Балалық шақтағы кейбір сәттер әлі күнге көз алдымда. Бірімқұл аға Орта Меркіде ағаш кесу цехын ұстайтын. Бір күні Төлеген екеуміз екі кештің арасында «қонақ» болып бара қалдық. «Әке-шешелеріңе айттыңдар ма?» – деген сұраққа басымызды изеп жауап бердік. Таңертең Төлегеннің атасы Әбеубек ақсақал құла атпен келіп, екеумізді қара есекке мінгестіріп алып кетті. Сөйтсек, бізді үлкендер іздеп, біраз әбігерге түскен екен. Балалықтың сол бір қызықты сәті бүгін де көңілде. Бүгін сол Бірімқұл аға туралы жазуды жөн көрдім.
1935 жылы 20 тамызда Тоғызбұлақ ауылында дүниеге келген Бірімқұл Жусанбекұлының балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Ер жетіп, ес білген жылдары әртүрлі жұмысқа араласты. Буыны бекімеген жас бала әскер қатарына кеткенге дейін шаруашылықтың қай саласында да ауыр жұмыстарды атқарды. Соғыстан кейін де жұмысшы күші жетіспей, елдегі бар ауыртпалық жас буынның иығына түсті. 1953-1956 жылдары Кеңес одағы әскері қатарында Сахалин аралдарының дәм-тұзы бұйырды. Әскерден туған елге оралған соң көп күтпей, 1956 жылдың көктемінде «ХТЗ-35», «С-80» техникасының рөліне отырды. Тоғызбұлақ ұжымдық шаруашылығында 1963 жылға дейін трактор жүргізіп, дала жұмысының қыр-сырын меңгерді. Сол тракторды тізгіндей жүріп, 1962 жылдан Шет Меркіде комбинаттың ағаш кесу цехына ауысты.
1964 жылы жаңадан шаңырақ көтерген соң Жайдақбұлақ бөлімшесіне көшіп келіп, Орта Меркіде ағаш цехын қайта қолға алды. Бұған дейін жинаған тәжірибесін осында жұмсап, ауыл құрылысына да араласты. Жайдақбұлақтың іргетасын қалаған азаматтардың қатарында жүріп, жаңа қоныстың бой көтеруіне көп күш жұмсады. Осында салынған әрбір құрылыс нысанында Бірімқұл ағаның қолтаңбасы сайрап тұр. Ауданнан Орта Меркідегі қарағайдан құрылысқа қажетті ағаш кесуге рұқсат алынды. Алыстан арбаламай, қажетті ағашты жақыннан дайындау қаншама шығынды азайтты. Сөйтіп, Орта Меркіде қарағай тілетін орын ашылды. Бірімқұл аға бұл істі де ұршықша иірді.
1976 жылы ұжымның басқарма төрағасы Кәкен Есмолдаев Екіаша жайлауынан Жасыбай көліне дейін жол салуды қолға алды. Сол кездегі «Е-100» тракторымен жол салу жұмысы Бірімқұл Жусанбеков пен Досан Заманбековке жүктелді. Жол Беріқашадан өте бере қиындыққа тірелді. Судан өткеннен кейін алдынан жартас шықты. Оны бұзып өту оңай болмады. Тығырыққа тірелген тұста ұжым басшысы Кәкен Есмолдаев та келді. Сол кезде Кәкен ағамыздың құрдасы Көшербай ақсақал:
«Осы жерден өтсеңдер, мұрнымды кесіп беремін», – деп айтыпты. Жартасты төменнен алу тым ауыр еді. Адамнан айла артылған ба? Сонда трактор жүргізушілері тік жотаны асып түсіп, өр жағынан келіп жартасты бұзған. Көшербай атамыз да айтқан сөзінің жөнін тауып, жол жасаушыларды қойын сойып күткен екен.
1977 жылы ауылдастары Бірімқұл Жусанбековті Жайдақбұлақ бөлімшесіне өндірістік бригадир етіп сайлады. Бұл – шаруашылықтың қызған шағы еді. Жылдың әр мезгілі өз науқанымен келіп, әр істің өз жауапкершілігі болатын. Ол бөлімшенің әр жұмыс саласына араласып, осындай тынымсыз тірліктің бел ортасында жүрді. Арада жылдар өтіп, 1995 жылы зейнет демалысына шықты. Төккен тері мен атқарған қызметі ескерусіз қалған жоқ. Шаруашылық, аудан, облыс көлемінде мерекелік Мақтау қағаздары мен Алғыс хаттарға ие болды. Еңбек ардагері атанды. Зайыбы Шақан Қисыққызы екеуі Жайдақбұлақтың тұрғылықты тұрғынына айналып, ауылдың қадірлі ақсақалы мен ақ жаулықты анасы болды. Алты ұл, екі қыз тәрбиелеген өнегелі отбасы бүгінде ұлын ұяға, қызын құтты орнына қондырып, немере өсіріп, шөбере сүйіп отырған жайы бар. Бірімқұл аға мен Шақан апаның тағдыры Жайдақбұлақпен біте қайнасып жатыр. Осында өсті, осында еңбек етті, бала-шағасын тәрбиеледі. Туған жерге туын тіккен азаматтың ғұмыры осылайша өзі өмір сүрген ортаның тарихымен астасып кеткен.
Бірімқұл Жусанбековтің есімі Жалағаш ауылындағы тыл ардагерлері аллеясында тасқа қашалып жазылған. Бұл – оның ел алдындағы еңбегінің бір белгісі. Бірімқұл ағаның үйінде «қонақ» болған оқиға еске түскенде, сол кездегі ауылдың кешегі тіршілігі, елдің еңбекпен өткен күні көз алдыңа келеді. Бірімқұл ағаның ғұмыры да өшпес өнегемен өрілген.
Советбек Дүйсенбаев
Жайдақбұлақ ауылы,
Кеген ауданы