Перейти к содержимому
Главная страница » Ізгілік іздері

Ізгілік іздері

Кеген мен Сарыжаздың арасында, Марусья тауына жете бергенде қара жолдың оң жақ қапталында Тасашы деген ауыл бар. Тұмсықты айналсаң, алдыңнан көрінген ақшаңқан үйлер көңілді қуантады. Мен оны әзілдеп, серіктеріме «Мағжан қаласы» деп таныстыратынмын. Алматыдан сапарласқан Бекмұрат мына сөзіме елең етіп, Алаштың ақыны Мағжан Жұмабаевтың есімі берілгендей толқып кететін.

Елуінші жылдары «халық жауы» Мағжан Жұмабаев қазақ үшін жабық тақырып болды. Соған қарамастан ұлы ақынды іштей құрмет тұтатындар Нарынқол өңірінде табылатын. Соның дәлелі – досымның Мағжан аталуы. Бала Мағжан ата Мағжанның даңқына кір келтірмей өсті. Ол кісі секілді ақындық жолды игермесе де, азаматтық бағытынан жаңылмады. Ұлттық бояулары қою Мұқағали жырларын сүйіп оқыды. Сәулетшілік пен құрылысшылық өнерді ерекше жақсы көрді. Осының бәрі жалынды жастың көркемдік танымына әсер етті.
1966 жылы әкемнің қызметіне орай С.Киров атындағы ұжымшарға, қазіргі Шалкөде ауылына көштік. Мағжанмен сонда таныстым. Тіпті 9-сыныпта бір партада отырдық. Мен секілді спортқа жақын екен. Жарыстардан қалмаймыз. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын мінезімен дараланады. Ойы тұнық. Мінезге бай. Ал математика десе, бәрін ұмытады. Көшеде кетіп бара жатып, есептерді ойша шешетіні бар. Бір сөзбен айтқанда, онда бос уақыт болмайтын. «Мағжан махаббатын да математикадан іздейді» деп әзілдесек, күлетін де қоятын. Ой құшағында отырғанда оны доп қууға ілестіріп әкету қиын.
Мектепті бітірген соң, ұзамай Алматыдағы политехникалық инсти­тутқа студент болып қабылданды. Бес жыл бойы профессорларды үздік үлгеріммен сүйіндірді. Құрылысшы-инженер мамандығының қыры мен сырын игерді. Ал өндірістегі алғашқы қадамын Нарынқолдағы жылжымалы құрылыс мекемесінен бастады. Мағжан Жабаевтың іскер болмысын мұндағы көпті көрген тәжірибелі тарландар бірден аңғарды. Жас маман терең білімімен, еңбексүйгіштігімен көзге түсті.
Жаңа келгендерді қоғамдық жұмысқа деп сылтауратып, қосалқы шаруа­ларға жегетін әдет мұнда да бар еді. Жас маман оған ренжімеді. Керісінше, оны тезірек шыңдалудың себебіне балады. Мекеме Мағжанды құрылыс жүйесінің шебері ретінде жұмыстың қызған ортасына салды. Осы уақыттар ішінде көп нәрсе белгілі болды. Жас маманның жауапты нысандарға сенімді серік етіп, тәуекелмен кірісетінін көрді. Қарым-қабілетін мойындай бастады. Қарап тұрсаңыз, құрылыс та – күрделі сала. Қиындықтары шаш етектен. Мәселен, қағаздағы сызбаларды толық түсініп барып есеп-қисабын дәл жүргізбесе, кішкентай қателіктен үлкен кемшіліктер туындауы мүмкін. Құрылыс материалдарымен дер кезінде қамтамасыз ету – басты шарт. Жаңашыл әдіс-тәсілдерге жүгіну арқылы ауыр жұмыстарды қалай жеңілдетеміз деген сұрақ прорабқа маза бермейді. Уақытты тиімді пайдалану да керек.Тапсырылатын нысанды мезгілінен кешіктірмей комиссияның қатал сынынан өткізу емтиханнан кем емес. Еңбек қауіпсіздігін сақтау, ұжымда тәртіп пен реттілікті орнықтыру қажыр-қайратты, өрелі қимылдарды қажет етеді. Өкінішке қарай, құрылысшылар арақ-шарапты демалдыратын сусынға санайтын. Бұл брежневтік заманның сүйкімсіз ұғымы еді. Мағжанды шаршататын маңдай терлететін жұмыстар емес, осындай қолайсыздықтар. Ішімдікке тіксініп қарайтындар мұнда аз. Есесіне бәрі тұрмыстық түйіндерді бір бөтелкемен шеше салуды қолай көретін. Бұл бәледен құтылудың жолы жоқтай еді. Мекеме басшысының өзі дәрменсіздік танытқан соң не шара?! Соны ойлағанда Мағжанның көңілі құлазып, дағдарғандай күйге түсетін. Не істеу керек?!
