Перейти к содержимому
Главная страница » Заң мен тәртіп –әділетті қоғамның негізі

Заң мен тәртіп –әділетті қоғамның негізі

«Өзгеру мүмкіндігінен айырылған мем­лекет өзін сақтап қалу мүмкіндігінен де айырылады», – деген екен ағылшын ойшылы Эдмунд Бёрк. Бұл ой бүгінгі заман шын­ды­ғымен үндеседі. Өйткені қоғам бір орнында тұрмайды, уақыттың талабы мен жаңа дәуірдің сын-қатері мемлекеттен үнемі жаңаруды, бейімделуді және институт­тарды жетілдіруді талап етеді.

Еліміздегі соңғы елеулі оқиғаның бірі – «Amanat»-тың «Әділет» партиясына қосылуы. Бұдан «Әділет» партиясының саяси салмағы басым боларын болжау қиын емес. Жаңа «Әділет» партиясының құрылтай съезі 2026 жылғы 7 мамырда Астанада өтті. Съезде партия бағдарламасы мен жарғысы қабылданып, Айбек Дәдебай төраға болып сайланды. Осылайша «Әділет» жаңа конституциялық өзгерістер кезеңінде саяси кеңістікке ресми түрде енген жаңа партиялардың біріне айналды. Соңғы жылдары белсенді көрінген «Respublica» партиясы кәсіпкерлік орта мен жаңа буын саясаткерлеріне сүйенген реформаторлық бағыттағы күш ретінде өз орнын қалыптастырып үлгерді. Аграрлық және өңірлік мүдделерді көтеретін «Ауыл», кәсіпкерлік және экономикалық либерализм ұстанымындағы «Ақ жол», әлеуметтік бағыттағы Қазақстан халық партиясы және өзін балама көзқарас ұсынатын күш ретінде көрсетіп жүрген Жалпыұлттық социал демократиялық партия да жаңа саяси кезеңдегі ықтимал қатысушылар қатарында аталады.
Қазіргі күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі – Құрылтай сайлауын өткізу. Жаңа Конституцияға сәйкес, Қазақстан Сенат пен Мәжіліске негізделген бұрынғы екі палаталы парламенттік жүйеден Құрылтайға негізделген жаңа өкілдік модельге өтуде. Конституциялық тәртіп бойынша Құрылтай бес жыл мерзімге сайланып, 145 депутаттан құралады. Сайлау партиялық тізімдер негізінде өткізіледі. Бұл саяси бәсекенің сипатын да өзгертеді. Егер бұрын саяси процеске жекелеген тұлғалар мен әртүрлі өкілдік тетіктері қатар әсер етсе, жаңа жүйеде негізгі рөл партияларға беріледі. Сондықтан бүгінгі партиялық кеңістіктегі қозғалыс кездейсоқ құбылыс емес. Ол жаңа конституциялық кезеңге бейімделу процесінің бір бөлігі ретінде қалыптасып отыр.
Құрылтай сайлауының алғашқы кезеңі 2026 жылдың тамыз айына жоспарланып отыр. Жаңа Конституцияның енгізілуі тек Құрылтаймен немесе сайлау жүйесінің өзгеруімен шектеліп отырған жоқ. Қазірдің өзінде мемлекеттік басқару құрылымын жаңа модельге бейімдеу жұмысы басталды. Ең алдымен, қолданыстағы заңнаманы қайта сәйкестендіру процесі жүріп жатыр. Атап айтқанда, Құрылтайдың құқықтық мәртебесі мен жұмыс тәртібін айқындайтын заңнамалық база әзірленуде, сайлау туралы заңдарға жаңа өкілдік модельге сәйкес өзгерістер енгізілуде, саяси партиялардың қызметі мен партиялық тізімдерге қатысты рәсімдер қайта қаралуда. Сонымен қатар бұрынғы Сенат пен Мәжіліс қызметіне негізделген көптеген парламенттік және рәсімдік нормаларды жаңа жүйеге бейімдеу міндеті туындады. Мемлекеттік органдар арасындағы өкілеттіктерді нақтылау, жаңа өтпелі кезең ережелерін қалыптастыру және конституциялық нормаларды іске асыратын қосымша заңдарды қабылдау жұмыстары да қатар жүргізілуде.
Жаңа Конституцияның нақты құқықтық салдары қазірдің өзінде байқала бастады. Соның айқын мысалдарының бірі – Конституциялық сот институтының күшеюімен байланысты. Бұрын Қазақстанда Конституциялық кеңес жұмыс істеп, оған жүгіну құқығы шектеулі мемлекеттік субъектілерге ғана тән болатын. Жаңа конституциялық модель бұл тәсілді өзгертті. Конституциялық соттың шешімдері енді құқықтық жүйеге тікелей ықпал ететін факторға айналып отыр. Оның нормативтік қаулылары түпкілікті әрі міндетті күшке ие болғандықтан, мемлекеттік органдар қабылдайтын заңдар мен тіпті ведомстволық актілердің өзі конституциялық тәуекел тұрғысынан алдын ала бағалана бастады. Бұл өзгерістің практикалық мәні зор. Егер бұрын құқықтық даулар көбіне заңның мәтінімен шектелсе, қазір оның Конституциядағы негізгі құқықтарға сәйкестігі мәселесі бірінші қатарға шықты. Басқаша айтқанда, жаңа Конституция мемлекеттік аппараттың күнделікті құқықтық жұмыс мәдениетіне әсер ете бастады.
