Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ермек Әбікенов 2026 жылдың алғашқы бес айындағы мемлекеттік бақылау жұмыстары мен азаматтардың өтініштерін қарау қорытындылары туралы баяндама жасады.
Спикердің айтуынша, Департамент тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сауда мен қызмет көрсету саласындағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
2026 жылдың бес айында Департаментке азаматтардан 1663 өтініш келіп түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 есеге артық. Өткен жылы осы уақыт аралығында 733 өтініш тіркелген болатын. Өтініштердің басым бөлігі электрондық сауда, тұрмыстық қызмет көрсету, білім беру, коммуналдық және медициналық қызмет көрсету салаларына қатысты болған. Бұл азаматтардың өз құқықтарын қорғауға белсенді түрде кірісіп, заңда қарастырылған тетіктерді тиімді пайдалана бастағанын көрсетеді.
– Әрбір өтініш Департаменттің құзыреті шеңберінде жеке қаралып, қажетті ден қою шаралары қабылданады, – деді Ермек Әбікенов.
Есепті кезеңде Департамент тарапынан 70 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 2 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынған. Сонымен қатар, тұтынушыларға 42,4 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған. Баспасөз мәслихатында дауларды сотқа дейінгі тәртіппен шешуге ерекше көңіл бөлінетіні де айтылды. Өтініштердің едәуір бөлігі сотқа жеткізілмей шешімін тауып, тұтынушылардың бұзылған құқықтарын жедел қалпына келтіруге және әлеуметтік шиеленісті төмендетуге мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ Департамент халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы тұтынушылардың құқықтары, оларды қорғау жолдары және интернет арқылы сауда жасау кезіндегі сақтық шаралары түсіндірілуде. Бұған қоса, интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылып келеді.
Спикердің сөзінше, келіп түскен өтініштерді талдау нәтижелері кәсіпкерлік субъектілерінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнама талаптарын сақтау жауапкершілігін одан әрі күшейту қажеттігін көрсетіп отыр. Департамент алдағы уақытта да азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, тұтыну нарығындағы заңдылықты қамтамасыз ету және халықтың құқықтық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ
