Қырғызсай ауылдық округінде алаяқтықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Аталған бастаманың ұйытқысы болып жүрген жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы Қахар Мырзалиев ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлуде.
Ақпараттық-түсіндіру шаралары барысында тұрғындарға интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері, жалған қоңыраулар мен күмәнді сілтемелердің қауіптілігі, банк карталарының деректерін бөгде адамдарға бермеу қажеттігі жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер арқылы таралатын жалған жарнамалар мен «оңай табыс» ұсынатындарға сенбеу керектігі де айтылды.
Кездесулер ашық форматта өтіп, ауыл тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Әсіресе, егде жастағы азаматтарға алаяқтардың айла-тәсілдері қарапайым тілмен түсіндіріліп, сақтық шараларын сақтау жолдары көрсетілді.
Осындай жұмыстардың нәтижесінде тұрғындардың сақтық деңгейі артып, күмәнді жағдайларға бейжай қарамай, тиісті орындарға дер кезінде хабарлау мәдениеті қалыптасып келеді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы түсіндіру шаралары жалғасын табады.
Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы


