Перейти к содержимому
Главная страница » Уақытпен үндескен ұлттық радио

Уақытпен үндескен ұлттық радио

«Алатау арайы» газеті редакция­сындағы «Сарасөз» медиаклубы оқырмандарға да, әріптестерімізге де қаламгерлер тәжірибесін, қоғам мен адамға қатысты ой-толғамдарды ұсынып келеді. Есімі елге белгілі ағалармен көзбе-көз отырып сыр бөлісудің жөні бөлек. Одан әсер алып қана қоймайсыз, өткен мен бүгіннің асылын екшеп, шығармашылыққа пайдаланасыз. «Сарасөздің» кезекті қонағы – белгілі журналист, ақын, республикалық «Шалқар» радиосының аға редакторы, мәдениет және ақпарат саласының үздігі, ҚР Президенті сыйлығының иегері Бақыт Жағыпарұлы. Журналистер күні қарсаңында өткен сырласу сағатына облыстағы ақпарат құралдары, мәдениет саласының өкілдері және оқырмандар қатысты. Журналистиканың уақыт талабына сай жаңғыруы әңгіменің арқауына айналды.

«Шалқардың» шабыты қалпында

– Биыл «Шалқардың» отау тіккеніне 60 жыл толды. Осыған орай «Qazaqstan» РТРК АҚ» басқарма төрағасы Ернұр Бураханның қолдауымен, «Қазақ радио­лары» ЖШС бас директоры Нұртас Кушеровтің ұйымдастыруымен радионың мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Тұңғыш рет «Шалқардың» шежіресін шертетін «Ұлттың үні» атты кітап жарық көрді. Оған бас редактор Болатбек Төлепберген мен Оңғарбек Құраловтың сіңірген еңбегі зор. Сонымен бірге әріптесіміз Гүлмира Нәлібайдың жобасы негізінде «Шарықтай бер, Шалқар!» атты мерекелік концерт көпшілікке ұсынылды.
«Шалқар» радиосының ашылуы қызық хикаяларға толы. Кеңестік кезеңде Киевте «Проминь» деген украин тілінде хабар тарататын радио болды. Мәскеудегі «Маяк» та бірыңғай орыс тілінде жұмыс істеді. Осындай мысалдарды алға тарта отырып, республикамыздағы радиокомитет Үкімет басшылығымен бірлесіп Мәскеуге хат жазады. Құжаттарды орталыққа апарған Қазақ радиосының ардагері, майдангер атамыз Мифтах Жантикин екі ай бойы Мәскеуден кетпей, бар-жоқты мұқият түгендеп, ақырында діттеген мақсатына жетеді. 1965 жылдың соңында «Шалқар» радиосы ашылсын» деген бұйрыққа қол қойылады. 1966 жылдың 1 қаңтарында радионың алғашқы хабары тыңдарманға жол тартты.
Кешегі 90-жылдардағы өтпелі кезеңнің қиындығы «Шалқарды» да айналып өткен жоқ. Бюджет тапшылығы қылбұраумен қысты. Білікті журналистер жұмыссыздыққа ұрынды. Радио үйінің қаңырап қалғанын да көрдік. 2002 жылы Ғалым Доскен, Нұрлан Өнербаев, Ербол Шаймерденовтер тізгін ұстағанда, сол кісілердің табанды талабымен, халықтың қолдауымен «Шалқар» эфирге қайта шықты. Бүгінде ұлттық радиоға айналды. Электрондық нұсқадағы, энциклопедиялық бағыттағы радиолар қатарына қосылды.Таңғы сағат алтыдан, түнгі он екіге дейін «Шалқардың» үні қазақ аспанында қалықтады.
Жасы сексен беске таяған Руслана Құдайбергенова деген апамыз бар. Осы радионың 59 жылдық тарихының куәсі. Бас редакторлық сатыға дейін көтерілген. Сол кісі радионың 30 жылдығын аядай топ қана редакцияның ішінде атап өткенін айтады. Шүкір, ендігі ахуал басқа. Биылғы 60 жылдық мерейтой елдік шара ретінде дүркіреп өтті. Мұны ағалар жолының алаштық жолға ұласқаны деп түсіндік.

