Перейти к содержимому
Главная страница » Қарқарадағы салт-дәстүр салтанаты

Қарқарадағы салт-дәстүр салтанаты

Тәуелсіз еліміздің рухани кеңістігінде ғасырлар қойнауынан жеткен ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғырып, жаңа мазмұнмен жалғасып келеді. Соның жарқын көрінісі – Кеген ауданындағы Қарқара жайлауында өткен «Қымызмұрындық» этнофестивалі. Биылғы мерекелік шара абыз тұлға Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығымен тұспа-тұс келді. Дала төсін дүбірге бөлеген жиынға 250-ге жуық киіз үй тігіліп, 35 мыңға жуық адам қатысты.

Қымызмұрындыққа келуші­лерді ақ жаулықты қыз-келін­шектер қарсы алып, ыстық бауырсақ пен ұлттық сусыннан дәм татқызды. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Омар Қиқым ақ батасын берді. Фестивальге көршілес қырғыз ағайындар, сондай-ақ Түркия, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Түрікменстан, Қарақалпақстаннан келген қонақтар да ортақтасты. Жиналған көпшілік Әлмерек абызға арналған театрландырылған көріністі тамашалады. Астана қаласының Жастар театры әзірлеген ашық аспан астындағы сахналық қойылым жүректерді тербеді.
Мерекелік шараның ашылу салтанатында сөз алған Алматы облысы­ның әкімі Марат Сұлтанғазиев:
– Бүгінгі басқосудың мәні ерекше. Біріншіден, Қымызмұрындық өңірі­міз­де бесінші жыл қатарынан ұйымдас­тырылып келеді. Халықтың қолдауымен орныққан игі бастамалар­дың ғұмыры қашанда ұзақ болады. Кеген ауданының ғана емес, тұтас Алматы облысының рухани-мәдени келбетін айшықтайтын, өңірдің туристік тартымдылығына оң әсер ететін фестиваль республикалық маңызы бар мәдени іс-шаралар күнтізбесіне енді. Екіншіден, биылғы Қымызмұрындық қазақтың көреген абызы, осы өңір­дің ардақты перзенті Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Қарқара – қазақ тарихындағы қастерлі мекендердің бірі, – деді аймақ басшысы.
Игі шараға арнайы келген ҚР Прези­дентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жиналған көпшілікке, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың құттықтауын жеткізді. ­Қазақстан­ның Құрметті құрылысшысы Стақан Белғожаев ақсақал ізгі тілегін арнаса, облыстың бас имамы Мадияр Пірімқұлов баба рухына Құран бағыштады.
Бұл күні Кеген ауданына қарасты ауылдық округтер ақшаңқан киіз үйлер тігіп, этноауыл ұйымдастырып, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Жылқыны төрт түліктің төресі санаған ата-бабамыз алғаш бие байлағанын ырым еткен. Осылайша, күбіде піскен қымызды жалғыз емес, жұртпен бөлісіп ішуді дәстүрге айналдырған. Бұл жөнінде ақ жаулықты Оралхан әже кеңінен тоқталып, қымыздан «Ауыз тию» рәсімін өткізді. Ауылдың қариясы Жетен ата биебаудың басында жиналған жұртқа ақ батасын берсе, келіні Айнара бие сауудың тәсілдерін көрсетті.
Қонақтар айтулы іс-шарада Қазақстан Этнодизайнерлер одағы мүшелерінің шеберлік сабақтарымен танысып, ауыл шаруашылығы техникаларының, қолөнершілер мен суретшілердің көрмесін тамашалады.
Жылысай ауылындағы «Өркен» шаруа қожалығының төрағасы Өркен Дүйсебеков:
– Салт-дәстүрімізді қайта жаңғыр­тып, жас ұрпаққа үлгі ретінде ұйым­дас­тырылып отырған «Қымызмұрындық» фестивалінің алатын орны ерекше. Бұл – ынтымақтың, еңбек пен бірліктің мерекесі. Дәстүр бойынша халқымыз бұл мерекеде «Сауар көп болсын!», «Ақ мол болсын!», «Аузымызды ақтан айырмасын!» деген ақ тілектерін ақтарған, – деді ол.
Келі мен келсаппен дән түйген, тас диірменмен талқан тартқан, бірлесіп емен-жарқын әңгімелерін айта жүн түткен, киіз басып, сырмақ тігіп, алаша, басқұр, ши тоқып, құрақ құраған әжелер ауылдың жарасымды тірлігін көз алдыға келтірді. Ат әбзелдері, қолөнер туындылары да бірінен бірі өтеді. Шеберлер қымызды ашытып, әзірлейтін күбінің бірнеше түрін жасап, келушілердің назарына ұсынды. Ұлттық сусын – қымыздың түр-түрі таныстырылып, піспекті тобылғыға ыстап, қымыз жасау технологиясы көрсетілді.
– Жалаулы ауылында өзіміздің жайлауымыз бар, он екі бие байлап, сауып отырмыз. Қымызмұрындық болып жатқаннан кейін, тойға 150 литр қымыз дайындап әкелдім. Газды сусындар ішкенше, қымыз ішкен дұрыс. Қымыз – ұлттық сусын, оның құнары көп, дәрумендерге өте бай, – дейді Жалаулы ауылының тұрғыны Толқын Қалдыбайқызы.
Қырмызыдай құлпырған Қарқара жайлауында ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев, «Мұзарт», «Алатау серілері», «Алаш ұлдары», «Меломен» топтары, Өмірқұл Айниязов, Құдайберген Бекіш, Ұлту Қабаева, Диана Исмайыл сынды танымал әншілер өнер көрсетті. Сондай-ақ Сүйінбай атындағы облыстық филармония әншілері даланы думанға бөледі.
Қымызмұрындық аясында қыз қуу, қошқар көтеру, қазақ күресі, теңге ілу, жамбы ату, арба сүйреу, бағанаға өрмелеу, қой қырқу, «Толағай» алыптар сайысы, «Топжарған» этно-өнер орталығының бағдарламалары, салмағы 15 кг ыдыспен қымыз ішу сайысы сынды ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Қазақ күресінен өткен түйе балуандар арасындағы тартысты белдесуде Алматы өңірінен бөлек Жетісу, Жамбыл облыстарынан және Шымкент қаласынан, барлығы 20-дан аса спортшы қатысты. Бозкілемде білек күшін сынға салған балуандар жүлдесіз қайтпады.
Алыптар алаңындағы жарыстың ұйымдастырушысы, Астана қаласын­дағы «Толағай» ұлттық спорт федерация­сының бас хатшысы Қарлығаш Баянбай­қызының айтуынша, бұл бәсекеге еліміз­дің түкпір-түкпірінен 21 балуан қатысып, күш сынасты. Олар 100 кг болатын екі тасты 60 метр қашықтыққа көтеріп апарса, 120 кг болатын өгізді арқалап белгіленген қашықтыққа жеткізуден, 70 кг болатын кір тасын жоғары-төмен көтеруден, 500 кг жүк тиелген арбаны тіспен сүйреуден жарысқа түсті. Нәтижесінде барлық сынның талабын толық орындаған Түркістан қаласының балуаны Азамат Мақұлбеков бірінші орынды жеңіп алып, бас жүлде 1,5 млн теңгеге ие болды. Шығыс Қазақстан облысынан келген Вадим Макарцов екінші орын алып, оған 1 млн теңге ақшалай сыйлық табысталды. Қарағанды облысының балуаны Азат Қарашолақов жүлделі үшінші орыннан көрініп, 500 мың теңгеге ие болды.
Биылғы ерекшелік, Қарқара атшабарындағы үйірлі жылқының көрінісі жиналған көпшіліктің назарын өзіне ерекше аударды. Жер тарпыған жылқылар дүбірін естігенде, елең етпеген ел қалмады. «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ», апайтөс жылқылардың сұлулығына сүйсіндік. Келбеті келіскен, тай-құлыны тебіскен көріністі көргенде толқымау мүмкін емес.
Түс ауа дүйім жұрт Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығына арналған ат бәйгесін қызықтады. Мыңжылқы атшабарында құнан бәйге 9 шақырымға, топ бәйге 21 шақырымға және аламан бәйге 32 шақырымға созылып, шабандоздар бақтарын сынады. Бас жүлдеге үш автокөлік тігілсе, кейінгі орындарға 10 млн теңгеден 200 мың теңгеге дейін ақшалай сыйлықтар қарастырылды. Бәйгеге жарап тұрған тұлпарлар тұяғы жанкүйерлердің делебесін қоздырды. «Ат шаппайды, бап шабады» дегендей, жүйріктерін бәйгеге қосқандар тақым қысып, жанкүйер жандардың арқасы қозды.
Сонымен аламан бәйгеде бірінші орын Жамбыл облысы Қордай ауданынан келген «Айтолқын» атты сәйгүлікке бұйырды. Ат иесі – Нұрберген Айсұлтан, бапкері – Мақсат Мұрақанбаев, шабандозы – Сайлау Нұрислам. Екінші орынды Балқаш ауданының «Байқоңыр» аты жеңіп алды. Ат иесі – Сапарғали Сәтбаев, бапкері – Жамбыл Бөбекбай, шабандозы – Мерей Ғарифуллин. Үшінші орынды Жетісу облысы Кербұлақ ауданынан келген Еркін Садықбаевтың «Таужирен» атты сәйгүлігі еншіледі. Бапкері –Әбдірахман Күлгінбаев, шабандозы – Мұхаммед Таңжарық. Төртінші орын Жамбыл облысы Қордай ауданынан келген Нұрлан Шариповтың «Аврора» сәйгүлігіне бұйырды. Бапкері – Бауыржан Дамир, шабандозы – Ерсұлтан. Шашасына шаң жұқтырмаған бас жүлдегерге «JETOUR» автокөлігінің кілтін Әлмерек Жаншықұлының ұрпақтары табыстады.
Осылайша салтымыз сақталып, халқымыз мақтанып жүретін Қымызмұрындық мерекесі жоғарғы деңгейде өтті. Қарқара жайлауына жиналған қауым ұлттық сусыннан дәм татып, әсем табиғаттың сұлулығынан ләззат алып, ерекше әсерге бөленіп қайтты.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы