханның шаруашылық жұмысына әбден төселіп алғанын білетін басқарма мүшелері оған үнемі құрметпен қарайтын. Ол кезде жыл сайын ұжымшардың мал басына отар-отар қой қосылып жататын. Осыған байланысты бір күні ұжымшардың басқарма мүшесі Тілеужан Иманбеков оған арнайы келіп, шаруашылыққа қой бағатын адам керек екенін, соған басшылар жағы өзін лайық көріп жатқанын айтады. Ақ самайымен келіп отырған ұжымшардың абыройлы атқамінер ағасына жоқ деп айтуды жөн санамай, шопан болуға келісімін береді.
Сөйтіп, ойламаған жерден Рақаң дырдай шопан болып шыға келеді. Бір отар бойдақ қойды қабылдап алады. Өйткені ол ақтылы қой бағудың қыры мен сырын жақсы білетін малсақ жандардың қатарынан еді. Сол жағынан бұған сенімі берік те бекем болатын. Екінші тұстан қоғамдық мал басын сақтау – үлкен жауапкершілік. Осы жағы да ойландырмай қоймайтын. Бәрінен де ақтылы қойды қылышын сүйретіп келетін қыс сынағынан аман алып шықса, ар жағының асып бара жатқан қиыншылығы жоқ екенін де жақсы сезінеді. Мал соңында жүрген бес жылында бәрі оның өзі ойлағанындай болды. Ұжымшар басшыларының артқан сенімін адал еңбегімен ақтап шықты. Қоғамдық малға көзінің қарашығындай қарап, шығынсыз өсіріп, қоңдылық күйін сақтап қалды. Мұның өзі ол үшін ерлікпен пара-пар іс болғанын малшылар жиынында өз құлағымен естіп, төбесі көкке жеткенін қалай ұмыта алсын?! Түптеп кел­генде, ол ұжымшардың қай жұмысында болсын, сегіз қырлы, бір сырлы бесаспаптығымен танылды.
Рақымхан Молдабекұлы атқарған жұмыс­тарының ішінде ұсталықты бәрінен де биік қойды. Бұл істі жаны сүйсіне жасады. Қой баққаннан кейін ұсталық жұмысын одан әрі жалғастырды. Балғашы болып осы ұсталыққа келгенде, ұста ағасы Иматайдың айтқаны алдына айдай келді. Ол ақ батасын бекер бермепті. Рақаң ұста шеберханасын мұнтаздай етіп ұстаумен қатар, ауылдастарының да тілектері мен өтініштерін жерге тастамады. Ауыл жұртшылығының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қатысты заттарын жасап беріп отырды. Ауыл халқы оның мұндай алақанының ашықтығы мен жанының жомарттығына асқан ризашылықтарын білдіруші еді. Әсіресе адам баласының көңілін қалдырмайтын ақ ниеті мен кең пейіліне шеттерінен таң-тамаша болып жататын.
Өмір болған соң, өзгеріс орын алмай тұр­майды. 1981 жылы Рақаң бала-шағасымен Шелек ауданының Авангард кеңшарына көшіп келіп, қоныс тебеді. Мұнда да ұсталық кәсібін тастамай, оны одан әрі жалғастыра беруді жөн санайды. Кеңшар басшылары мен ауыл адамдары оның темірден түйін түйетін шеберлігіне шексіз ыстық ықыластарын білдіріп, құшақтарын жайып, құрметтерін көрсетіп тұрады. Ол осы жерде 1995 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққанша тұрақтап жұмыс істеді. Сүйікті кәсібіне бауыр басып кеткені соншалық, зейнеткерлік демалыста жүрсе де ұсталығын тастай алмай, 5 жыл табан аудармай жұмыс істеумен болады.