Арманымның ақ ордасы

– Өзім туралы айтқанда, көз алдыма әкем Жағыпардың бейнесі келеді. Ол кісі – шопан атанып, қой баққан адам. Біздің жазғы демалыс лагеріміз жайлау еді. Он күнде бір малшыларға пошташы келетін. «Қазақстан пионері» газетін, «Балдырған» мен «Арай» журналдарын асыға күтетінбіз.
Әкем өнерді жақсы көретін. Тыңдай­тынымыз – радио. Жүсіпбек Елебеков, Дәнеш Рақышевтің әндері құлағыма бала кезден сіңді. Әкем«болмаса да ұқсап бағып», қолы қалт етсе домбыра шертетін. Мәдидің «Үшқарасын» орындайтын. Кейін әке жолын саралағанда, көрмеген құқайы жоқ екенін білдім. Бердібек Соқпақбаев сияқты Қарағанды­дағы ФЗО-да болыпты. Ауылға жаяу қашқандары да ұқсас. Жазушының «Өлгендер қайтып келмейді» шығармасын оқығанда, әкемнің әңгімесін қайта естігендей боламын.
1992 жылы Алматы мемлекеттік уни­вер­ситетіне оқуға түсе алмай, ауылға қайттым. Үйренген жайлауыма ат басын тіредім. Мал бағудың қыры мен сырын бес саусақтай білемін. Қиналатын түк жоқ. Алайда Шалкөде орта мектебінің директоры Жүнісхан Құлмұханбетов мені бір күні арнайы іздеп келді.
– Сенің бойыңда өнер бар. Сондықтан атаның ақ таяғын ұстамай-ақ қой. Лаборант дейтін штатпен мектепке қызметке алайын. Бірақ негізгі міндетің Мәулен ағайыңның қасынан табылып, оқушыларды айтысқа дайындау болады, – деді.
Иә, біз бала кезден айтыс десе, ішкен асымызды жерге қоятынбыз. Қазіргі «Жетісу» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлымен мектепте бірге оқып, бір партада отырдық. Айтысқа жолымызды ашқан ұстазымыз – Нұрлан Құлмұханбетов. Марқұм Дәулет Бақаев, Оразалы Досбосынов­пен өнер жарысында бірге жүрдік. Жүнісхан ағамның мені мектепке шақырғаны да сондықтан.
1992 жылы Шелек ауылында тұңғыш рет облыстық ақсақалдар кеңесінің құрылтайы өтті. Әлнұр Мейірбеков пен Тілеужан Сақаловтың дайындығынан өтіп, аталған жиында арнау жырды мен айттым. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Күлімхан Жайшыбекова риза болып қолымды қысты. Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы мәдени-ағарту институтына жолдама берді. Өкінішке қарай, бір себептермен емтиханнан кешігіп, ол несібеден де қағылдым. Бұдан кейін Қаскелеңдегі музыкалық училищеге жіберді. Бірақ оған менің зауқым соқпады. Сөйтіп жүргенде ғаламат хабарландыруға көзім түсіп, Темірбек Жүргенов атындағы театр және кино институтына талапкерлер қабылдап жатқанын оқыдым. Ондағы кинотану бөлімін бітірсең газетте, теле­дидарда, радиода жұмыс істеуге болады екен. «Іздегенге ­– сұраған» деген осы. Жолым болып, студент атандым.
Бізге Камал Смайылов, Әкім Тарази, Сатыбалды Нарымбетов сияқты тау тұлғалар сабақ берді. Камал аға кино тарихына журналистиканы қосып оқытты. Баспасөз, теледидар, радионың қыр-сырын үйретті. Айжан Сыздықова Қазақ радиосында жастар туралы хабар жүргізетін. Сол кісінің бағдарламасына мен белсене қатыстым. Бауыржан Нөгербеков сценариді талқылағанда мәтінді маған оқытатын.
Радиоға қабылданған кездегі ең алғаш­қы «Замандас» атты хабарым «Жастар поэзия­сының қал-ахуалы қандай?» деген тақы­рыпты қамтыды. Ертесі күні Жолымбет Кейкелов аға келіп:«Жарайсың, Бақыт! Енді сенен бірдеңе шығады», – деп қуандыр­ғаны бар. Содан кейін бас директор Төрехан Данияр Жолымбет ағаны шақырып алып, маған тәлімгерлік етуді тапсырды.
Күндердің күнінде радио Мұқағали атамыздың туған күніне арнап хабар дайындайтын болды. «Лашын апаңа барып дұрыстап сұхбат ал», – деді Жолымбет аға маған сеніммен қарап. Соның арқасында ақиық ақынның өмірлік серігімен кең отырып таныстым, біраз әңгіменің басын қайырдық. Ең қызығы, Лашын апа мек­тепте менің әкем Жағыпармен бір партада отырыпты. Маған сыныптасын көргендей мейірлене қарады. Сұхбат сәтті шықты.Сөйтіп, асыл ағалар менің тұсауымды кесті. Солардың ақ батасымен радиоға тастай батып, судай сіңдік.

