Перейти к содержимому
Главная страница » Эссе байқауы қорытындыланды

Эссе байқауы қорытындыланды

Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті. Қоғамның кез келген саласына дендеп еніп, жегідей жейтін жемқорлықтан арылудың бір жолы – оған қарсы мәдениетті қалыптастыру. Осы орайда Еңбекшіқазақ аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен мемлекеттік қызметшілердің жарлары, балалары және ата-аналары арасында «Жемқорлыққа жол жоқ: менің азаматтық ұстанымым» атты аудандық эссе байқауы өтті.
«Іле мұрагер» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған бұл байқаудың басты мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыру, азаматтардың адалдық және жауапкершілік құндылықтарын нығайта отырып, жең ұшымен жалғасқан жемқорлыққа тосқауыл болу.
Байқауға қатысушылар заң мен тәртіп, азаматтық ұстаным, адал еңбек, қоғам алдындағы жауапкершілік, мемлекеттік қызметшілердің адал ұрпақ тәрбиелеудегі үлгісі сынды мәселелерді қозғап, жазған шығармаларында сыбайлас жемқорлықтан ада қоғамның ел дамуы мен өркендеуінде рөлі қандай маңызға ие екенін жан-жақты аша білген.
Байқау қорытындысы бойынша Еңбекшіқазақ ауданы әкімі аппаратының бас маманы Ақмарал Қанапина мен Дана Қанапина жеңіп алды. Балтабай ауылдық округі әкімінің орынбасары Айдын Байтілеуов пен зайыбы Еркеназ Рахметолановаға 2-орын бұйырса, Сөгеті ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Гүлмира Әділханова мен жұбайы Медет Омаровқа 3-орын тиесілі болды.
Шағын ғана мәтінде үлкен мәселені барынша ашып жазып, оның себеп-салдары мен зардабын да жан-жақты жеткізе білген байқау жеңімпаздарына естелік сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
«Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген өте мағыналы сөз бар. Елдің дамуы мен жердің көркеюіне үлес қосатын адал азаматтардың негізі отбасындағы тәрбиемен қалыптасады. Сондықтан осынау маңызды мәселе де отбасындағы тәрбиеден тыс қалмай, балаларға кішкентайынан айтылуы керек. Осыны ескере отырып, шығарманы отбасы мүшелерімен бірлесе жазуды байқау талаптарының бірі ретінде бекіттік», – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайсар Асқарұлы.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы