Перейти к содержимому

Инвестиция игілігі

22 қаралым

Іле ауданы Байсерке ауылдық округінде жаңа нысан іске қосылды. Сауда үйі мен спорт кешенін қамтыған жобаны жүзеге асыруға 1 миллиард 200 миллион теңге инвестиция тартылған.

Шараның ашылу рәсіміне Іле ауданы әкімінің орынбасары Мұхамедғаріп Құрманғалиев қатысып, жаңа сауда үйінің тұрғындарға сапалы өнім ұсынып, тиімді қызмет көр­сетуіне тілектестігін білдіріп, кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.
«Қазіргі таңда мемлекет тара­пынан кәсіпкерлік саласына ерекше ден қойылып, бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасалып келеді. Экономикалық өсімнің басты көрсеткіштерінің бірі – инвестиция көлемі мен жүзеге асырылып жатқан жобалардың ауқымы. Соңғы жылдары аудан аумағында өнеркәсіп, құрылыс материалдары өндірісі, көлік-логистика және қызмет көрсету салаларында ондаған жоба қолға алынды. Мұндай бастамалар ауданның өндірістік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, жергілікті тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына, шағын және орта бизнестің дамуына, бюджет кірісінің ұлғаюына және жалпы әлеуметтік жағдайдың жақсаруына ықпал етуде. Әрбір жаңа нысан – мол мүмкіндік бастауы. Ашылып отырған сауда үйінің тұрғындарға сапалы өнім ұсынып, тиімді қызмет көрсетуіне тілектеспін! Бұл бастамалар экономиканың тұрақты өсіміне, инвестиция көлемінің артуына, өндіріс әлеуетінің нығаюына және халықтың әл-ауқатының жақсаруына берік негіз қалайды. Жүзеге асырылып жатқан жобалар – Іле ауданының ертеңгі дамуына салынған сенімді инвестиция, ал ауданның қарқынды дамуы – облыс экономикасының өркендеуіне қосылған маңызды үлес», – деді ізгі тілегін жеткізген Мұхамедғаріп Ниязұлы.
Жаңа сауда үйінде Small Food дүкені жұмыс істейді. Байсерке ауылдық округі мен оған іргелес елдімекен тұрғындарына қажетті тауарларды қолжетімді әрі қолайлы жағдайда сатып алуға мүмкіндік береді. Сонымен қоса мұнда спорт кешені мен қызмет көрсету орындары да бар.
Жеке кәсіпкердің жаңа бастамасына Байсерке ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қамит Ерсұлтанұлы батасын беріп, берекелі болуын тіледі. Аталған нысан алдағы уақытта өңір экономикасының әлеуетін арттырып, сауда бәсекелестіктігін дамытуға және баға тұрақтылығын сақтауға септігін тигізетін болады.

Ерзат АСЫЛ

Іле ауданы