Екі таңдау тұрды. Біріншісі – «көп айтса көндімен» үйреншікті ортаға бейімделіп, ыңғайға көніп, «тыныш» өмір сүру. Бірақ оның түбі қайырлы болмайтын сияқты. Екіншісі – ішімдікке әуес ортадан қол үзіп, атын алысқа арқандау. Алайда өз мамандығын жақсы көрген, қалаған кәсібінің қызығына әлі қанықпаған ол бір сәт тұсалып қалады. Аяқтап үлгермеген жұмыстарын, үйрене бастаған дүбірлі құрылыс алаңын қимайды. Десе де, бір шешімге тоқтады. Мағжан өз қалауы бойынша жұмыстан босатуды сұрап, арызын мекеме басшысының алдына қойды. Барлық істі тиянақты тындыратын, жаман аты жоқ, дұрыс есептерімен тәнті ететін мықты менеджер, білікті маманды кімнің жібергісі келеді?! Бастық бірден келіспейтінін білдірді. Әдемі қисынмен алдарқатуды да ұмытпады.
– Сен, Мағжан, мені дұрыс түсін. Қатарыңнан озып тұрсың. Өзіңді ұжым жақсы көреді. Көріп тұрсың, жасым да ұлғайды. Зейнеткер атанатын күн алыс емес. Орныма сені ыңғайлап жүргенімді несін жасырайын? Мұндай мүмкіндік бола бермейді, шырағым. Меніңше, кетпегенің жөн. Ресми көзқарасым – жұмыстан босауыңа қарсымын, – деп басшы сөзіне нүкте қойды.
Бұлай еткені – бір жағынан, Мағжан­ның бағасын білгені. Ол уақыт­пен санаспайды. Тапсырмаларды стан­дартқа сай етіп орындайды. Байқам­­паз да сергек. Мұндай кадрдан кімнің айырылғысы келеді?! Бастық Мағжанның еңбек тәртібіне қатаң қарайтынын, қырсыздыққа шыдамай­тынын, әсіресе ішімдікке жаны қас екенін біледі. Директор оған байланысты уәж айта алмады. Сөйте тұрып жұмыстан шығармады.
Мағжан үнсіз сыртқа шықты. «Өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» оңтайлы амал іздеді. Содан кейін ширыққандай белін бекем буды. Мамандығы бойынша жұмыс іздеп, Кеген ауданына барды. Бұл 1977 жыл еді. Аудандық партия комитетінің адуынды бірінші хатшысы Үмбетжан Нұрғазиев оның әңгімесін зейін қойып тыңдаса да, тәп-тәуір қызметтен кеткісі келетін жайын онша түсіне алмады. Мағжан бұрынғы жұмыс орнын даттамай-ақ барлық ахуалды сыздықдатып отырып сездірді. Тіпті тәуір жалақы алғанын, қызметте көтеріле бастағанын, бірнеше рет марапатталғанын, сөгісі мен ескертуі жоқтығын айтты. Көпті көрген аудан басшысы жігерлі жастағы құлшынысты толық байқады. Қойған сұрақтарына бүкпесіз жауап қайтарғанына көңілі толды. Жігіттің көзіне тіке қарады. Көз адам жанының айнасы ғой. Буырқанған ішкі толғаныстарын сезді.
– Онда былай етейік, маған сеніп келген екенсің, мен де саған күмән келтірмейін. Жаңадан құрылып жатқан ҚазССР-дың 50 жылдығы атындағы кеңшар бар. Соған жіберейін. Бірақ машақаты өте көп, партиялық үмітті ақтай аласың ба? – деді бірінші хатшы.
