Қарасай ауданындағы «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде орналасқан Nomad International School мектебінің құрылтайшысы Ержан Құрманәліұлы әлеуметтік желілерде оқу ақысы енгізілуі мүмкін деген ақпарат тарағаннан кейін ата-аналарға бейнеүндеу жолдады.
Ол ата-аналарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырып, мектептегі білім беру қызметі тегін күйінде қалатынын мәлімдеді.
– Біздің мектепте білім беру тегін. Мемлекеттің қолдауының арқасында алдағы уақытта да тегін болып қала береді. Қазір мектебіміздің айналасында түрлі қауесеттер мен шындыққа жанаспайтын ақпараттар тарап жатыр. Сондықтан тек ресми ақпарат көздеріне сенулеріңізді сұраймын. Өздеріңіз білесіздер, Алматы облысының әкімдігі осы мектептің құрылысы үшін жер телімін тегін бөліп, инженерлік инфрақұрылым жүргізіп берді. Бұл – Қазақстандағы ең ірі мектептердің бірі. Технологиялық жабдықталу деңгейі жағынан да еліміздегі үздік білім ордаларының қатарында, – деді Nomad International School мектебінің құрылтайшысы Ержан Құрманәліұлы.
Оның айтуынша, оқу ақысының енгізілуі мүмкін деген әңгімелер жекеменшік мектептерді қаржыландыру тетіктеріне қатысты өзгерістерден кейін пайда болған.
– Биыл заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазіргі уақытта жекеменшік мектептерді қаржыландырудың жаңа тетіктері әзірленіп жатыр. Бұл мәселе мектепке де, облыс әкімдігіне де байланысты емес. Оқу-ағарту министрлігі мен Қаржы министрлігінің қатысуымен жұмыс тобы құрылып, барлық өзекті мәселелер қаралатын болады, – деді ол.
Сөз соңында мектеп құрылтайшысы ата-аналарды тек ресми ақпаратқа сүйенуге, расталмаған мәліметтерге сенбеуге және қауесеттерге ермеуге шақырды.
