Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, қоғамда адалдық пен заң үстемдігі қағидаттарын нығайту, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстар Еңбекшіқазақ ауданында жүйелі түрде жалғасуда.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің қолдауымен, «Еңбекшіқазақ ауданының ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесі және «Іле мұрагер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен аудан көлемінде мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда бірқатар ақпараттық-түсіндіру кездесулері, дәрістер және дөңгелек үстелдер өткізілді.
Іс-шаралар «Алатау Жарық Компаниясы», Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасы, «Еңбекшіқазақ Су» мекемесі, полиция басқармасы сондай-ақ аудан әкімдігінің мәжіліс залында ұйымдастырылып, әртүрлі сала қызметкерлерін қамтыды.
Кездесулердің негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілер мен ұйым қызметкерлерінің заң талаптарын сақтау деңгейін арттыру, қоғамда адалдық пен ашықтық қағидаттарын дәріптеу болды.
Іс-шаралардың негізгі спикері – Жанділдә Жақыпов, «Халықаралық құқық қорғау орталығы» РҚБ Президенті, ТМД Экономикалық сотының ДРХО арашашысы, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының лектор-сарапшысы, «Қазақстан медиаторлар қауымдастығы» ЗТБ Бас директоры, халықаралық дәрежелі медиатор-жаттықтырушы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, заңгер.
Өз сөзінде спикер Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасының негізгі талаптарына кеңінен тоқталып, заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтегі әдеп нормаларын сақтау, қызметтік міндеттерді адал әрі әділ орындау, мүдделер қақтығысының алдын алу және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен міндеттері, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін көзделген жауапкершілік түрлері және олардың қоғамға тигізетін әлеуметтік-экономикалық зардаптары туралы жан-жақты түсіндірме берілді.
Өткен кездесулер барысында қатысушылар «Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама негіздері», «Сыбайлас жемқорлық: ұғымы, түрлері және қоғамға әсері», «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу: заң талаптары және азаматтық жауапкершілік», «Қызметтік әдепті сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары» сияқты өзекті тақырыптар төңірегінде пікір алмасты.
Іс-шаралар барысында ашық пікірталас ұйымдастырылып, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тәжірибелік тұрғыдан маңызды жауаптар алды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, ашықтықты қамтамасыз ету, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыру және қоғамда парасаттылық құндылықтарын қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары құқықтық мәдениетті нығайтуға, азаматтардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті күшейтуге ықпал етеді. Әсіресе мемлекеттік органдар, коммуналдық кәсіпорындар мен әлеуметтік сала қызметкерлері арасында тұрақты түрде өткізілетін кездесулер заң талаптарын сақтауды жетілдіруге және қызметтік әдеп қағидаттарын нығайтуға мүмкіндік береді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Заңға құрмет, адалдық, әділдік және жауапкершілік қағидаттарын күнделікті өмірде ұстану арқылы ғана әділетті әрі ашық қоғам қалыптастыруға болады.
Айсұлу Жалғасова,
Еңбекшіқазақ ауданы ішкі саясат бөлімінің бас маманы


