Өткен аптада өңір аумағында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде өз елінде түрлі қылмыстар жасады деген күдікпен мемлекетаралық іздеуде жүрген көршілес мемлекеттің азаматтарының жүрген жері анықталып, олар ұсталды. Ұсталғандардың қатарында 1981 жылы туған бір әйел және 1980, 1989 және 1990 жылдары туған үш ер адам бар.
Полицияның мәліметінше, ұсталғандардың бірі аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін іздеуде болған. Екіншісі азаматтарды тау-кен металлургия комбинатына жұмысқа орналастырамын деген желеумен алдаған деген күдікке ілінген. Әйел адам ұялы телефондарды сатудан түскен ақшаны иемденді деп күдіктелсе, тағы бір ер адам экономикалық қылмыстар жасады деген айыппен іздеуде жүрген. Олардың барлығы құқыққа қайшы әрекеттерді өз елдерінің аумағында жасаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, шетел азаматтары Қазақстан аумағында жасырынып жүрген және мұнда да заңсыз әрекеттерін жалғастыруды көздеуі мүмкін болған. Полиция қызметкерлері жедел ақпараттың негізінде оларды қолға түсірді.
— Қазіргі уақытта барлық шетел азаматтары уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларды депортациялау мәселесі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ олардың басқа да ықтимал қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде, — деп хабарлады полиция.
Алматы облысы Полиция департаментінде халықаралық құқық қорғау органдарымен жолға қойылған өзара іс-қимыл қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және трансшекаралық қылмыспен күрестің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Облыстық полиция департаменті


