Перейти к содержимому
Главная страница » Адалдық – адамдықтың өлшемі

Адалдық – адамдықтың өлшемі

Бүгінгі таңда еліміздің даму жолындағы басты басымдықтардың бірі –сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес және қоғамда «нөлдік төзімділік» мәдениетін қалыптастыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, сыбайлас жемқорлықпен күрес – бұл тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы орайда, Тасашы ауылдық округі әкімі аппараты тарапынан бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың ең тиімді жолы – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және адалдық принциптерін насихаттау. Округтегі білім беру мекемелері мен қоғамдық орындарда тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы «Адалдық – болашақ жолы» атты жастар форумы мен «Адалдық – өз қолыңда» атты мектепішілік байқаулар өткізілген болатын. Бұл шаралар өскелең ұрпақтың бойына адалдық пен жауапкершілік сезімін ұялатуға бағытталған.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету – жемқорлық тәуекелдерін азайтудың басты кепілі. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының «Е-өтініш» базасы арқылы өз мәселелерін онлайн жолдау мүмкіндігі кеңейді. Сонымен қатар, округте арнайы «Құқықтық кабинет» ақпараттық жүйесін іске қосу жоспарлануда. Бұл база мамандарға логин және пароль арқылы кіріп, тұрғындарға кәсіби құқықтық көмек көрсетуге, заңнамалық актілерді жедел түсіндіруге жағдай жасайды.

 «Тура биде туған жоқ» деген бабалар өсиеті бүгінгі қоғам үшін де өзекті. Ауыл белсенділері, ардагерлер кеңесі және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп өткізілетін дөңгелек үстелдер мен жиындар бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік береді. Округтің әлеуметтік желі парақшалары мен орталық көшелердегі билбордтар арқылы жемқорлыққа қарсы үгіт-насихат жұмыстары да өз нәтижесін беруде.

Қорыта айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою – әрбір азаматтың ар-ожданы мен жауапкершілігіне байланысты. Біз тек бірлесе отырып қана әділетті қоғам мен жарқын болашақты қалыптастыра аламыз. Адалдық әрқайсымыздың басты ұстанымымызға айналуы тиіс.

Қарашаш Әліпбаева,

Тасашы ауылдық округі әкімдігінің құрылымдық бөлімше басшысы

Кеген ауданы