Ұлттық дәстүрімізді жаңғыртқан қымызмұрындық мерекесінде келушілерді ақ жаулықты әжелер шашу шашып қарсы алып, ыстық бауырсақ пен қымыздан дәм татқызды. Қонақтарға күбі-күбі қымыз ұсынылды. Жиналған көпшіліктің назары ашық аспан астындағы сахнаға ауды. Қонақтар жайғасқан соң, театрландырылған Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығына орай көрініс қойылды. Астана қаласының Жастар театры әзерлеген қойылым көпшілікке рух сыйлап, көңілді тебірентті. Қымызмұрындықтың ашылу салтанатында сөз алған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев:
— Қымызмұрындық — елдіміздегі танытатын, рухани кодымызды жаңғыртатын мазмұнды бастама. Қымыз дайындау бұл шеберлік емес, бұл өмір философиясы. Бие байлау, қымызды ашыту, сапасын сақтап, оны келген қонаққа ұсыну халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ерекше дәстүрі. Барша жұрттың басын қосып, ынтымақпен бірлікке үндейтін қымызмұрындықтың дәстүрлі түрде Кеген ауданында өтуі заңды құбылыс. Қымыз мерекесі берекелі бірліктің, тату тірліктің, молшылық пен қонақжайлықтың керемет көрінісі. Бұл маңызды фольклорлық-этнографиялық мереке, бүгінгі бағдарлама аясында бие бау, қымызмұрындық сынды дәстүрлер көрсетіліп, кеңінен дәріптеледі. Сондайақ Абыз-баба Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығына арналған бәйгенің, Алыптар сайысы мен күрес жарысы аталған фестивальдің көркін одан әрі аша түседі. Мейірім мен ізгілікті дәріптейтін бұл іс-шара әрқайсыңызға көтеріңкі көңілкүй сыйлап, мол шабыт берсін! Еліміздің егемендігі еңселі, болашағы баянды болсын! — дей келе, көпшілікті «Қымызмұрындық-2026» фестивалімен құттықтады.
