Перейти к содержимому
Главная страница » Құралайдың қорғаны

Құралайдың қорғаны

Бұл – өмірдің сынағына мойымаған жалғызбасты әкенің, мейірімге зәру болып өссе де, көңілі жүдемеген қыздың, ең бастысы, қазақы ортаның адамшылық болмысын танытқан хикая. Ауылдағы фельдшер, бір аяғы кемтар Бөкеннің бар бақыты Құралай еді. Әйелінен ерте айырылған ол екі жасар қызын жалғыз өзі өсіріп, жеткізуге бел буады.

Аудандық аурухананың аула­сындағы шағын ғана бөлмеде әке мен қыз­дың өмірі өтіп жатты. Ол Құралайдың бесігіне де, балалық шағына да айналды. Бөкен – аудандық ауруханада ұзақ жыл бойы фельдшер болып қызмет еткен, елге сыйлы жан. Ауыл адамдары оны «ақсақ Бөкен» деп атайтын. Бойы аласа, бір аяғы кемтар болғанымен, мінезі өткір еді. Үнемі таза киініп жүретін. Жылтыраған аяқ киімі мен жинақы келбеті оның өмірге мойымаған қайсар мінезін аңғартатын. Бір өзі бала бағып, тәуліктік жұмыстың тауқыметін көтеріп жүрген ер адамға өмірдің жүгі оңай түспегенін ауыл іші жақсы білетін.
Бөкеннің күнделікті тіршілігі нағыз төзім мектебі еді. Бір аяғын сүйрете басып жүріп, кішкентай Құралайды бөтелкемен сүт беріп емізетін, жөргегін жуып, көтеріп жүретін. Кейде түнгі ауысымга кеткенде қызын аурухананың балалар бөліміндегі медбикелерге тапсыратын. Олар өз кезегінде Құралайды баласындай қарайтын. Аурухана асханасының аспаздары да қолдан келген көмегін аямады. Бірі айран әкелсе, бірі ботқа, бірі жеміс-жидек ұстатып жататын. Қазақы ортаның қарапайым мейірімі дәл осындай сәттерде байқалатын.
Құралай ананың әлдиін естімей өсті. Ана құшағының жылуын сезінбеді. Оның балалығы аурухана ауласындағы ыдыс-аяқ сылдырымен, «Жедел жәрдем» көлігінің тарсылымен өтті. Бірақ ол тағдырдың өзіне қатал келгенін әлі сезіне қоймаған сәби еді. Ал әкесі ше?.. Бөкен үшін бәрінен ауыры – жұмыстан кеш қайтқанда терезеден жылтылдаған шамның көрінбеуі. Үйінде күтіп отыратын жары жоқ. Пештің түтіні будақтап шықпайды. Жандүниесін жүдететін жалғыздықтың салмағы күн өткен сайын ауырлай түсетін. Сонда да оны өмірге қайта байлайтын бір ғана күш бар еді. Ол – Құралайдың күлкісі. Қызының сәби иісі мен кішкентай ғана езу тартқаны Бөкенге бүтін бір әлем­нің жарығындай сезілетін. «Қызымды ешкімге жәутеңдетпей өсірсем екен» деп армандайтын. Ол Алладан өзіне байлық та, мансап та сұрамады. Тек Құралай мектеп бітіргенше аман жүрсем екен деп тіледі. Өйткені «Мен өлсем, қызым кімнің босағасында қалады?» деген ой оның көкірегінен бір сәт кеткен емес.
Жылдар сырғып өтті. Құралай да есейді. Қызы мектеп жасына жеткенде қатарынан кем болмасын, өзге бала­лардан ұялмасын деп аурухана аула­сындағы бөлмеден көшіп, мектепке жақын орналасқан жалдамалы пәтерге қоныс аударды. Жаңа қоныста да ауыл адамдарының қамқорлығы үзілген жоқ. Көршілер қыздан хабар алып тұрды. Бірі тамақ берсе, бірі үйіне қондырып қарайтын. Құралай да тәрбиелі, ұқыпты болып өсті. Сабақтан қалмайтын, киімі таза, тәртібі жақсы қыз еді. Бөкен оны ешқашан жетімсіретпеуге тырысты. Құралайдың көңіліне қаяу түсірмеуге, ренжітпеуге барын салды. Үнемі жақсы сөз айтып, жақсылыққа ұмтылуды үйретті.
Уақыт өте Құралай бойжетіп, тұрмыс құрды. Әкесіне сүйеу болды. Ал Бөкен қызын ұясына қондырып барып, өмірден өтті. Ол артында зәулім үй де, қыруар байлық та қалдырған жоқ. Бірақ ел жадында адамдықтың, төзімнің, әкелік махаббаттың үздік белгісіндей болып сақталды. Бір аяғы кемтар болса да, тағдырға мойымаған қайсар қалпымен халықтың есінде қалды. Бөкеннің өмірі – үнсіз ерліктің үлгісі. Ол өз тағдырын емес, қызының болашағын ойлап өтті. Қиындыққа сынбай, жалғыз қызын алақанына салып өсірді. Қазақ «Алтын алма, алғыс ал!» дейді. Бөкен дәл сондай алғысқа кенелген жан еді. Оның Құралайын ертіп жүретін бейнесі ауыл жадынан өшкен жоқ. Өйткені халықтың мейірімі мен адамгершілігі дәл осындай тағдырлар арқылы танылады.

Ержан Жайлыбаев,
Алатау қаласы Жауғашты ауылындағы кәсіптік-техникалық колледждің әдіскері
Нұрбибі Айданова,
Қарасай ауданы Жібек жолы ауылдық округі Ы. Алтынсарин атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі