Ұлттық домбыра күніне орай 6654 әскери бөлімінде тағылымы мол мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шара Алматы облысы Полиция департаментімен, Қонаев қаласы Полиция басқармасымен және Қаракемер ауылының мәдениет үйімен бірлесіп өткізілді.
Іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық құндылықтарын дәріптеу, домбыра өнерін насихаттау, әскери қызметшілердің рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайту және жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді қалыптастыру.
Мерекелік бағдарлама аясында «100 күй, терме» атты концерт ұйымдастырылып, Қаракемер ауылының мәдениет үйінің өнерпаздары қазақтың халық күйлері мен тағылымды термелерін орындады. Домбыраның күмбірлеген үні көпшілікке ерекше әсер сыйлап, ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Шараға қатысқан әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының өкілдері ұлттық мұраны дәріптеуге бағытталған мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтті. Олар домбыраның халқымыздың рухани қазынасы ғана емес, ұлттың бірлігі мен мәдени болмысын айқындайтын қасиетті мұра екенін жеткізді.
6654 әскери бөлімінде өткізілген бұл мәдени іс-шара әскери қызмет пен рухани құндылықтардың өзара сабақтастығын көрсетіп, мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етті. Ұлттық домбыра күні аясындағы осындай тағылымды кездесулер жас сарбаздардың ұлттық сана-сезімін қалыптастырып, олардың елге, жерге және ата-баба мұрасына деген құрметін арттыруға зор үлес қосады.
Ұлттық домбыра – ұлт рухының мәңгілік үні. Оны қастерлеу – әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы.


