Тескенсу ауылдық округіне қарасты Толқын ауылында 15-19 маусым аралығында «Алкогольсіз ауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Іс-шара аясында ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мәселелері талқыланды.
Іс-шараға Шелек полиция бөлімшесінің басшысы Ержан Сексенбаев қатысып, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында тұрғындар өз пікірлерін білдіріп, ауылдағы тыныштық пен қоғамдық келісімді сақтаудың маңызына тоқталды.
Бүгінде Толқын ауылында азық-түлік сататын үш дүкен бар. Бірақ олардың ешқайсысында алкоголь өнімдері сатылмайды. Қазақ, ұйғыр және орыс ұлтының өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан ауыл тұрғындары алкоголь өнімдерінің саудасына бірауыздан қарсы екендерін жеткізді.
«Осында тұрып жатқанымызға көп жыл болды. Ауылда арақ сатылуына үлкеніміз де, кішіміз де қарсымыз. «Арақсыз ауыл» бастамасын толығымен қолдаймыз. Бұл – жастардың тәрбиесі мен ауылдың тыныштығы үшін маңызды қадам» – дейді ауыл ақсақалдары.
Іс-шара қорытындысы бойынша Толқын ауылы «Арақсыз ауыл» мәртебесіне ие болды. Тұрғындардың айтуынша, мұндай бастамалар ауылдағы қоғамдық тәртіпті нығайтып қана қоймай, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға және отбасы құндылықтарын дәріптеуге оң әсерін тигізеді.
Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары алдағы уақытта да осы ұстанымнан айнымай, елді мекеннің тыныштығы мен бірлігін сақтауға күш салатындарын айтты. Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
