Қазіргі таңда интернет адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Қажетті ақпарат іздеу, сауда жасау, ақша аудару немесе түрлі қызмет түрлерін пайдалану үшін ғаламторға жүгінеміз. Алайда технологияның дамуы интернет алаяқтарының да көбейуіне жол ашып отыр. Сондықтан цифрлық қауіпсіздік мәселесі бүгінгі күннің өзекті тақырыптарының біріне айналды.
Соңғы жылдары интернет арқылы жасалатын алаяқтық фактілері жиілеп келеді. Алаяқтар өзін банк қызметкері, құқық қорғау органы өкілі немесе түрлі компаниялардың маманы ретінде таныстырып, азаматтардың жеке мәліметтерін алуға тырысады. Кей жағдайда адамдардың сеніміне кіріп, есепшоттарындағы қаражатты иемденіп кететін жағдайлар да кездеседі.
Сонымен қатар қаржылық пирамидалардың құрбаны болып жатқандар да аз емес. Олар қысқа уақытта мол табыс табуға уәде беріп, азаматтарды өз қатарына тартуға тырысады. Алайда мұндай ұйымдардың негізгі мақсаты – адамдардың ақшасын жинау. Нәтижесінде көпшілік қаржысынан айырылып, сан соғып қалады.
Мамандар кез келген күмәнді ұсынысқа сақтықпен қарауға кеңес береді. Егер біреу оңай жолмен көп табыс табуды ұсынса немесе жеке мәліметтеріңізді сұраса, оның заңдылығына көз жеткізген жөн. Банктік карта нөмірін, құпия кодтарды және телефонға келген растау хабарламаларын бөтен адамға айтуға болмайды.
Интернеттегі қауіпсіздік әр адамның өз жауапкершілігінен басталады. Ақпаратты бірнеше дереккөзден тексеру, күмәнді сілтемелерді ашпау және ресми сайттарды ғана пайдалану көптеген келеңсіздіктің алдын алады.
Алаяқтардың арбауына түсіп қалмаудың ең тиімді жолы – сақтық пен сауаттылық. Сондықтан әр азамат интернеттегі қауіпсіздік ережелерін біліп, қаржылық шешім қабылдауда асығыстық танытпауы керек.
Қарапайым сақтықтың өзі үлкен шығынның алдын алады. Сол себепті интернет кеңістігінде қырағылық таныту – бүгінгі заман талабы.
Құралбек СӘБИТҰЛЫ
