Перейти к содержимому
Главная страница » Жасанды интеллект және журналистика

Жасанды интеллект және журналистика

Жаһанды жаулаған жасанды интеллект бүгінде көптеген салада, оның ішінде журналистикаға дендеп енді. Жасанды интеллект құралдары қазір ақпаратты аудару, өңдеу, талдау, мәтін құрау, сурет, бейнеүзінді жасау, тіпті кітап жазуда кеңінен қолданылатынын көріп жүрміз. ХІХ ғасырда алғаш телеграфтың пайда болуы хат-хабарды жеткізу жылдамдығын бір аптадан бір күнге қалай азайтса, жасанды интеллектінің пайда болуы да күнделікті ақпаратты өңдеу, тарату қарқынын дәл солай арттырды.

Бұрын бір күн, бір апта, тіпті ай бойы жиналатын түрлі ақпарат қазір қол созым жерде тұрғандай. Бұл тұрғыдан жасанды интеллект қалам ұстаған қауымның қолын ұзартып, кәдімгідей көмекші құралға айналды. Бүгінде мәтін жазу, сурет жасаудан бөлек, түрлі іс-шаралар мен сұхбаттарда жазып алған көлемді дыбыстық жазбаңды әп-сәтте қағазға түсіріп, мәтінге айналдырып беретін платформалар жетіп артылады. Жасанды интеллектінің алғашқы жетістіктерін әуелде әлемдік ірі медиакорпорациялар ғана күнделікті жаңалықтар жүргізуде қолдана бастаған еді. Қазір ол кез келген редакция журналисінің жұмысын тындыратын құралға айналды.
Әсілі, жаңа дүниені, әсіресе жаңа технологияны қабылдау қашанда оңай емес. Себебі оны үйренуге, барынша тиімді қолдануға уақыт пен ресурс қажет. Осы тұста өзге кәсіп иелері сияқты журналистикада да жасанды интеллект қалам мен микрофон ұстаған мамандарды әне-міне ығыстырып шығарады деген болжам айтылып жүр. Тіпті Италияда былтыр жергілікті газеттердің бірі толықтай ЖИ-мен басыла бастады. Осыған және жоғарыда айтылған жасанды интеллект атқара алатын басқа да жұмыстарға қарасақ, болжамға сенбеске амал қалмайды. Десек те, мұндай қауіптің бұдан 10-15 жыл бұрын смартфон, әлеуметтік желілердің шығуымен бірге пайда болған блогерлікке қатысты болжаммен ұқсастығын байқауға болады. Еске салсақ, сол кезде де енді қолына смартфон ұстаған кез келген адам оқиға орнынан хабар тарататын болады, журналистердің қажеті болмайды деген секілді әңгімелер көбейген еді. Рас, әлеуметтік желіде кез келген тақырыпта пост жазып, видео түсірген адамдардың блогер атанғанын көріп жүрміз. Бірақ бұдан кәсібіне адал, сөз бен қалам құдіретін қатар меңгерген тілші қауымның қадірі түсіп кетті деп айта алмаймыз. Көзіқарақты оқырман уақыт өте келе сөз бен анық ақпараттың ара-жігін ажыратып, саралап беретін кәсіби журналистиканың бәсі қашанда бөлек екенін аңғарды. Сол сияқты жасанды интеллект құралдарының да журналистикаға енуі салаға соны өзгеріс пен үлкен серпін әкелгені рас.
Алайда медальдың екі жағы бар десек, жасанды интеллектіні де саналы, жауапкершілігін сезіне отырып қолданбаса, пайдасымен қоса зардабы да тиетін құрал екенін естен шығармаған жөн. Себебі аталмыш технологияның қарқынды дамуымен бірге жалған ақпарат, дипфейк видеолар, адам дауысын айнытпай салатын аудиолар мен жалған суреттер де саңырауқұлақтай көбейді. Яғни техникалық тұрғыдан журналистің жұмысы айтарлықтай жеңілдегенімен, кәсібилік, жауапкер­шілік тұрғысынан алғанда оған артылатын жүк бұрынғыдан еселене түсті деуге болады. Адам қолымен жасалып, үйретілген жасанды зерденің де ағат басып, қате жіберетінін, кейбір тапсырманың жауабын таппаса ойдан құрай салатынын ескерсек, журналистің кәсібилігі, білімі мен білігі одан екі есе артық болуы шарт. Яғни редакцияда қатардағы тілшінің жазғанын редактор үстінен міндетті түрде қарайтын болса, ЖИ жасаған контент те жіті тексерілуі керек.
Сондықтан бүгінгі журналиске тек жазу, камера алдында сөйлеу – аз. Ол құқықтық, технологиялық тұрғыдан сауатты, заманауи ақпараттық технологияларды игеруге бейім, жаңашыл, сонымен бірге аталмыш технологиялардан келетін қауіп-қатерлерді де дер кезінде бағамдай білетін маман болуы шарт.

Айбек БЕЙСЕБАЕВ