Жаңа Конституцияның құқықтық әсері нақты өмірлік мәселелерден де байқалуда. Соның айқын мысалы – биылғы Конституциялық соттың зейнетақы төлемдеріне қатысты ұстанымы болды. Бұған дейін құқық қолдану тәжірибесінде азаматтың Қазақстан аумағында тұрақты тұруы зейнетақы алу құқығымен байланыстырылып келді. Алайда 2026 жылғы нормативтік қаулысында Конституциялық сот мемлекеттік базалық және жасына байланысты зейнетақы адамның тұрғылықты жеріне емес, оның жасына және әлеуметтік құқықтарына байланысты төлем екенін атап көрсетті.
Жаңа Конституция енгізген конституциялық бақылау тетігінің нақты әсері қылмыстық жүйе саласынан да байқалды. 2025 жылы Конституциялық сот адамды қамауда ұстау мерзіміне қатысты маңызды мәселеге назар аударды. Бұған дейін тәжірибеде сот белгілеген мерзім аяқталғанымен, жаңа шешім шыққанға дейін адамның қамауда қала беруіне жол беретін құқықтық көмескілік кездесетін. Конституциялық сот мұндай жағдайдың құқықтық айқындыққа да, адамның жеке бас бостандығына да сәйкес келмейтінін атап өтті. Соның нәтижесінде Қылмыстық-процестік кодекстегі тиісті норма Конституцияға сәйкес емес деп танылып, заңнаманы қайта қарау міндеті қойылды. Қарапайым тілмен айтқанда, негізгі қағида адамның бостандығы соттың нақты әрі уақтылы шешімінсіз шектелмеуге тиіс деген ұстанымда жатыр. Бұл жаңа Конституция жағдайында конституциялық бақылаудың тек пікір немесе ұсыным емес, азаматтың күнделікті құқығына нақты әсер ететін жұмыс істейтін тетікке айналып келе жатқанын көрсетеді.
Жаңа Конституция енгізген өзгерістердің бірі – сот әділдігіне деген көзқарастан да байқалады. Бұрын сот шешімі заңды күшіне енсе, көпшілік үшін мәселе түпкілікті жабылғандай қабылданатын. Алайда конституциялық құқық саласын зерттеген Эльвира Азимова мен Гүлнар Қалиева көрсеткендей, жаңа конституциялық модель бұл ұстанымды қайта қарауға негіз қалады. Егер сот шешімі кейін «Конституцияға сәйкес емес» деп танылған нормаға немесе «Конституциялық сот дұрыс емес» деп таныған құқықтық түсіндіруге сүйеніп қабылданса, мұндай істі қайта қарау мүмкіндігі пайда болады. Бұл қағида теориялық жаңалық қана емес. 2025 жылғы ғылыми-консультативтік кеңес алаңында жарияланған мәліметтер бойынша, конституциялық құқықтық позициялар негізінде ондаған іс қайта зерделеніп, 18 сот шешімі қайта қаралған. Мұның мәні тереңірек. Өйткені әділет қателеспейтін жүйе құрудан емес, қажет болған жағдайда сол қатені мойындап, түзете алатын құқықтық мәдениет қалыптастырудан басталады.
Ата Заңымыздың ықпалы тек Конституциялық сот шешімдерінен ғана емес, мемлекет пен азамат арасындағы күнделікті қатынастардан да байқала бастады. Заңгер-ғалым Қ. Бегалиев назар аударғандай, соңғы жылдары әкімшілік әділет жүйесінде маңызды сапалық өзгеріс жүріп жатыр. Бұрын азамат пен мемлекеттік орган арасындағы дауда бастамашылдық пен институционалдық басымдық көбіне аппарат жағында болатын. Ал жаңа конституциялық ұстанымдар мен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс бұл тепе-теңдікті қайта қарауға негіз қалады. Енді мемлекеттік орган өз шешімінің заңдылығы мен негізділігін дәлелдеуге міндетті, ал сот тек сырттай бақылаушы емес, құқықтың әділ іске асуына жауапты белсенді институт ретінде көріне бастады. Бұл өзгерістің мәні тек процессуалдық ережелерде емес, әңгіме азаматтың мемлекетпен дауда өзін алдын ала әлсіз тарап ретінде сезінбеуі туралы болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция билік пен қоғам арасындағы қатынастың құқықтық мәдениетін біртіндеп жаңартатын тетікке айналып келеді.
