Перейти к содержимому
Главная страница » Алыптардың ізі қалған

Алыптардың ізі қалған

Биыл Райымбек ауданының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Ғасырға жуық уақыт аралығында бұл өңір талай тарихи кезеңді бастан өткерді. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, мәдениет пен руханияттың өркендеуі, халық тұрмысының жақсаруы жолындағы игілікті істердің барлығы да уақыт бедерінде өз ізін қалдырды. Ал сол өзгерістер мен жетістіктердің шежіресін шертіп, халыққа жеткізуде аудандық басылымның орны айрықша. Бұрынғы «Советтік шекара» газеті бүгінде «Хантәңірі» атауымен оқырманға жол тартып келеді.

Бір атаудың орнына екіншісі келгенімен, басылымның басты мұраты өзгерген жоқ. Ол – елдің сөзін сөйлеу, халықтың мұң-мұқтажын жеткізу, туған жердің жетістігін насихаттау. Тоқсан жылдық тарихы бар басылым осынау уақыт бедерінде аудан өмірінің рухани айнасына айналды. Оның әр санынан өткен күндердің үні, еңбек адамдарының табандылығы, елдік мұратқа ұмтылған жарқын істері көрініс тапты. Мемлекет пен қоғам өміріндегі маңызды өзгерістер, халықтың бейбіт өмір жолындағы еңбегі, ауыл шаруашылығы мен өндірістегі жетістіктер, мәдениет пен білім саласындағы жаңалықтар газет бетінде көркем оймен өрістеп, кестелі тілмен өріліп отырды. Қойнауы қазынаға толы таулы өлкенің малшылары, жердің ырысын арттырған диқандар, халық денсаулығы үшін күрескен дәрігерлер, мәдениет пен өнердің отын маздатқан шығармашылық иелері, ел тыныштығын күзеткен шекарашылар мен тәртіп сақшылары газет бетінде кеңінен насихатталды. Әрбір мақаланың арқауында елге деген сүйіспеншілік, туған жерге деген құрмет жатты. Сөйтіп газет тек ақпарат таратушы құрал ғана емес, халықтың жүрек лүпілін жеткізетін рухани шежіреге айналды.
Аудандық басылым талай таланттың қанатын қатайтқан шығармашылық мектеп болғаны да ақиқат. Себебі қаламгер болуға талпынған жастардың алғашқы қадамы осы газеттен басталды. Солардың арасынан ұлттық әдебиет пен журналистика саласында биік белестерді бағындырған қарымды қаламгерлер шықты. Газеттің абыройлы биіктен көрінуіне әр жылдары еңбек еткен редакторлар мен журналистердің, қаламгерлер мен техникалық қызметкерлердің қосқан үлесі өлшеусіз. Әлнұр Мейірбеков, Төлек Айдарәлиев, Дәулет Желдікбаев секілді білікті редакторлар газеттің тынысын ашып, өрісін кеңейтті. Мұқағали Мақатаев, Баққожа Мұқай, Еркін Ібітанов, Айтақын Әбдіқал, Рысбек Сәрсенбайұлы, Алдаберген Жандаралов, Қыдырбек Нұсіпәлиев, Мұқанбек Естенов, Әбітай Әденов, Мінуар Әкімханов, Батық Мәжитұлы, Қанат Тәкебаев, Дүйсен Досымбаев, Иемберді Тастанов, Қанат Біржансал сынды қаламгерлердің, Алтынкүл Ысқақова, Секерхан Мұқасалиева, Күләш Сәлиева, Айша Әділбекова, Мәстерхан Әбдіманаповадай техникалық қызметкерлердің есімдері редакция тарихына алтын әріппен жазылған. Сондай-ақ қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Бердібек Соқпақбаев пен белгілі әдебиет сыншысы, мемлекет және қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың «Советтік шекара» газетімен шығармашылық байланыста болуы басылым тарихындағы ерекше кезең саналады.
Осы қара шаңырақтан түлеп ұшқан 2 қаламгердің Мемлекеттік сыйлыққа, 3-уінің «Алаш» әдеби сыйлығына ие болуы, 10-нан аса қаламгердің Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атануы – аудандық газеттің шығармашылық қуатының қаншалықты дәрежеде болғанын айғақтайтыны ақиқат. Сол кезеңдерде аптасына 3 рет, 10 мыңға жуық таралыммен оқырманға жол тартатын газеттің әр санын сапалы әрі уақытында жарыққа шығарудағы баспахана қызметкерлерінің еңбегі де ерекше құрметке лайық. Қалыбек Нұрмұханбетов, Күлән Есмақынова, Райқан Алпысбаева, Рысжан Жансейітова, Мұзартбек Көккөзов, Қанатбек Оразалив сынды мамандардың маңдай тері басылым тарихымен бірге жасасып келе жатқаны – соның айғағы.
Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойы – ел тарихының бір белесі болса, кешегі «Советтік шекара», бүгінгі «Хантәңірі» газетінің 90 жылдығы – сол тарихтың қағазға түскен шежіресі.

Жұмабек ТҰРДИЕВ

Райымбек ауданы