– Сенімге сеніммен жауап беретін салтқа мен де берікпін. Бәрін уақыт көрсетеді. Мен жаңа жерде жаңаша тәртіп орнығатын, салауатты орта қалыптастыратын жағдай үшін күресе­мін. Жұмыстарды реттеуге шамам жетеді. Мен мамандығымды ұнатамын. Сондықтан өзімді ұятқа қалдырмаймын, – деді бұл басшыға риза пішінмен қарап.
– Өзіңді ғана емес, бізді де ұятқа қалдыр­мауға тиіссің, – деді бірінші басшысы сөзін нығарлай түсіп.
Мағжан сол күні Тасашы ауылына келді. Хабар телефон арқылы жетсе керек, директор оны қуана қарсы алды. Сараптамадан өткен, толық бекітілген ауылдың құрылыс жобасына екеулеп көз жүгіртті.
Осы жобаны тездетіп, құрылысқа айналдыру керек. Сен сияқты өзі жас, өзі білімді прораб бізге ауадай қажет еді. Азды-көпті жинаған тәжірибең де бар екен. Соны пайдалан. Білмегеніңді сұра, оның еш ұяты жоқ. Қолымыздан келгенше қолтығыңнан демейміз. Ертеңнен бастап іске кіріс, – деді шаруашылық басшысы. Іздеп таба алмай жүрген кадрдың өз аяғымен келгенін сәттілікке жорыды.
Жобада бәрі сайрап тұр. Тұрғын үй, кеңсе, мектеп, аурухана, Мәдениет үйі бір-бірімен үйлесіп орын­дарын тапқан. Шаруашылыққа қажет­ті нысандар да менмұндалайды. Мына далаға үлкен ауыл орнап, оны өз қолымен жасайтынын ойлағанда Мағжанның арқасы қозып, шабытқа қамшы басқандай болады. Ұшатын қырандай ұмсынады. Бір ерекшелігі, бұрынғы мекемедегідей емес, мұндағы жұмыста әртүрлілік басым. Қиындығы көп болса да, қызығы жігерлендірмей қоймайды. Әсіресе жас маманды сергітер сәулеткерлік жайы ой-қиялға қанат бітіреді. Техникалық құжаттарды мұқият зерделеп, бүге-шігесіне дейін талдайды. Үстел басында сағаттап тапжылмай отыруға тура келеді. Жұмыс көлемі тиянақталады. Қажетті материалдарды сұрыптайды. Бәрі математиканың заңдылығына негізделген. Тұрғын үйдің тұғырын дұрыстап құйып, керегесін қалап, шатырын жауып, кілтін иесіне тапсырғанға дейін тыным таппайсың. Мұның сыртында құрылысшыларды іске дайындау, нәтижеге жетелеу, қадағалау, түсіндіру, үйрету секілді іс-қимылдар бір-бірімен толассыз жалғасуы керек. Прораб осының бәріне жауапты.
Әртүрлі мекеме, ұйымдармен келісімшарт жасау, тапсырыс беру, құрылыс материалдарын іздестіру, оны дер кезінде әкелу, пайдаланылған материалдарды есептен шығару – қағазбен рәсімделетін күйбеңдер. Күндіз құрылыс үшін шапқылайды, кешке жарым түнге дейін алдағы шаруаларды жоспарлайды. Шағын ауылдағы адамның аздығы, жұмыс күшінің жетіспеуі – ол да проблема. Себебі диқан мен малшыны құрылыс жұмысына тарта алмайсың. Тоқтаусыз әрі тұрақты жұмыс істейтін бригадалар жасақтау қажет. Мағжан керек адамдарды сырттан іздестірді. Көпшілікті сендіру мен көндірудің жөні өте қиын.
Еңбекақыны есептеу, сапалы жұмыстарға сыйақы беріп көтермелеу әділеттілікті талап етеді. Құрылысшылар Мағжан орнатқан заңдылықты ұнатты. Тәртіпке негізделген іс-әрекеттерін түсінді. Прорабтың сөзі мен ісінде айырмашылықтың жоқтығы оған деген сенімді күшейтті. Нәтижесінде жоспардағы құрылыс нысандары бірінен кейін бірі мезгілінде тапсырылып жатты. Қаланың үлгісіндегі сырты көркем, іші жайлы үйлерге қоныстанған тасашылықтардың қуанышы қойын­дарына сыймады. Адамдардың күлкісіне куә болу да бір ғанибет! Мағжан алғысқа бөленді. Қариялардың ақ батасы оны одан әрі жігерлендірді.
