Перейти к содержимому

ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАҒАН ҰСТАЗ

52 қаралым

Тоғызбаев Серікбек Асқарбекұлы – дәстүрлі қолөнерді дәріптеп, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіріп жүрген шығармашыл ұстаз.
Ұлттық өнер – ұлттың болмысын айқындайтын, тарихы мен тағылымын танытатын баға жетпес рухани мұра. Ғасырлар қойнауынан жеткен қолөнер дәстүрі халқымыздың дүниетанымын, эстетикалық талғамын, өмір салты мен мәдениетін айшықтайды. Осындай асыл мұраны көздің қарашығындай сақтап, кейінгі буынға жеткізу – үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Бұл бағытта ұстаздардың атқарып жүрген еңбегі айрықша. Солардың қатарында ұлттық өнерді насихаттап, шәкірттерін шығармашылық ізденіске баулып жүрген Тоғызбаев Серікбек Асқарбекұлы бар.
Көркем еңбек пәнін оқытуда ұстаз ұлттық нақыш пен заманауи шығармашылық бағыттарды өзара сабақтастыруға ерекше мән береді. Оның шығармашылық жұмыстарының негізгі арқауы – сәндік-қолданбалы өнер, ұлттық ою-өрнектер және түрлі материалдардан жасалатын көркем бұйымдар. Ағаш пен фанера бетіне көркем сурет салу, ұлттық өрнектерді гуашь бояуымен безендіру, түрлі материалдарды үйлестіре отырып сәндік бұйымдар әзірлеу – ұстаздың шығармашылық ізденісінің бір бөлігі.
Әрбір туындыда ұлттық нақыштың айқын көрінісі мен көркемдік үйлесім байқалады. Қарапайым материалдың өзін шығармашылықпен өңдеп, одан ерекше бұйым жасау – шеберлікті, талғамды және ізденісті қажет етеді. Серікбек Асқарбекұлының жұмыстарынан осы қасиеттердің өзара үйлесімін көруге болады. Ол ұлттық ою-өрнектерді тек сәндік элемент ретінде ғана емес, халқымыздың тарихы мен мәдениетін танытатын маңызды құндылық ретінде қарастырады.


Ұстаздық қызметінің басты ерекшелігі – шәкірттеріне дайын үлгіні қайталатумен шектелмей, олардың өзіндік ойлау қабілетін, шығармашылық көзқарасын дамытуға басымдық беруі. Тәжірибелік сабақтар барысында оқушылар әртүрлі материалдармен жұмыс істеуді, композиция құруды, түстерді үйлестіруді, көркем безендіру тәсілдерін меңгереді. Сонымен қатар өз идеяларын жүзеге асырып, қиялын шығармашылық жұмыстар арқылы жеткізуге дағдыланады.
Мұндай сабақтардың тәрбиелік мәні де зор. Қолөнермен айналысу оқушыны шыдамдылыққа, ұқыптылыққа, еңбекқорлыққа және бастаған ісін соңына дейін жеткізуге үйретеді. Әрбір бұйымды жасау барысында бала еңбектің қадірін түсініп, өз қолымен жасаған дүниесіне жауапкершілікпен қарауды үйренеді. Ең бастысы, ұлттық өнер арқылы туған халқына, оның мәдениеті мен дәстүріне деген құрметі қалыптасады.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық ерекшелікті сақтау, төл мәдениетімізді заманауи бағытта дамыту – маңызды міндеттердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, көркем еңбек пәнінің мүмкіндігі мол. Өйткені бұл пән оқушының тек практикалық дағдысын қалыптастырып қана қоймай, оның эстетикалық талғамын жетілдіріп, ұлттық дүниетанымын кеңейтеді. Ал осы үдерістің нәтижелі болуы, ең алдымен, ұстаздың кәсіби шеберлігі мен шығармашылық ізденісіне байланысты.
Серікбек Асқарбекұлының еңбегіндегі басты ұстанымы – ұлттық мұраны бүгінгі ұрпақтың танымына жақындата отырып, оның өміршеңдігін қамтамасыз ету.

Толқын ОДАШҚЫЗЫ
Алатау қаласы

↑