Перейти к содержимому
Главная страница » ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ МІНДЕТ

ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ МІНДЕТ

Кеген аудандық әкімдігінде ішкі саясат бөлімінің қолдауымен және «Ақжүрек-Кеген» Алматы облыстық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілерге арналған «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары және онымен күресу жолдары» тақырыбында семинар өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы білімдерін жетілдіру, сондай-ақ қоғамда адалдық пен ашықтық қағидаттарын нығайту.
Семинар спикері, заңгер, НАРХОЗ университетінің Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің профессор-ассистенті Райхан Қуандыққызы сыбайлас жемқорлықтың қоғам дамуына тигізетін кері әсері, жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері және мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әдеп нормаларын сақтау мәселелері жөнінде кеңінен баяндама жасады.
Кездесу барысында қатысушыларға қолданыстағы заңнамадағы өзгерістер түсіндіріліп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу тетіктері мен оларды болдырмаудың тиімді жолдары жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметте адалдық, әділдік, жауапкершілік және ашықтық қағидаттарын берік ұстанудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Семинар интерактивті форматта өтіп, мемлекеттік қызметшілер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тәжірибелік тұрғыда нақты жауаптар алды. Мұндай ашық пікір алмасу қатысушылардың құқықтық білімін толықтырып қана қоймай, күнделікті қызмет барысында заң талаптарын сақтаудың маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді.
Осындай тағылымды кездесулер мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби мәдениетін қалыптастыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды нығайтуға және қоғамдағы адалдық құндылықтарын дәріптеуге зор үлес қосады. Әрбір мемлекеттік қызметші заң үстемдігін басшылыққа алып, халық сеніміне лайық қызмет ету арқылы ғана әділетті әрі ашық қоғам құруға өз үлесін қоса алады.
Адалдық – мемлекеттік қызметтің басты қағидасы. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы