Перейти к содержимому

Сапалы өнім – молшылық негізі

14 қаралым

Ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің қажыр-қайрат, көмегінсіз сұранысқа ие әрі табиғи таза өнім өндіру мүмкін емес. Оның үстіне бүкіл әлем қазір экологиялық таза азық-түлік тұтынуға бет бұрды. Бұл тұрғыда аграрлық өңір ретінде  Талғар ауданында айтарлықтай әлеует бар. Мұнда мал шаруашылығы, егіншіліктен бастап, ауыл шаруашылығының барлық саласы жақсы дамыған. Ал күз – аграршылар үшін жыл бойғы тынымсыз еңбектің қоры­тындысын шығарып, алдағы жоба жоспарларды айқындайтын кез.

Жыл қорытындысын сөз етер болсақ, алдымен оның өте өнімді болғанын атап өткім келеді. Ауданның агроөнеркәсіп саласында 1,6 мың ауыл шаруашылығы құрылымы тіркелген. Оларда 11 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Бұйыртса, 2026 жылдың соңына қарай жоспарланған өндіріс көлемі 6,7 млрд теңгеге ұлғайып, 69,2 млрд теңгеге жетеді. Қазірге дейін өндірістің нақты көлемі 104,8%-ды құрады. Көктемгі дала жұмыстарының жоспарына сәйкес, 12942 гектар жер ылғалданып, 7863 гектар жер жыртылды, 14563 гектар жер егіс алдындағы топырақпен өңделіп, жоспар 100% орындалды. Аудан бойынша барлығы 20805 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары себілді. Содан 9710 гектар жерге дәнді дақылдар, 2550 гектар майлы дақылдар, 101,1 гектар бау-бақша дақылдары, 6838,2 гектар жем-шөп дақылдары, 689,3 гектар картоп және 916,4 гектар көкөніс себілді. Сонымен қатар 50 гектар жерге жеміс-жидек дақылдары отырғызылды.
Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы дақылдарына күтім жасалып жатыр, суару маусымы аяқталды. Бірақ ирригациялық жүйелердің жұмысы тұрақты бақылауда болады, ал суару қажет ауыл шаруашылығы дақылдары негізгі және аралық арналар бойынша сумен үздіксіз қамтамасыз етіледі. 4238 гектар жерде көпжылдық шөптерді шабудың кезекті кезеңі аяқталды, гектарынан орташа 50 центнер өнім алынды, жалпы 42 190 тонна шөп дайындалды.
Бүгінгі таңда 1729 гектар күздік алқаптарды жинау науқаны толық аяқталды. Нәтижесінде орташа түсім гектарынан 19,2 центнерді құрап, 3320 тонна өнім жиналды. Сатып алуға жоспарланған жаңа техниканың 76 бірлігінен бүгінгі күні 1 миллиард 443 миллион теңге сомасына 33 бірлік техника, оның ішінде 957 миллион теңге сомасына лизингке 21 бірлік техника сатып алынды. Күзгі дала жұмыстарына арзандатылған бағамен дизель отынын жеткізетін операторларды іздестіру жұмыстары жүргізілді. Олар бекітілгеннен кейін белгіленген тәртіппен тиісті өтінім берілетін болады. Қажеттілікке сәйкес 6100 шалғы сатып алынды, олар 100% толық пайдаланылды.
Қаржы жағына келсек, «Кеңдала» бағдарламасы аясында 721 миллион теңге бөлінді. Бір жоба Қонаев ӘКК, «Акд Инвест» ЖШҚ арқылы 205,7 миллион теңге сомасына қаржыландырылды, 25,4 миллион теңге болатын екінші жоба  қаралу үстінде. Ауданның үш фермасы – «Амиран», «Байсерке Агро» және  «Алматы» – «Игілік» бағдарламасы аясында, ал бір фермасы   Аграрлық-несие корпорациясы арқылы «Береке» бағдарламасы аясында 3000 бас ұсақ мал сатып алу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын қолданудың маңызы зор. Ол тек жоғары өнім алып қана қоймай, сонымен бірге қаржыны тиімді пайдалануға, өнімнің өзіндік құнын төмендету арқылы ақырғы есепте азық-түлік өнімдері бағасының арзан болуына әсер ететін ерекше фактор.
Бүгінгі күні суармалы жерлердің 12188 гектары немесе 63%-ы су үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы суарылады. Биыл 4814 гектар жерде су үнемдеу технологияларын енгізу мақұлданды, содан бүгінгі таңда 3897 гектарға  енгізілді. 2023–2025 жылдарға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру аясында «Қонаев» ӘКК-ге жалпы сомасы 1557,6 млн теңгені құрайтын 165 жоба берілді. Соның ішінде 65 жоба 617,7 млн теңгеге қаржыландырылды, 50 жоба бойынша шаруашылықтар өз еркімен несиелерден бас тартты және 50 жоба  биылғы жылдың лимитіне енгізілді. «Ауылдық депозит» бағдарламасы шеңберінде микрокредит беру мен лизингтің басым бағыттары айқындалды, сондай-ақ әрбір ауыл үшін скрининг нәтижелері негізінде талдамалық ақпарат әзірленді. Бұл ақпарат өңірлік экономика және бюджеттік жоспарлау департаментімен келісілді.
Бүгінгі таңда 10 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылды оның ішінде  жылыжай кешені мен  балық өсіру шаруашылығы бар. Биылға бекітілген 114,6 млн теңге сомасына қаржыландыру лимиті шеңберінде 4 жоба, оның ішінде    «Алинур А.А» – ет өңдеу, «Агро Соф» – ет өңдеу, «Ақырыс» – сүт өңдеу бағытындағы үш  АӨК бар. 
Мал шаруашылығының серпіні де жақсы.  Биыл өткен жылға қарағанда 6,0 мың тонна ет артық өндіріліп, өткізу деңгейі 110,4%-ды құрады. Ал сүт өндіру 100,4% болды. 17,5 млн жұмыртқа өндіріліп, ол дерлік 1,5 млн данаға артты. Тек жүн өндіру көлемі қазірге дейін 74,0%-ды құрап тұр.
Барлық санаттағы шаруашылықтарда 31,9 мың бас ірі қара мал, 111,7 мың бас қой мен ешкі, 15,6 мың бас жылқы, 498 бас шошқа, 346 бас түйе, 283,5 мың бас үй құсы тіркелген. Мал мен құс басын көбейту үшін «Алель Агро» АҚ Венгриядан 470,8 млн теңгеге «Арбор Акрес» тұқымды 98,6 мың бас тәуліктік балапан сатып алды. «Алматы» кооперативі Ресейден, Германиядан және Қазақстаннан 778 бас голштиндік қашар әкелді.  Биылғы жылдың қаңтар-маусымында ауыл шаруашылығына тартылған инвестициялар көлемі 5 млрд 822 млн теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым артық. Жалпы құны 19 миллиард 964 миллион теңге болатын үш жаңа жоба –  «Баймене» ЖШҚ – жылдық өнімділігі 2000 тонна болатын джем мен варенье өндіретін цех құрылысы, «Алатау Грин Продажс» ЖШҚ – ауданы 8 гектар жылыжай кешені және «Лукоморье» ЖШҚ – 24 гектар алқапта сәндік және орман ағаштарының 40 тұрлы сұрыбын өсіретін питомник іске асырылып жатыр. 
Ауданда балық аулаумен айналысатын 20 кәсіпорын тіркелген, оның ішінде 2 кәсіпорын – «БРИГМ-М» ЖШҚ және Е. Әліманов 304,2 тонна балық өндірді, өнімнің құны 665,3 млн теңгені құрады. Ауданда  «Алматыоблсушар» өнеркәсіптік аймағының аумағында 5 су қоймасы орналасқан, олар 3 заңды тұлғаға ұзақ мерзімге жалға берілген. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында балық шаруашылығын дамыту бойынша екі жоба – «Ханай Саяжай» ауыл шаруашылығы кешені құрылып, «Қазына Нұра» ауыл шаруашылығы кешенін құру жұмыстары қаржыландырылып, іске асырылуда.   
Қазіргі кезде ауданда жалпы аумағы 7,1 га болатын 13 жылыжай жұмыс істейді, оларда 686 тонна өнім өндірілді. Жалпы сыйымдылығы 18500 тонна болатын 7 көкөніс, жеміс, картоп қоймалары бар. Бүгінгі таңда Жалғамыс ауылында «Fresh Storage Center» ЖШС 5000 тонналық көкөніс қоймасының құрылысы аяқталып, 5 адам жұмыспен қамтылды. 2025-2027 жылдары ауыл шаруашылығы саласында жалпы сомасы 21,3 млрд теңгеге 8 инвестициялық жоба іске асырылатын болады.
Ауданда ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші табысты ком­паниялардың бірі – «Байсерке агро» көпсалалы агрохолдингі. Оның негізгі бағыттары – асыл тұқымды мүйізді ірі қара, өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы дақылдарын, таза қанды жылқы өсіру және өнімді қайта өңдеуді дамыту. Жоғары және сапалы өнім алу үшін компания «Егіншілік және өсімдік шаруашылығы», «Жеміс-көкөніс шаруашылығы», «Өсімдіктерді қорғау және карантин» сияқты ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз жұмыс істейді. Осылай елімізде ғылымды дамытуға да орасан үлес қосып келеді. Холдинг базасында жем-шөпке зоотехникалық талдау, жануарлар ауруларына алғашқы диагноз қою, патоморфологиялық талдаулар алу және ресімдеу жүргізілетін ғылыми-өндірістік оқу орталығы бар. 2016 жылы агрохолдинг 300 басқа арналған таза қанды жылқы зауытын іске қосты. Қазір мұнда  220 бас жылқы, шетелден әкелінген өндіруші айғырлар бар. Зауыт жылқылары  республикалық және әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысып, бас жүлдегер атанды. Сондай-ақ «Алматы» асыл тұқымды мал зауыты АШӨК, «Амиран» ЖШС, «Мадьяр» ШҚ сияқты шаруашылықтарды да атап өткім келеді. Олардың қызметі ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне айтарлықтай әсер етеді. Бұл шаруашылықтар меценаттық қызмет те  атқарады.
Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін 35 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде қуаттылығы жылына 1351 тонна болатын 10 наубайхана,   3826 тонна сүт өндіретін 5 цех және 1 зауыт, 1802 тонна құрама жем өндіретін 2 цех, 3353 тонна ет өңдейтін 5 цех,   770 тонна өнім өндіретін 3 кондитерлік цех, қуаттылығы 3000 тонна болатын 4 көкөніс және жеміс өңдеу цехы,  800 тонна өнім өндіретін 2 чипс дайындау цехы,  2117 тонна   шарап шығаратын 1 зауыт, 4203 тонна сусын дайындайтын 2 цех бар. Олардың бәрі барынша сапалы өнім шығарып, аудан халқын азық-түлік өнімдерімен жеткілікті қамтамасыз етуге өзіндік үлес қосып отыр. Келешекте өнім көлемі артып, сапа деңгейі қазіргіден де жақсара түсуі тиіс.
Болашақта қазіргі көрсеткіштерді сақтап қана қоймай, өндіріс көлемін, егістік алқабын және мал мен құс басын арттырғымыз келеді. Жыл сайын жүгері, көкөніс, майлы дақылдар сияқты неғұрлым рентабельді дақылдар алаңы ұлғаюда. Суару жүйесін жөндеу және қайта жаңарту есебінен суармалы алқап алаңы да ұлғайтылатын болады. Өйткені жаңа кешендерді құру және кеңейту – ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда дәнді дақылдар үшін нөлдік технологияны енгізу өнім сапасын жақсартуға және өнімділікті арттыруға ықпал етеді. Суармалы су тапшылығына байланысты қазірге қосымша тағы 1000 гектарға тамшылатып суару технологиясын енгізу жоспарланып отыр. Асыл тұқымды бұқалар мен қошқарларды сатып алу есебінен тұқымдық түрлендіру үдерісін жақсарту қажет. Өндірісті ұлғайту және өнім сапасын жақсарту есебінен ауданның ауыл шаруашылығына инвестициялар тарту көлемін ұлғай­туымыз керек. Егер осы жоба-жоспарларды мерзімінде нақты жүзеге асырсақ, саладағы еңбек өнімділігі 2,5 есе артады. Бұл дегеніңіз – ауыл халқының, жалпы аудан тұрғындарының табысы да артып, әлеуметтік-тұрмыс жағдайы жақсара түседі деген сөз.

Алдияр ӘБДІРЕШБАЕВ,
Талғар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы

↑