Қарқара жайлауы тағы да Қазақстанның ұлттық спорт орталығына айналды. Дәстүрлі «Қымызмұрындық – 2026» фестивалі аясында Абыз-баба Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығына арналған республикалық бәйге жарыстары өтті.
Еліміздің барлық өңірлерінен келген 200-ге жуық шабандоз, сондай-ақ Қырғыз Республикасынан келген шабандоздар ұлттық ат спортының ең беделді түрлері – Аламан бәйге (32 км), Топ бәйге (20 км) және Құнан бәйге (9 км) бойынша бақ сынады. Ұлттық мереке рухындағы дүбірлі додаға мыңдаған көрермен, ат спортының жанкүйерлері мен қазақтың салт-дәстүрін құрметтеушілер жиналды.
«Жыл сайын «Қымызмұрындық» фестивалі ұлттық мәдениетті насихаттайтын, халықаралық байланысты нығайтатын және этнотуризмді дамытатын ірі алаңға айналып келеді. Бүгін Қарқара жерінде еліміздің үздік шабандоздары Ұлы даланың көпғасырлық дәстүріне деген құрметін көрсетіп, өзара бақ сынауда.
Алматы облысында ұлттық спорт түрлерін дамытуға тұрақты қолдау көрсетіліп, жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге барлық жағдай жасалуда. Биылғы бәйге жарысы қазақ халқының көрнекті қоғам қайраткері, ойшыл әрі рухани тұлғасы Абыз-баба Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығына арналды. Осындай іс-шаралар тарихи мұрамызды сақтауға, жастардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға және дәстүрлі спорт түрлеріне қызығушылығын нығайтуға ықпал етеді», – деді Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жансерік Әдіахметов.
Қазақ халқы үшін бәйге – жай ғана ат жарысы емес. Бұл – жылқының төзімділігі, шабандоздың шеберлігі мен тұлпарды баптау өнері сыналатын ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүр.
Спорттық мереке аясында сондай-ақ «Түйе палуан» республикалық қазақ күресі турнирі, «Қошқар көтеру» сайысы және «Алыптар сайысы» күш иелері турнирі өтті. Қатысушылар бірнеше күрделі сынақтан өтті: 10 келілік найзаны нысанаға дәл лақтырды, ұзындығы бір жарым метрлік темір шыбықты иді, салмағы 141 келі болатын тасты көтеріп жүріп өтті, иығына 100 келілік бөренені қойып отырып-тұрды және салмағы жарты тонна болатын арбаны құм үстімен сүйреді. Әрбір кезең қатысушылардан ерекше күшті ғана емес, батылдықты, техниканы және қайсарлықты талап етті.
Жарыстың жүлде қоры ұлттық спорт турнирлері арасындағы ең қомақтыларының бірі болды – 15 миллион теңгеден астам қаржы және төрт автокөлік.
Аламан бәйгеде Жамбыл облысының Айтолқын атты тұлпары жеңіске жетті. Оның иесі бас жүлде – JETOUR X70 FL Prestige автокөлігінің иегері атанды.«Аламан бәйгедегі жеңіс – бүкіл командамыздың ұзақ еңбегінің нәтижесі. Мұндай жарысқа дайындық ерте басталады. Атты дұрыс баптап, оның күшін мәреге дейін сақтау өте маңызды. 32 шақырымдық қашықтық қателікті кешірмейді. Мұнда алғашқы шақырымдарда ғана жылдам болған емес, атының бабын сезініп, жарыс барысында дұрыс шешім қабылдай алғандар жеңіске жетеді», – деді Аламан бәйгенің жеңімпазы Нұрислам Сайлау.
Топ бәйгеде Жамбыл облысының Бәйтерек атты сәйгүлігі бірінші болып мәреге жетіп, оның иесі CHERY TIGGO 2 PRO автокөлігін жеңіп алды.Құнан бәйгеде Қырғыз Республикасының Таңсұлу атты тұлпары топ жарды. Бас жүлде – JAC J7 автокөлігі табысталды.
Аламан бәйгеде 1–7 орын, ал қалған бәйге түрлерінде 1–5 орын алған жүлдегерлер ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Сонымен қатар, «Түйе палуан» турнирінің жеңімпазы автокөлікке ие болды. «Қошқар көтеру» сайысында үздік шыққан қатысушыға дәстүрлі бас жүлде – қошқар табысталды. Ал «Алыптар сайысының» жеңімпаздары қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