Ол кісінің қолынан шыққан дүниелер жетерлік. Бергі жағының өзін атап айтар болсақ, ат соқа, ат арба, есек арба, ат кісені, қышқаш, қалақ, күл шығарғыш, шойбалта, қазан пеш, үйдің пештері мен плиталарын, тағы басқаларын жасайды. Тоқ- етерін айтқанда, оның қолынан келмейтіні жоқ. 
Рақаңның бесаспаптығының тағы бір белгісі туралы да айта кетсек, артық болмас. Ол ұсталығы­мен қатар мал терілерін иін қандырып илеудің де шебері. Одан ат әбзелдері болып саналатын жүген, құйысқан, жай қамшы, 12 өрімнен тұратын қамшы, өмілдірік түрлерін жасайды. Бұл жағынан халық тарапынан сұраныс көп болыпты. Оның осындай шеберлігін жоғары бағалаған халық оны «алтын қолды адам» деп бекер бағаламаған екен. Оған мұның қолынан шыққан мінсіз дүниелері толық жауап бере алады.
      Оның өмірлік қосағы Жібек жайлы айтпай кету мүмкін емес. Екеуі алтын асықтай Айнұр, Нұрлан, Нұрболат, Жанболат, Гүлнұр, Әсел, Нұрбақыт атты балаларын тәрбиелеп, өсірді. Олардың бәрі де өз алдарына түтін түтетіп отыр. Осы балаларынан бүгінгі күні 16 немере, 17 шөбере сүюде. Ең өкініш­тісі – ардақты да аяулы Жібегінің 73 жасында о дүниелік болып кеткені. Асыл жарын Рақаң, аяулы аналарын бала-шағасы ешқашан да ұмытпайды.
Бүгінгі күні 91 жасқа толып отырған Рақымхан Қарақашевтың еңбегі еленбей қалған жоқ. Бес-алты ордені мен медалі болған екен. Соның бәрін көшіп-қонып жүріп жоғалтып алыпты. Тек 2021 жылы алған «Құрмет белгісі» медалі ғана қалыпты. Ал былайғы жұрт оның жетпіс жылдан астам ғұмырының адал еңбекпен өткенін жақсы біледі.
Қазір қадірлі қариямыз Алматы қаласында тұрады. Денсаулығы мығым, қимылы ширақ. Әңгімеміздің басында ол кісінің ертеңгілік есігінің алдындағы ұстахана шеберханасына қарамай, серуенге шықпайтынын айтқан едік. Оның күнделікті тірлігі осылай басталады. Ауылдағы ұстаханасын осында көшіріп әкелген. Онысын балалары әкеміздің тірлігінің көзі деп қастерлеп ұстап отыр. Рақымхан ақсақал ұстаханасында ештеңе істемесе де осыннан шықпайды. Мен ол кісінің өз кәсібіне деген іңкәрлігі мен сүйіспеншілігіне арнап «Ұста қарт» деген өлең жазған едім. Соны назарларыңызға ұсынамын.
Адам болса бір көргеннен аңғарған,
Жарасымды қолыңдағы нән балғаң.
Кім ойлаған қажырлықты осындай,
Шығады деп шүйкедей-ақ шалдардан
.

Қашан көрсең жұмысында бір тынбай,
Бұлшық еті қимылдайды бұлтылдай.
«Өмір заңы – күрес» деген шырағым,
Шаруа тындыр, шалқаюмен құр тұрмай
.

Сонда ғана мәртебең сан биіктер,
Атанарсың, ардақты бір сүйікті ер.
Жақсылықты жасасаң сен еліңе,
Өлшемей-ақ жомарттықпен үйіп бер
».

Деп осылай кейде қартың толғанар,
Айтқан сөзі ойлы жанға ем болар.
Әр сөзіне иланбасқа әбдің жоқ,
Сан тағдырдың бар талқысын көрді олар
.

Тек еңбектен елемейтін басқаны,
Ортаймайтын ой-қазына асқағы.
Аядай-ақ ұстахана мекені,
Төс пен балға тірлігінің аспабы…

 Жыр етерлік, өткені мен бергісін,
Қартайса да төгіп жүрген терді шын.
Ұрпағына көрсетіп еді сол қартың,
Шыңдалу мен шымырлықтың белгісін
.

Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Алматы облысының Құрметті азаматы