Шынайы сын – шыңдалудың бастауы

– 1998 жылы бастан өткен бір оқиға ұмытылмайды. Толқын Сейдоллақызы дейтін әріптесім екеуміз «Алғырлар отауы» хабарын жүргіздік. Сұрақ-жауап ойыны. Сол бағдарламада бір сөзден мүлт кеткен болуым керек, жаңылмасам, «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» деген тақырыпта «Жас алашқа» Роза Қараеваның сын мақаласы жарық көрді. Қалың «тоқпақтың» ортасында қалып, арасынан әзер аман шыққаным бар. Сол оқиға мен үшін өмірлік сабақ болды. Журналистің жауапкершілігі, тікелей эфирдің мәдениеті, хабарлар мазмұнына қойылатын қатаң талап бүгінде менің ойым­да бұлжымас ережедей сайрап тұрады.
Радиоға Жүрсін Ерманның басшы болуы да – бір мектеп. Ол кісі Камал Смайылов­тың кезіндегі қатаң лездемені қайта тірілтті. Жүкеңнің зайыбы, белгілі диктор Бақытжамал апай да қарап қалған жоқ. Материалдарды талдауға көмектесті. Ақын-жазушы достары да көп, әрбіріне тиісті тапсырма береді.Бір сөзбен айтқанда, біздің жұмысқа бақылау көбейді. Сынның шын болуы қамтамасыз етілді. Соңынан бәрі директордың кабинетінде сауатты көзқараспен қорытындыланатын. Бұл әдіс шығармашылықтың шыңдалуына пайдасын тигізді.
Бір күні әріптесіміз «Жылайды жапырақ» деген әнді таңғы эфирге беріп жіберген ғой. Жүрсін ағамыз бөлмеге суыт кіріп келді: «Әй, өңкей сауатсыздар, таңертең елдің жігерін жанып, намысын қайрап оята алмай отырсақ, сендер «Жылайды жапырақ» деп еңірейсіңдер. Бұлай болмайды!» – деді қатуланып. Білгір ұстаздың ашуланғанының өзі ­– өнеге. Сондықтан әрбір әнге, мәтінге мұқият назар аударатын болдық.
Жүрсін ағаның кезінде «Атамекен аспаны» дейтін радиоэкспедициясы жұмыс істеп, журналистерді шеткері аймақтардағы ауылдарға іссапарға жіберіп отырды. Сол экспедицияның арқасында шалғайдағы елдімекендердің тыныс-тіршілігі эфирден естілді. Ауылдағы өнерпаздар, еңбек адамдары радиоға сұхбаттар берді. Ол жердегі музей, кітапханалар, өнер ордалары қамтылды. Жақсының ізі жарқырап тұрады. «Нұрлан Өнербаевтың, Жүрсін Ерманның мектебі» дейтін тіркестер пайда болды. Қуаныш Орманов ағамыз да қатардағы қызметкерден, радионың директорлығына дейін өскен. Қазақ радиосының жалауын осындай қайраткерлер тік көтерді.

