1 шілде – Қазақстанның саяси-құқықтық жүйесі үшін маңызды кезеңнің басталуы болмақ. Дәл осы күні бүкілхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция толық заңды күшіне енеді. Соған сәйкес мемлекеттік басқару жүйесі, жоғары өкілді билік құрылымы, бірқатар саяси институттар мен заңнамалық нормалар түбегейлі өзгереді.
Жаңа Ата Заңның іске қосылуы Қазақстанның саяси құрылымына, билік тармақтарының өзара қатынасына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктеріне және мемлекеттік институттардың жұмыс істеу сипатына елеулі өзгерістер әкеледі. Қоғамда бұл реформа ел дамуының жаңа кезеңі ретінде қарастырылуда.
Конституциядағы үлкен өзгерістің бірі – заң шығарушы биліктің қайта құрылуы. Бұрынғы екі палаталы Парламенттің орнына Құрылтай деп аталатын бір палаталы заң шығарушы орган енгізіледі. Бұл өзгеріс заң шығару үдерісін оңтайландыруға және шешім қабылдау тетіктерін жеделдетуге бағытталған. Құрылтай депутаттары партиялық тізім негізінде сайланып, елдегі саяси партиялардың рөлін арттыру көзделіп отыр. Сонымен бірге заң шығару үдерісінің ашықтығы мен жауапкершілігін күшейту мәселесі де алдыңғы қатарға шығады. Мемлекеттік басқару құрылымында тағы бір маңызды жаңалық – Вице-Президент лауазымының енгізілуі. Бұл институт атқарушы биліктің жұмысын үйлестіруге, стратегиялық шешімдердің орындалуын бақылауға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Конституциялық реформалардың маңызды бөлігі – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін нығайту. Бұл бағытта адвокатура мен омбудсмен институттарының мәртебесі күшейтіліп, құқық қорғау тетіктерінің тиімділігі арттырылады. Сонымен қатар адамның құқықтарын қорғау саласында жаңа кепілдіктер енгізіледі. Азаматтардың заң алдындағы теңдігі, кінәсіздік презумпциясы және құқықтық қорғаныс тетіктері конституциялық деңгейде нақтырақ көсетілген.
Бұл өзгерістер қоғам мен мемлекет арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған деп түсіндіріледі. Жаңа Конституцияда цифрлық кеңістіктегі құқықтарды қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Дербес деректердің қауіпсіздігі, ақпараттық кеңістіктегі құқықтық қорғау және цифрландыру жағдайындағы азаматтардың мүдделерін сақтау негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленген.
Экономикаға қатысты да бірқатар жаңалық бар. Кәсіпкерлікті қорғау тетіктерін күшейту, инвестициялық ахуалды тұрақтандыру және экономикалық қатынастардың ашықтығын арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар ұлттық валюта – теңгенің мәртебесі конституциялық деңгейде бекітіліп, оның ел егемендігінің негізгі элементі ретіндегі рөлі айқындалады.
Жаңа Конституцияның күшіне енуі – Қазақстанның мемлекеттік құрылымын жаңғыртуға бағытталған ірі саяси-құқықтық реформа. Бұл өзгерістер билік институттарының жұмысын жетілдіруге, азаматтардың құқықтарын кеңейтуге және қоғам мен мемлекеттің өзара байланысын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Ел тарихындағы бұл бетбұрыс алдағы жылдары саяси, экономикалық және әлеуметтік дамудың жаңа бағытын айқындайды.
Сұлтан Нұрдәулетов,
облыстық мәслихаттың депутаты


