Жаз мезгілі басталып, балалардың бәрі демалысқа шыққан тұста қауіпсіздік мәселесін назардан тыс қалдырып жататын уақыттар болады. Ата-ананың қарауынсыз кей балалар белгіленбеген орындарда шомылып, қайғылы оқиғалар да орын алып жататыны жасырын емес. Болмаса көшелерде түнгі уақыттарда жүріп, түрлі келіспеушіліктер болып, балалардың тағдырына балта шабылатын деректер де жоқ емес. Осындай тұста ана-аналардың салғырттығы сан соқтырады. Нәтижесінде ата-аналар жазаға тартылып жатады.
Осындай олқылықтардың алдын алу мақсатында Шарын ауылында құқықбұзушылықтың алдын алу бағыты аясында «Жазғы кезеңде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі» түнгі рейд өткізілді. Іс-шара барысында ауыл көшелері мен қоғамдық орындар бақылауға алынып, жасөспірімдерге қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Сонымен қатар, ата-аналарға балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және олардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау жөнінде ұсыныстар берілді. Рейд барысында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ақпараттар таратылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