Қаламгерлік пен қайраткерлік

«Шалқар» мен Қазақ радиосын ересектер ғана тыңдай ма?» – деген сұраққа келетін болсақ, бұл түсінік қазір түбегейлі өзгерді. Бүгінде Жамбылдан, Қарасайдан, басқа да Алматыға жақын аудандардан балаларын қалаға тасып оқытатын ата-аналар аз емес. Солардың дені автокөлігінде балаларымен бірге «Шалқарды» тыңдайды. Мәселен, со­ның арқасында домбыра жасайтын белгілі шебер Ердос Рақымбековтің ұлы Бекасыл радиобағдарламаларға белсене қатысатын жанкүйерге айналды.
Біз газет-журнал секілді тиражға жүгінбейміз. Есесіне арнайы орталық рейтингті жіті бақылайды. Солардың есебіне сүйеніп айтсақ, тыңдаушыларымыз өте көп. Бір сәтте оның саны 5000-ға жетуі мүмкін. Қас пен көздің арасында миллиондық межені де еңсеру қиын емес. Кезінде диктор Омархан Қалмырзаев ағамыз барша әріптестеріне қаратып айтып отыратын: «Сен студияға кіргенде шертетін әңгімеңді, беретін ақпаратыңды бір-ақ адамға арнап айт. Мені ауылдағы шешем тыңдап отыр, мені қыр басында әкем тыңдап отыр деп сезін. Сонда микрофонды игересің. Бір адамға арнаған сөзің миллион адамның жүрегіне жетеді», – дейтін.
Қарап отырсақ, микрофон әлемінің өзіне тән ерекшеліктері жетерлік. Оны менің замандастарым жақсы біледі. Біздің кезімізде дикторлар мен режиссерлардың талабы жоғары болды.Сөздің сүйкімді естілуі үшін тісіңді тексеруден бастайтын. Суық су ішпеуіңді қадағалайтын. Аса ыстыққа да жолатпайтын. Міне, осындай мектеп радиода өмір сүрді. Сол кісілерден қалған ақылды жастарға айтып отырамыз.
Атақты дикторлар – Әнуарбек Байжанбаев, Мәмбет Сержанов, Омархан Қалмырзаев сөзді әсерлі етіп оқу үшін оның екпіні қай буынға түседі, соған дейін тауып, қарындашпен түртіп,белгілеп отырған. 1998 жылы «Қазақстан-2030 бұл – біздің стратегиямыз» дейтін ұрансөз пайда болды. Актриса Күнсұлу Тұрғынбекқызы екеумізге оны мәнерлеп оқу жүктелді. Бір ауыз сөзді елге әсерлі жеткізу үшін екі сағат қиналғанымыз әлі есімде. Радио деген – осы!
Қазір коммерциялық радиолар пайда болды. Олардың өз әдістері, өз табыстары бар. Бірақ сөз мәдениетін жүйелеуге кел­генде, Қазақ радиосы мен «Шалқардың» тәжірибесі бәрібір биік. Қазақ радиосы кезінде телеарнаның да ұстаханасына айналған. Радиода шыңдалып, телеарнаға ауысқан мамандар жұртты бірден баурап алатын.
2000 жылдың басына дейін бір хабарды бес адам дайындайтын. Оның операторы, музыкалық режиссері, режиссері, редакторы және оқитын дикторы болды. Бұрын кез келген журналисті бірден эфирге шығармайтын. Хабардың мәтінін жазып бересің, дикторға оқытасың. Дикторлар да өзінің жанрына қарай бөлінеді. Мәселен, музыкалық хабарды бір диктор жүргізеді. Ақпараттық хабарды оқитын адам бөлек болады. Бір радиода 40-қа жуық диктор жұмыс істеген. Ал қазір бес адамның жұмысын бір адам атқарады. Мәтінді өзің жазасың, өзің монтаждайсың, музыкалық төсенішін өзің табасың, өзің оқисың. Спикерін де өзің шақырасың. Бұрын диктофонды арқалап жүріп аудиокассетаға жазатынбыз. Қазір барлығы басқаша. Бірден уатсап арқылы жөнелте бересің.
«Шалқар» радиосының эфирінен дик­тор Аманжан Еңсебайұлы мен журналист Қошан Мұстафаұлы, Жанар Оразымбет, Сәрсенғали Жүзбаев, Мейрамгүл Исатайқызы, Гүлбағыш Бостан, Гүлмира Нәлібай, Гүлнұр Омарханқызы, Гүлназ Молдабергенова, Нұржамал Хасанқызы, Гүлбану Алпамысқызы, Мөлдір Жанбай, Ерасыл Серікұлы жүргізетін хабарларды тыңдасаңыз, олардың әрқайсысы уақыт талабына сай мазмұнды бағдарламалар ұсынып, тыңдарманның сұранысына жауап беріп жүргенін аңғарасыз. Кәсіби шеберлігі мен өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан бұл әріптестер эфир мәдениетін биік деңгейде ұстап, радионың беделін арттыруға сүбелі үлес қосып келеді. Ұжымдағы әрқайсысы­ның орны айрықша.
Радионың алтын қорында әртүрлі жанрдағы 100 мыңнан аса дауыс түгелдей цифрлық жүйеге өтті. Бұрынғыдай іздеп әуреге түспейсіз. Әрине, цифрланудың жөні осы екен деп, пленканы күресінге тастаған жоқпыз. Олар тарихи жәдігер ретінде жинақталып тұр. «Шалқар» – уақытпен үндескен ұлттық радио.
Менің ұғымымда радиожурналист үнемі қалың бұқараның ортасында жүруге тиіс. Сондықтан түрлі жиындар мен басқосуларға қатысуға тырысамын. Сол жерден ақпарат таратамын. Радиодан насихаттаймын. Ақпарат саласында жүргеннен кейін мүмкіндігінше елдің тыныс-тіршілігін радио арқылы паш ету – басты міндетіміз. Себебі журналист – қоғамның қозғаушы күші.