Ізденгіш прораб тың жаңалықтарға жол ашты. Тұрғын үйлердің төбе­сін жабатын бетон блоктарды алыстан таситын әуреден құтқарды. Шаруашылықтың өзінде құятын мүмкіндік тапты. Алматыдағы арнаулы үй құрылысы комбинаты ғана шығаратын мұндай төбежапқышты ауылда жасау, әрине оңай емес. Себебі оған күрделі технология керек. Қауқарлы жабдықтар болуы шарт. Заманауи әдістерді меңгермесе тағы болмайды. Бұларсыз беріктігі аса жоғары блоктар жасалмайды. Бетон құятын арнайы қалып, арматура тоқитын маман құрылысшылардың орны бөлек. Осы қажеттіліктер түгенделмесе бетон жасауға рұқсат та берілмейді. Оның үстіне кеңестік қоғамда жеке бастамашылықтың жолы ауыр. Ауыл прорабы бәрін ескере отырып, керекті нәрселерді мұқият түгендеді.
Мағжан кеңшар директоры Жұмақан Соқыровпен ой біріктірді, тізе қосты. Директор да – жаңашылыдықты жаны қалайтын жан. Соның арқасында бюро­кратиялық тосқауылдарды бұзды. Алға тартқан аргументтері өздері жасайтын төбежапқыштың Алматыдан жеткізілетін дайын өнімнен арзанға түсетіндігі еді. Біріншіден, жол тасымалы шығыны қысқарады. Екіншіден, кейде дайын өнімдер болмай қалып, ауылдың тапсырысы комбинат тарапынан кешігіп жататын. Одан біржолата құтылады. Жазы тез аяқталатын, қысы ерте түсетін, жауын-шашынды Тасашы өңірінде мұндай бастама өте тиімді. «Ыстық мекен» деген кітапты оқысаңыздар, онда шаруашылықтың бас мамандарының бірі болған Шыңғысбай Тұрсынов кеңшар директоры туралы айта келіп, Мағжанға тоқталады. Әріптестер көзімен баға береді. «Күрделі болып саналатын мердігерлік әдіспен құрылыс жүргізген жоғары деңгейдегі сауатты әрі еңбекқор прораб Мағжан Жабаевтың іс-әрекеттері басшылық тарапынан ерекше бағаланатын», – дейді ол. Бұл сөйлемнің астарында сүйіспеншілікке толы сырлар жатқанын аңғару қиын емес.
Мен сол кездегі редакциялық іс­сапарда жүргенде Мағжан досыма жолыққаным бар. Ол өзінің ауылға әкелген жаңалығы ретінде төбеге пайда­ланатын жергілікті бетон өнімдер туралы тебірене айтты. Жұмыс үдерістерін көрсетті. Алматымен салыстырып қарап, риза болдық. Сыртқы көрінісі жағынан да, сапасы жағынан қала комбина­тынан шыққан блоктардан кем емес. Өнімді мақұлдаған зертханалардың рұқсат қағаздарын алдымызға қойды. Шалғай шараушылықтағы қарапайым құрылыс инженерінің мұндай ерен іске тайынбай барғанына таңдандық та қуандық. Мектепте оқып жүргенде көп сөйлемейтін, оның есесіне тыным тап­пай, сабақ оқитын, ерінбей жұмыс істейтін Мағжанның тағы бір тапқыр­лығы мен мықтылығына куә болдық.
Тасашы жайлы жазылған деректерді сараладым. Ауылда екі орта және бір бастауыш мектеп бар екен. Сәулетті Мәдениет үйі, ауыл клубы да елдімекен­нің сәнін кіргізген. Медициналық пункті жұмыс істеп тұр. Пошта бөлімшесі де талапқа сай. Мал емдеу қосындары да осылардың қатарында. Бұл тізімді тұрғын үйлермен, басқа да көрнекі нысандар­мен әрі қарай толықтыруға болады. Бәрінде Мағжанның қолтаңбасы бар. Тасашылықтар үшін Мағжан әрдайым құрметті. Дүниеде елі қадірлегеннен асқан марапат болмайтын шығар деп толғандық сонда. Жаңа шарушылықты бірге құрып, жоқтан бар жасауға үлес қосқан жетекші мамандар – Тұрсынбай Шыңғысов, Кеңесбай Заманбеков, Жеңіс Әуесханов, Рамазан Мырзағалиев, Сабыр Досымбеков, Дәмебай Жәутікбаев, Карл Оңғаров, Төлғожа Мұқановтар – сол шақтағы Мағжанның «майдандастары».
