Қырмызыдай құлпырған Қарқара жайлауында өтіп жатқан «Қымызмұрындық» мерекесінде ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев, «Алаш ұлы», «Мұзарт» топтары, танымал әншілер өнер көрсетуде. Сондай-ақ Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы және дәстүрлі әншілер даланы думанға бөлеуде.
Ұлттық фестивальге көршілес қырғыз ағайын да ортақтасты. ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сәлемдемесін жеткізді. «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» Стақан Белғожаев ақсақал ізгі тілегін жеткізсе, облыстың бас имамы Мадияр Пірімқұлов абыз Әлмерек Жаншықұлының аруағына құран бағыштады.
Мереке барысында Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев дәстүрлі думанның қалай өтіп жатқаны туралы әңгімелеп берді:
— Бұл іс-шара облыс әкімі Марат Елеусізұлының қолдауымен ұлттық салт-дәстүрді насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Мұнда негізінен ұлттық спорттық ойындарға басымдық берілуде. Сонымен қатар ауылшаруашылық, қолөнер шеберлерінің көрмелері қойылып, ұлттық құндылықтарымыз дәріптелуде. Бұл шараға өздеріңіз куә болғандай, жүзге жуық киіз үй тігіліп, оған аудан әкімдері, мекеме басшылары мен инвесторлар қолдау көрсетті. Мұндай шараны ұйымдастыруға көмек көрсетіп, қолдау танытқан жандарға үлкен алғыс айтамын, — дей келе, шараға жиналған көпшілікке де ризашылығын білдірді.
Қымызмұрындық аясында келушілер қыз қуу, қошқар көтеру, қазақ күресі, теңге ілу, жамбы ату, «Толағай» алыптар сайысы, «Топжарған» этно-өнер орталығының шоу бағдарламалары, салмағы 15 кг ыдыспен қымыз ішу сайысы сынды ұлттық ойындарымызды тамашалады. Қазақ күресінен өткен түйе палуандар арасындағы тартысты белдесуде Алматы өңірінен бөлек Жетісу, Жамбыл облыстарынан және Шымкент қалаларынан барлығы 20 дан аса спортшы қатысты. Белдесуде өзіндік айла-тәсілдерімен қатар білек күшін сынға салған балуандар жүлдесіз қайтпады.





Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ Кеген ауданы