Қонаққа қойылған сұрақтар

– Бұрынғы аға буын әріптестеріңізден бүгінгі жас журналистерге нені өнеге етуге кеңес берер едіңіз?
– Біз радиоға келгенде, 90-жыл­дар­дың өзгеше тәжірибесінен өттік. Ағалар бізді отқа да, суға да салып, аямай шы­нықтырды. Бір сөзді қате айтам ба деп мектепте мұғалімдерден қорқатын едік қой, режиссерлардан тура солай имендік. Олар ізгілік жолымен жауапкершілікке бастайтын.
Қазіргі жастарға сол талапты қайталасаң, «сіздер кеңестік дәуірдегі көзқараста жүрсіздер» дейді. Мысалы, ол кезде бір мәтіннің өзі директордың алдына дейін жететін. Қазір газетте де, телеарнада да ондай үдерістер басқаша сипатта. Біле білсең, ескінің де есті тұстары көп. Оны ескергендер ұтылмайды.
Мина Сейітова Қазақ радиосының тұңғыш дикторы болған. Ол кісі он үш жасында қызметке келген. Алматыда №12 мектеп-интернатта оқыпты. Көркем­өнерпаздар үйірмесіне қатысқан. Бейімбет Майлин, Евгений Брусиловский қазылар алқасы құрамында болыпты. Өнер мен әдебиеттің алыптары мектеп жасындағы балалардың қабілет-дарынын бағалаудан қашпаған.Затаевич кейін радиодағы балалар хабарын жүргізуге жол ашады.
Мина Сейітова – Ахмет Байтұрсын­ұлының жиен келіні. Сол кезде «халық жауы» туралы хабарды оқуға мәжбүр болған. Үйге келгенде көзі жасқа толып жылайды екен. Ол туралы Аманжан Еңсебайұлы ағамыз айтқан. Аға толқынның әр сәті өшпейтін өнегеге толы. Биыл «Шалқардың» 60 жылдығы аясында тікелей эфир студиясына Мина Сейітованың есімі берілді.
– Қазір Нарынқолға барсақ, қытай­дың, Жамбыл облысына барсақ, қырғыз­дың радиосын тыңдаймыз. Осыны ретке келтіруге бола ма?
– Сөзіңіз орынды. Бұл мәселені талай жылдан бері көтеріп келеміз. Оны облыс­тық мәслихат депутаттары да күн тәртібі­­нен түсірмейді. Ұзынағаштан ассаңыз, қырғыз радиосы қосылады, Сарыағаш жаққа барсаңыз, өзбек радиосы саңқылдайды. Менің ойымша, әр аймақта радиохабар тарататын нүктелер қалыпты жұмыс істе­гені дұрыс. 2018 жылы тәжірибе алмасу мақсатында Түркияға бардық. Сол елде жеті жыл сайын радиохабар тарататын аппарат ауысып тұрады екен. Ал бізде 1997-98 жылдардан кейін көп аймақта хабартаратушы нүктелер жаңармаған.
Екіншіден, бұған облыстық әкімдік те қызығушылық танытуы керек. Олар министрлікпен бірлесе отырып, осы мәселенің шешімін қарастыру керек деп ойлаймын. Осыдан біраз жыл бұрын 2025 жылға дейін шекаралық аймақтарға радиохабарлар толық жетеді, жол картасы жасалады деген болатын. Міне, 2026 жылдың ортасына келдік. Шалғай ауылдарға радио хабарлары әлі жеткен жоқ. Қандай себептері бар екенін білмедім.
Осыдан біраз жыл бұрын Райымбек ауданы Қайнар ауылында Серік Шалов әкім болғанда Қазақ радиосын сөйлетті. Оның қарапайым әдісі мен тетігін тапқан. Осындай оңай жобаларды қолға алуға болатын шығар? Өйткені ақпараттық қауіпсіздік жағынан радионың маңызы зор.

Бақыт Жағыпарұлымен бол­ған әсерлі әңгімеде радионың бүгіні мен ертеңіне қатысты ой-пікірлер аз айтылған жоқ. Сәт сайын қарыштап өскен әлемдік өркениетте бәсекеге қабілетті медиа құрудың заңдылықтары қаламгерлерден қайраткерлікті талап ететіні анық. Осындай тұжырым­мен түйінделген кездесуді «Өлке тынысы» ЖШС директоры Ерлан Жұрынбаев қорытындылап, редакция ұжымы атынан құрметті қонаққа ризашылығын білдіріп, сый-сияпат табыстады.

«Сарасөзді» жүргізген – Болат Мәжит