Жаңа Конституцияның ықпалы экономикалық қатынастардан да байқала бастады. Құқық­тану­шылар талдаған кейстердің бірі акционерлердің құқықтары мен компанияны басқару мәселесіне қатысты. Әңгіме дивиденд төлеу немесе төлемеу жөніндегі шешімдердің қаншалықты әділ әрі даулауға жататыны туралы болды. Бұрын мұндай мәселелер көбіне компанияның ішкі шаруасы немесе басқарушы органның еркі ретінде қабылданатын. Алайда қазіргі құқықтық ұстанымдарда бір маңызды қағида күшейіп келеді: экономикалық шешім заңға формалды түрде сай болғанымен, ол адалдық, негізділік және құқықтық сенім талаптарына да жауап беруі керек. Бұл бағыттағы талқылаулар жаңа Конституция жағдайында меншік құқығы мен экономикалық қатынастар да тек нарық логикасымен емес, құқық пен әділет өлшемдері арқылы қарастырыла бастағанын көрсетеді.
Жаңа Конституция енгізген өзгерістердің тағы бір маңызды бағыты құқықтық анықтық қағидаты­нан көрініс табады. Қылмыстық процесс мәселе­лерін зерттеген профессор Арыстан Ақпановтың айтуынша, Конституциялық соттың жаңа тәжірибесі заңның тек қатал емес, түсінікті әрі болжамды болуын да талап етеді. Бұл әсіресе қылмыстық іс жүргізу саласында айқын көрінді. Конституциялық бақылау барысында адам бостандығына қатысты рәсімдердің көмескі немесе әртүрлі түсіндірілуі құқыққа деген сенімді әлсірететіні көрсетілді. Өйткені азамат үшін ең қауіпті нәрсенің бірі – заңның жоқтығы емес, оның қалай қолданылатынының белгісіз болуы. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция мемлекеттен тек құқықтық тәртіпті емес, сол тәртіптің айқын әрі әділ болуын талап ететін жаңа стандарт қалыптастырып келеді.
Жаңа Конституция енгізген өзгерістердің ішіндегі ең тереңдерінің бірі – азаматтың мем­лекетпен құқықтық диалог сипаты. Профессор Арыстан Ақпанов атап өткендей, Конституциялық соттың қайта құрылуы және азаматтарға тікелей жүгіну құқығының берілуі заңдық бақылау аясын едәуір кеңейтті. Бұрын Конституция көп жағдайда жоғары мемлекеттік институттардың құзырындағы құқықтық кеңістік ретінде қабылданатын. Енді қарапайым азаматтың өзі белгілі бір заң немесе құқықтық норманың Конституцияға сәйкестігін тексеру мәселесін көтере алады. Бұл формалды өзгеріс қана емес. Өйткені құқықтық мемлекет азаматтың Конституцияны тек құрметтеуінен емес, қажет болған жағдайда оны өз құқығын қорғаудың нақты құралы ретінде пайдалана алуынан басталады. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция билік пен азамат арасындағы құқықтық қатынастың бұрынғыдан ашығырақ әрі тікелей моделін қалыптастырып келеді.
Жаңа дәуірдің басты ерекшелігі – өзгерістің тоқтаусыз жүруінде. Кей қоғам бұл үдерісті күйзеліс арқылы бастан өткереді, кей мемлекет оны алдын ала болжап, эволюциялық жолмен басқаруға ұмтылады. Қазақстанның таңдауы екіншісіне жақын екені байқалады. Сондықтан бүгінгі реформаларды бір реттік саяси науқан немесе жекелеген институттардың жаңаруы ретінде қабылдау жеткіліксіз. Әңгіме әлдеқайда терең құбылыс туралы болып отыр.
Жаңа Конституция төңірегінде жүріп жатқан өзгерістердің мәні тек жаңа Құрылтайда, партиялық жүйеде немесе Конституциялық соттың өкілеттіктерінде ғана емес. Оның шынайы ықпалы құқықтық мәдениеттің, мемлекет пен азамат арасындағы сенімнің және қоғамдық жауапкершіліктің біртіндеп өзгеруінен байқа­лады. Конституция енді салтанатты мәтін немесе символдық құжат деңгейінен шығып, мемлекеттік шешімдердің, сот тәжірибесінің және азаматтық құқықтардың күнделікті өлшеміне айнала бастады.
Әрине, ешбір реформа мінсіз болмайды. Эволюцияның өзі де қателіксіз процесс емес. Бірақ өзгеруден бас тарту көбіне тұрақтылықты сақтап қалмайды, керісінше уақытпен байланысын жоғалтқан жүйенің әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан бүгінгі Қазақстан үшін негізгі мәселе өзгеріс керек пе, жоқ па деген таңдауда емес, сол өзгерістің қандай мәдениет, құқықтық сана және қоғамдық жауапкершілікпен жүзеге асатынында жатыр. Жаңа дәуір дегеніміз, бәлкім осы болар. Бұл – мемлекетті қорқыныш емес, сенім ұстап тұратын, реформаны күйреу емес, дамудың табиғи тетігі ретінде қабылдайтын қоғам қалыптастыру жолы.

Қуат Қайранбаев