Облыс көлемінде балалардың жазғы демалысын, сауықтырылуын және бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл жазғы кезеңде балалардың демалысы мен сауықтырылуын ұйымдастыру мақсатында облыс әкімдігі жанынан жұмыс тобы құрылып, іс-шаралар жоспары қабылданды. Өңірде 2 мемлекеттік, 45 жекеменшік лагерь бар. Бүгінде оның 21-і санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің рұқсатын алды. 4 лагердің өтінімдері санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде қаралуда. 1 маусымнан бастап 15 лагерь жұмысын бастады. 445 жалпы білім беретін мектептер мен 30 қосымша білім беру ұйымдарының жанынан жазғы алаңдар ұйымдастырылды.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су айдындарындағы, өрт, және жол қауіпсіздігі бойынша кешенді профилактикалық шаралар қолға алынған. Мектептерде тұрақты түрде түсіндіру сабақтары өткізіліп, ата-аналар жиналыстары ұйымдастырылды. Төтенше жағдайлар қызметімен бірлесіп, су айдындары маңындағы лагерьлер қажетті құтқару құралдарымен жабдықталуда. Сонымен қатар алғашқы медициналық көмек көрсету, құқықбұзушылықтың алдын алу және балалардың қауіпсіз тасымалдануын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мектеп медбикелері оқушыларға төтенше жағдай кезіңде «Алғашқы көмек» тақырыбында практикалық тиімді әдіс-тәсілдерді көрсетті. Судағы қауіпсіздік бойынша негізгі талаптарды қамтитын жадынамалар таратылады. Балаларды тасымалдау қауіпсіздігін және сауықтыру ұйымдарында қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету және жолдар мен көшелерде жарақаттануын төмендететін алдын алу шаралары жүргізілді.
Жекеменшік, мемлекеттік лагерь басшылары тарапынан мүдделі ұйымдардың және кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен семинарлар, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Барлық тиісті нұсқаулықтар лагерь басшыларының назарларына жеткізілді. Жазғы сауықтыру мекемелерінде құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша сақтық шаралары басты назарда ұсталады.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