Шаруашылық әлемі қашанда қар­балас. Науқан жүріп жатқанда демалуға мұрша жоқ. Ауылдағы құрылыс саласы да сондай. Біреуін бітірсе, екіншісінің төбесі қылтияды. Қоныстойлары молайған сайын шаршауды ұмытасың. Бас мердігерлермен және қосалқы мердігерлермен жасалынаған келісім­шарттардың толық іске асуы бас маманның талапшылдығына, жанашыр­лығына байланысты. Мағжан бұл жағынан қамшы салдырмайды. Егер алдын ала жасалған құжаттар тәртіп пен талапқа сай болса, кез келген сүзгіден ойдағыдай өтіп, кедергісіз бекітіледі. Соның арқасында алдағы жұмыстарға жол ашылады. Банктердің қаржы бөлуі жылдамдайды. Егер ақша бөлінбесе, құжат дайындауда қателік жіберілсе, соның салдарынан құрылыс жұмысы шабандайды немесе тоқтайды. Аудандық, облыстық құзырлы мекемелермен бірлесіп шешілетін маңызды шаруаларға кеңшар директоры бас прорабымен бірге баратыны сондықтан еді.
Мағжанның дәлелдері қашанда тастай. Сауатты пікірлерімен маман­дарды тәнті етеді. Ешкім уәж айта алмайтын. Сызбаларды жайып тастап, жоғары басшылардың көздерін жеткіз­генде, жоспарға бірден қол қойылады. Бұл туралы әріптестері ризашылықпен сөз қозғайды. Кеңшар директоры Жұмақан Соқыровтың: «Мағжан барса, міндетті түрде жолымыз болады», – деген сөзінде Тасашының тасын өрге домалатқан прорабқа деген ақ, адал сүйіспеншіліктің жатқанын айнытпай танисыз. Бірде сапармен туған жері Шалкөдеге бардық. Ауылдың жастары өздері өнеге ететін Мағжанды жан-жағынан қаумалап, аман-есендігін сұрап, қауқылдасып жатты.
– Сізді әрқашан мақтан тұтамыз! Баршаға үлгі етеміз. Бәрімізді алға бастайтын көшбасшы болып көрінесіз, – дейді інілері. Бұл сөзге Мағжан соншалық елпілдеген жоқ. Сабырлы қалпынан танбаған күйі жауап қайтарды.
– Ілтипаттарыңа рахмет, бауырлар! Ауылдан шыққан көшбасшыларды айтқыларың келсе, олар – Аужан мен Қаден ағаларың емес пе?! Болсаңдар, сол кісілердей болыңдар, – деп мейірлене жымиды. Сол сәтте оның тектілігі өзім ерекше қадірлейтін атақты жазушы Баққожа Мұқайға ұқсап кеткенін байқадым. Мен бекер ұқсатпаппын. Қазақтың біртуар қаламгері Мағжанның туған бөлесі екен. Ал Аужан Сақабеков – ағасы. Қаден Бопаев – ауылдасы. Екі метематик те – өз саласының ғылым докторлары, академиктер.
Осы орайда Шалкөдені математиктер мекені атандырған әкеміз еске түседі. Ол кісі – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, ғасырдан астам ғұмыр кешкен, ұстаздардың ұстазына айналған Байтұма Тұраров. Мағжан осындай адамнан білім алғанына, осындай үлкен ортадан түлеп ұшқанына шүкіршілік етеді. Зиялы жандардан ауысқан ұлағаттың шапағаты енді ұрпақтарына дарыса екен деп тілейді. Жан жары Бақыткүл де – отбасының алтын діңгегі. Талантты шәкірттер тәрбиелеп, қырандарды қияға ұшырған ұстаз. Қарашаңырақтың, ата салтымыздың ұйытқысы. Олардың әрбір атқан таңды жадырап қарсы алатыны сондықтан.

Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі